Мәдениет

Мемлекеттік тіл — менің тілім!

22 қыркүйек — Қазақстан халықтарының тілдері күні. Осыдан 20 жыл бұрын қабылданған «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңда мемлекеттік мәртебе берілген ана тіліміздің қолданылу аясын кеңейту мақсатында облысымызда жыл сайын «Мемлекеттік тіл — ұлт тірегі» атты облыстық фестиваль өткізіледі. Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияда өткізілген тіл мерекесі күнгі салтанатты кеште мемлекеттік тіл саясатын жүргізуге белсене қатысқан түрлі сала мамандары облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұсынуы бойынша облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатованың Алғыс хатымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Аталған басқарманың бастығы Ғалымжан Төреханов жиналғандарды Қазақстан халықтарының тілдері күнімен құттықтап, С.Нұрқатованың қолы қойылған Алғыс хаттарды табыстады. Марапатқа ие болғандар арасында облыстық, аудандық деңгейдегі мемлекеттік мекемелер өкілдері, білім саласы мамандары, қоғамдық бірлестіктер, БАҚ өкілдері, т.б. бар. «Ақтөбе» газетінің бөлім меңгерушісі Мейрамгүл Сатаева, «Актюбинский вестник» газетінің тілшісі Мария Омарова мен «РИКА» телекомпаниясының редакторы Серік Әбдібектер «Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары» номинациясы бойынша үздік шықты.

Осы күні облыс аумағында тұратын 18-30 жас аралығындағы өзге ұлт өкілдері арасында «Мемлекеттік тіл — менің тілім» атты байқау өтті. Оған қалалық, аудандық байқаулардың жеңімпаздары, орыс, татар, башқұрт, беларусь, украин, т.б. ұлттар өкілдерінен барлығы 12 адам қатысты.

Үміткерлер өздерін таныстырғаннан кейін ұлттық салт-дәстүрлерді білу деңгейін көрсетуге тырысты. Қазақ халқының әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлеріне байланысты сұрақтарға мүмкіндігі жеткенше жауап беріп, мақал-мәтелдер айтып жарысты. Мемлекеттік тілде құжат дайындау шеберлігін анықтайтын бөлімде қатысушылар іс қағаздарын орыс тілінен қазақ тіліне аударуға бар күштерін салды. Қазылар алқасы қатысушылардың тілді мүмкіндгінше еркін меңгергендігіне, тіл байлығына, тіл мәдениетіне, дауыс мәнеріне, сахнада өзін өзі ұстау мәдениетіне, киім кию үлгілеріне баса мән берді. Нәтижесінде Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетінің І-курс студенті Элвира Набатова жүлделі бірінші орынға ие болды. Ақтөбе гуманитарлық колледжінің студенті Диана Катана ІІ-ші, «Шатлык» татар-башқұрт этно-мәдени бірлестігінің мүшесі Руфина Фахрутдинова ІІІ-ші орындардан көрінді. «Рауан» көпсалалы колледжінің білім алушысы Светлана Васильева мен Қобда ауданы Сарбұлақ мектебінің 11-сынып оқушысы Антонина Сайкоға ынталандыру сыйлықтары берілді. Жеңімпаздардың барлығы дипломдар мен бағалы сыйлықтарға ие болды.

М.ТАБЫН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button