Басты жаңалықтарДенсаулық

Aktobe medical center — жыл үздігі

Жаңақоныс ауылы аумағында орналасқан шаруашылық жүргізуге құқығы бар «Ақтөбе медициналық орталығы» (Aktobe medical center) мемлекеттік қазыналық кәсіпорны2014 жылы «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік жобасы аясында салынған облыстық аурухана ізінде жұмыс істейді.

Биыл Ақтөбе медицина орталығы мерейлі 10 жылдығын атап өтеді. Осы уақыт ішінде аурухана бірнеше мәрте қайта құрылып, қазіргі таңда өңір тұрғындарына шұғыл және жоспарлы түрде мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсететін көпсалалы стационарға айналып отыр.

2023 жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе медициналық орталығы денсаулық сақтау саласындағы халықаралық және ұлттық стандарттарға сәйкес медициналық қызметтің сапасын басқарудың тиімді жүйесін құрудағықызметі үшін «Жыл үздігі» атанды. Осы ретте біз Ақтөбе медицина орталығының мүмкіндіктері туралы бас дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, хирург Ерлан Сұлтангереевпен әңгімелескен едік…

Ақтөбе медициналық орталығы құрылғаннан бергі 10 жыл ішінде облыс тұрғындарының денсаулығын сақтауға зор үлес қосып келеді. Ерлан Сұлтангереевтің айтуынша, көпбейінді стационар қаламыздағы өзге медициналық мекемелерде баламасы жоқ қан тамыр хирургиясы, эндокринология, урология, оториноларингология, нефрология, гастроэнтерология, ревматология, аллергология, пульмонология, акушерлік секілді бейіндер бойынша 7/24 режимінде шұғыл және жоспарлы түрде медициналық көмек көрсетеді.

Ақтөбе медициналық орталығының құрамында перинаталдық көмекті аймақтандырудың үшінші деңгейдегі перзентханасы, рентгенэндоваскулярлық зерттеу бөлімшесі, үшінші деңгейдегі инсульт бөлімшесі, 10 операция залыбар.

Орталықтың қабылдау бөлімі халықаралық стандарттарға сай триаж жүйесі бойынша жұмыс істейді. Триаж жүйесінде науқастар жағдайына қарай қызыл, жасыл, сары деңгейлерге бөлінеді. Қиыны — қызыл деңгей.

— Былтыр біздің орталықта көпбейінді стационарда барлығы 22 мыңға жуық науқас емделіп шықты. Ауылдан келген науқас саны — 6519, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 17 пайызға көп. Жағдайы ауыр науқастар медициналық авиация арқылы жеткізіліп, ауданнан жоспарлы түрде жіберіліп, біздің аурухананың бөлімшелерінде ем қабылдайды.Қолданыстағы стандарттарға сәйкес біз аудандардағы медициналық ұйымдармен толық ынтымақтастықта жұмыс істейміз: кеңес беріп, әдістемелік көмек көрсетеміз, қажет болған жағдайда біздің мамандар аудандарға барады, жағдайы ауыр науқастар күрделілігі жоғары операциялар үшін біздің орталыққа емделуге жіберіледі, — дейді Ерлан Сұлтангереев.

Бас дәрігердің айтуынша, орталықтың сыйымдылығы — 400 орындық, оның 162-сі — хирургия, 86-сы — акушерлік-гинекология, 152-сі терапевтік бөлімге тиесілі.

— Біздің орталықта перзентхана бөлімі, сондай-ақ нейроинтервенциялық араласулар қолжетімді инсульт бөлімі және интервенциялық кардиология бөлімі жұмыс істейді. Барлық бөлім соңғы технологияларға сай медициналық құрал-жабдықтармен 97 пайыз қамтамасыз етілген. Радиологиялық диагностикаға, функционалдық және зертханалық зерттеулерге арналған заманауи жабдықтар бар. Мәселен, аритмия, миокард инфаркті, инсультті емдеуге, бүйрек трансплантациясын жасауға арналған жоғары технологиялық қызметтер мен күрделілігі жоғары санаттағы операциялар 2 ангиограф, компьютерлік томография, 3D бейнеэндоскопиялық жабдықтардың көмегімен жүзеге асырылады.Бүгінгі таңда облыс тұрғындарына аритмология, тамыр хирургиясы, трансплантология, травматология және ортопедия салаларындағы жоғары технологиялық операциялар қолжетімді. Мәселен,2014 жылдан бері 80-нен астам адамға трансплантологиялық әдіспен өзгенің бүйрегі мен бауыры салынды. Өткен жылдың қорытындысына сүйенсек, былтыр біздің орталықта 8805 операция жасалды. Мәселен, оның 276-сы — тек тізе буынын эндопротездеу, 79-ы — жамбас буынын алмастыру бойынша жасалды.Бұл 2022 жылға қарағанда 8,5 пайызға артық. Біздің гинекологтер мен акушерлер 4184 жүкті әйелді босандырып алды.Сонымен қатар жыл қорытындысы бойынша акушер-гинеколог Анар Ақатаева қалалық денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан үлесі үшін «Жыл үздігі» марапатына ие болды, —дейді Ерлан Сұлтангереев. Сондай-ақ ол бүгінгі таңда Ақтөбе медициналық орталығында барлығы 798 қызметкер жұмыс жасайтынын, оның 196-сы — дәрігер, 327-сі — медбике, 195-і кіші медициналық персонал екенін айтты.

Өткен жылы Ақтөбе медициналық орталығының медицина қызметкерлерінің жалақысы 24 пайызға, оның ішінде дәрігерлердікі — 30 пайызға, кіші медицина қызметкері — 20 пайызға, санитарлардікі 18 пайызға өскен. Қазіргі уақытта дәрігердің орташа жалақысы — 477 997 теңге, медбикенікі — 302 836 теңге, санитардікі — 135 551 теңге.

— Елімізде алғашқылардың бірі болып біздің орталықтың операциялық бөлімшесінде 2018 жылдан бері медициналық бұйымдардың дербестендірілген есебін жүргізу технологиясы енгізілді, бұл қолда бар ресурстарды ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. 2019 жылдан бастап Ақтөбе облысында алғаш рет дәрілік заттардың дербестендірілген есебі жүргізіле бастады. 2021 жылы біздің орталық Қазақстанда облыстық деңгейдегі көпсалалы стационарлар арасында алғашқылардың бірі болып ұлттық аккредиттеу бойынша жоғары санатқа ие болды, бұл көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін растайды.Ал былтыр біздің орталық «Жыл үздігі» атанды. Мұндай атаққа ие болу — біздің ұжым үшін құрмет және барлық қызметкердің адал еңбегіне берілген жоғары баға. Біз пациенттеріміз үшін жұмыс істейміз және олардың мүддесі үшін шешім қабылдаймыз.— дейді Ақтөбе медициналық орталығының бас дәрігері Ерлан Сұлтангереев.

Орталық еліміздегі ірі клиникалармен, ғылыми орталықтармен әріптестік қарым-қатынас, ал Түркиядағы Башкент университеттік клиникасымен, Қытайдағы Қарамай қаласындағы орталық ауруханамен халықаралық ынтымақтастық орнатқан.Орталық қызметкерлері алдағы уақытта да ұлттық және халықаралық аккредиттеу стандарттарына сәйкес медициналық қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға ұмтыла бермек.

Ақтөбе медициналық орталығы өзінің он жылдық мерейтойын жыл бойы атап өтпек. Ол үшін арнайы іс-шаралар кестесі жоспарланған, алыс-жақын шетелдегі жетекші мамандардың қатысуымен ғылыми-тәжірибелік конференциялар, шеберлік кластар ұйымдастырылмақ.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button