Қой жүні қажетке жарайды

Бүгінде қой жүнін пайдаға асыру күрделі мәселе болып отыр. Десек те, алдағы уақытта облыстың 7 ауданы қой шаруашылығын дамытуға бағытталмақ. Төрт түліктің бұл түрін дамытуға облыстың әлеуеті зор. Қазіргі таңда 1 миллион 228 мың 928 қойы бар Ақтөбеде биыл жүн өңдеу зауыты іске қосылады. Бұл — аймақтың индустрияландыру картасына енген 13 жобаның бірі.
Жүн престеліп, тапсырылатын…
Бейбіт еңбекте озат шопандар қатарында болған Жақсылық Саттаровтың жасы —қазір 85-те. Құлағының сәл естіңкіремейтіні болмаса, ақсақал әлі тың. Қонаққа барады, ағарған ішеді. Одан ұзақ жасауының сырын сұрағанымызда, бұл сауалымызға оның 62 жыл отасқан зайыбы, «Алтын алқа» иегері Бәтима Саттарова жауап берді. «Мұның сыры — осы уақытқа дейін табиғи өнім тұтынатынымыздан шығар. Қазірдің өзінде дүкеннің өнімін көп пайдаланбаймыз. Тары қайнатып, талқан тартып, қолдың сүтінен айран ұйытып ішеміз. Талқан мен тарыны піскен сүтке араластырып жейміз. Үйімізден қымыз үзілмейді. Осылайша Алланың берген жасын жасап жатқан жайымыз бар. Көрген бейнетіміз де болды», — дейді 83-тегі әже.

Жақсылық ата қырық жыл бір жерде шопан болды. Аудандағы алдыңғы қатарлы шопанға деген құрмет ол кезде зор еді. Замандастарының қатары сирегелі, қазір бұл тақырып та оның айналасында көп қозғала бермейді.
— Жаңажол кезінде қой шаруашылығын өсірген атақты кеңшарлардың бірі болды. Атжақcы, Жайынды өлкесінде қой бақтық. Мамырдың аяғында қырықтық басталады. Бұл қызу жүретін науқан еді. Еркектермен бірге,әйелдер де бұл іске жұмылдырылатын. Бір отарда 600-700 қой болады. Қырықтықтың кезінде жүн престеліп, орталыққа тасымалданады. Жүннен түскен қаражатты қажетімізге жарататынбыз, — дейді Жақсылық ата.
Бәтима әженің айтуынша, сол кездері будан саулықтардың жүні «алтынмен» тең болыпты.
«Ұмытпасам, 1974-1976 жылдары кілең будан саулықтарды қырықтық. Ол кездеріқазіргідей техника жоқ, қырықтықты пайдаландық. Бертін келе қой қырқатын мәшенкелер пайда болды. Айтайын дегенім, будан малдың жүні жібектей болатын. Аппақ, таза, ақ мақтадай, қылшықсыз жүнді тұрмыста жиі пайдаландық. Далалықта киіз үйде тұрғасын, туырлық жасап, жүннен киіз бастық, қыз жасауына осындай жүнді пайдаландық. Кейін мұндай малдың орнын қазақтың еділбай тұқымды қойлары басты.Бертін келе кеңшар ыдырады, шаруашылықтар тарады, мал саны азайды. Оның орнына жеке шаруашылықтар құрыла бастады. Қой тұқымы да өзгерді, жүннің сапасы төмендеді. Мұндай малдың жүнін өртеп жіберетінбіз. Өйткені ештеңеге жарамады, өтпеді. Себебі біздің кезімізде Ақтөбедежүн өңдейтін ешқандай зауыт болмады. Ал будан малдың жүнінің қадірін кейін түсіндік қой», — дейді Бәтима Саттарова.
3 мың тонна жүн өндірілді
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің бас маманы Мереке Бисенбиннің айтуынша, қазіргі таңда облыста 1 миллион 228 мың 928 қой бар. «Облыста, негізінен, қылшық жүнді қой өсіріледі. Бұл — тауарлы мал. Сонымен қатар аз мөлшерде цигай қой тұқымы кездеседі. Қой шаруашылығы Шалқар, Байғанин, Ойыл, Ырғыз, Мұғалжар, Темір сияқты аудандарда жақсы дамыған. Жалпы біз алдағы уақытта облыстың 7 ауданын қой шаруашылығын дамытуға бағыттауды жоспарлап отырмыз. Негізінен,аталған аудандар осы үдеден шығады деп ойлаймыз», — деді басқарма өкілі.
Мереке Бисенбин қой шаруашылығын дамытуда, әсіресе оның жүнін өндіру мәселесіне қатысты да пікір білдірді.
— Қазір Ақтөбе қаласында жүн өңдеу зауытының құрылысы жүргізіліп жатыр. Зауыт өкілдерімен келісімге келгенде, біз тек Ақтөбе облысы олардың сұранысын қанағаттандыра алмайтынын айттық. Сондықтан зауыт өкілдері тарапынан көршілес аймақтардан да жүн қабылдауға қатысты мәселе қозғалды. Былтырдан бастап олар жүн қабылдайбастады. Себебі алдағы күні зауыт іске қосылған кезде шикізаттан тапшылық болмауы керек. Сондықтан жүн қабылдау жұмыстары алдын ала жүргізіліп жатыр. Біздегі мәлімет бойынша, 3 мың тоннадан астам жүн алынды. Бірақ оның бәрі қоймаға жетті деп айта алмаймын. Біз бұл жайында барлық ауданға хабарлама бердік, — деді М.Бисенбин.
Қарқынды құрылыс, жоспарлы жұмыс
Айбек ИСАТАЕВ, «Строительный Подряд КЗ» ЖШС директоры:
— Жүн өңдейтін зауыттың құрылысына біз жауаптымыз. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласының 41-разъезінде жалпы аумағы 5500 шаршы метрлік зауыт құрылысы басталды. Іргетасы құйылып, қабырғасы көтеріліп жатыр. Сыйымдылығы — 3 мың тонна. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Биыл желтоқсан айында құрылысты толық аяқтап, тапсыруды жоспарлап отырмыз.
Жүн өңдеу зауыты теміржол аймағына да, тасжолға да өте жақын.
Ғимараттың сырты «сэндвич панель» деп аталатын қазіргі заманауи құрылыс материалымен қапталады. Сыртқа жылу жібермейді. Қазіргі таңда сол маңда көне қоймалар да бар. Жүн сонда қабылданады.
Бүгінде зауыт құрылысына дәнекерлеуші бригадасы тартылды. Құрылыс алаңында 5 дәнекерлеуші, 4 монтаждаушы жүр. Сондай-ақ кран, көтергіш,трактор секілді техника жұмылдырылды.

Шикізат жиналып жатыр
Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұртуған Оралбаевтың айтуынша, осы жылдың 22қаңтарындағы жағдайға сәкес бірыңғай индустрияландыру картасы шеңберінде облыста 3686 жұмыс орны бар жалпы сомасы 1139,4 миллиард теңге болатын 13 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде былтыр 2 инвестициялық жоба іске қосылған.
— Ақтөбеде жылу оқшаулағыш материал шығаратын зауыттың құрылысы басталды. Өндіріс осы жылы іске қосылмақ. Бұл жобаны жүзеге асырушы — «KazFeltec» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жоба бойынша әкімшілік-тұрмыстық корпус және бақылау-өткізу пункті бар жүнді бастапқы өңдеу цехы салынады. Мұнда тоқыма емес материалдар өндіріледі, — деді Н.Оралбаев.
Оның айтуынша, аталған жоба бірыңғай индустрияландыру картасына енгізілген. «Өндірістік база бар. «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі арқылы қарыз рәсімделді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары басталды. Сонымен қатар базада жеке қосалқы шаруашылықтардан қой жүні түріндегі шикізат жиналып жатыр», — деді басқарма өкілі.
Италиялық әдіс және эколгиялық таза өнім
Осы жылы іске қосылатын жүн өңдеу зауытында жылу оқшаулағыш материалдар шығарылмақ. Зауыттың жылдық қуаты — 2100 тонна. Инвестиция көлемі — 5,3 миллиард теңге. Зауыт толық қуаттылықта іске қосылғанда 70 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
— Көршілес Ресейде, Еуропа елдерінде осындай өндіріс орындары бар. Қазіргі таңда құрылыста кеңінен қолданылатын стекловата түрлі химиялық қоспаларды қолдану арқылы жасалады. Ал алдағы уақытта жүннен жасалатын жылу оқшаулағыш материалдыэкологиялық қауіпсіз жабдық деп айтуға толық негіз бар.Бұл — таза табиғи өнім, — деді зауыт өкілдері.
«KazFeltec» ЖШС директоры Ерлан Жаңабергеновтің айтуынша, қазіргі таңда ол өндіріс орнының іс-қағаздарымен айналысып жатыр. «Құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Зауыт іске қосылғанда, жүн тапсырушылар аз болса, жан-жақтан шикізат қабылдауға тура келеді. Біз жүнді жинамаймыз, өздері әкеліп тапсыруы керек. Зауытқа қазақтың қылшық жүнді қойының өнімі қабылданады. Зауытқа италиялық қондырғы орнатылмақ», — деді серіктестік директоры.
Олардың айтуынша, италиялық әдіспен үлкен желінің бойында әуелі жүн тазартылып, түтіледі. Содан соң шикізат жууға жіберіледі. Одан әрі газбен кептіру цикліне өтіп, кепкен жүн арнайы құрылғының көмегімен әртүрлі пішінде престеліп, дайын өнім ретінде нарыққа ұсынылмақ.
Арайлым НҰРБАЕВА.



