Мәдениет

Тіл тірегі — тәуелсіздік

Биылғы Қазақстан халықтарының тілдері күні мерекесі ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен тұспа-тұс аталып өтуде. Мұның өзі мемлекеттік тіл мәртебесін бұрынғыдан да биік дәрежеде көтере түсуге меңзейтін белгідей білінетіні жасырын емес.

Біз осы мереке қарсаңында облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Ғалымжан Төрехановты әңгімеге тартқан едік.

 

— Тәуелсіздіктің туын жоғары көтерген жиырма жыл бойы туған тіліміздің мәртебесі тұғырын бекітіп, жапырағын жайып келе жатқанымен, әлі де ішінара әлсіз тұстарымыз сезіліп, артқа қарайлайтын кездеріміз де қылаң беріп қалатын сияқты. Сұхбатымызды біздің өңіріміздегі осы мәселе жайын айтудан өрбітсек.

— Егер бір сөзбен тұжырымдап айтар болсақ, біздің облыста оңтайлы тілдік ахуал қалыптасты деп сеніммен айтуға негіз бар. Мемлекеттік тілді меңгеру деңгейінің салыстырмалы талдауы қазақ тілінде сөйлейтін адамдар санының өсіп келе жатқанын көрсетеді. Облыста өткізілген зерттеу қорытындыларына сәйкес мемлекеттік тілді үйрену курстарынан өткен тыңдаушылардың 71 пайызы  жұмыста қазақ  тілінде қарым-қатынас жасайды,  58 пайызы құжаттарды  қазақ тілінде рәсімдейді, 54 пайызы осы тілді қызметтік хат алысуда пайдаланады. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде көптеген салаларда, әсіресе БАҚ, халыққа қызмет ету, көрнекі жарнамалық  жүйелерде белсенді қолданыла бастады. Басқарма тарапынан үнемі  жүргізіліп отыратын облыстық электрондық БАҚ мониторингі қазақ тіліндегі хабарлардың көлемі 64 пайыз  құрайтынын көрсетті. Зерттеу қорытындысына сәйкес облыста мемлекеттік тілді меңгерген ересектер үлесі 85, орыс тілін меңгергендер 95, ағылшын тілін меңгергендер 5 пайызды құрап отыр.

Бұл айтып отырғаным — деректер арқылы берілген нұсқа. Бұған қарап ілгерілеу бар екендігін ешкім де жоққа шығара алмайды. Бірақ, сол деректердің тасасында сіз айтып отырған жағдайлардың орын алып отырғаны және жасырын емес. Мысалы, әлі де болса көптеген жиналыстарымызда орыс тілі өрге шығып кете беретіні, бірсыпыра шенеуніктеріміздің қазақ тіліне мойын бұрмай жүргені — ақиқат нәрсе.

— Көптеген игілікті шаралар мемлекеттік басқару органдарынан бастау алмағы оңды деп ойлаймыз. Іс қағаздарының мемлекеттік тілде жүргізілуі шамасы қай дәрежеде деп бағамдайсыз?

— Мемлекеттік басқару органдарының іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуі біраз оңға басқанын атап өтуге болады. 2011 жылдың алғашқы жартыжылдығы бойынша оның деңгейі 97 пайызға жеткізілді. Облыста мемлекеттік басқару органдарындағы іс қағаздарды әзірлеу мемлекеттік тілге көшірген 2006 жылдан бері 34 пайызға  артқан.

Әрине, мұнда да жетілдіре түсетін жақтарымыз аз емес. Мысалы, бірқатар мекемелерде іс қағаздары әуелі бұрынғыдай орысша дайындалады да, содан кейін аудармашы оның қазақша нұсқасын әзірлейді. Бұл арада көзбояушылық үшін істелетін жайлар да кездесіп қалады.

— Қандай да істі ілгерілетудің көзі — материалдық-техникалық базаны нығайтуға қатысты екені белгілі. Мемлекеттік тіл мәртебесін нығайтуда да осы жайды айналып өте алмайтынымыз белгілі. Осы тұрғыдан қазіргі қалыптасқан ахуалды сипаттап берсеңіз.

— Мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеру қажеттілігін қанағаттандыру үшін барлық  материалдық-техникалық, әдістемелік жағдайлар жасалды. 2007 жылы  басқарма жанынан ашылған тілдерді оқыту орталығының төрт ауданда және облыс орталығында 5 өкілдігі ашылды. Қазіргі таңда орталықта 9 мультимедиалық кабинет, 1 интерактивтік тақта, 1 диапроектор, 15 мемлекеттік тілге үйретуші, 3 ағылшын тіліне  үйретуші  электрондық  бағдарламалар  орнатылған. Тілдерді оқыту орталығы  ашылған 2007 жылдан бері 4050 адам мемлекеттік тілді, 434 адам ағылшын тілін үйрету курсымен қамтылды. 2136 адам мемлекеттік тілді, 142 адам ағылшын тілін үйрету курстарын аяқтап, сертификаттар, куәліктер алды. 2011 жылдың бірінші жартыжылдығын қосқанда, барлығы 5710 адам мемлекеттік тілді, 482 адам ағылшын тілін үйрету курсымен қамтылды.

Облыста  тұратын  өзге ұлт өкілдерінің  ана  тілдері     мен  мемлекеттік  тілді  меңгеруіне  жағдай  жасалды. Бұл мақсатқа 2006  жылдан  бері  жексенбілік  мектептерде  1239  өзге  ұлт  өкілдерінің  ана тілдерін (неміс, корей, украин, әзірбайжан, татар) және мемлекеттік тілді оқыту мақсатына  20  млн. теңге көлемінде қаржы бөлінді.

БАҚ  арқылы  тілдік  орта  қалыптастыру  шаралары  қолға   алынды.  Басқарма  тарапынан   берілген  мемлекеттік  тапсырысқа сай  облыс  электрондық  БАҚ-дағы мемлекеттік  тіл  саясатын  түсіндіру, насихаттау,  оқыту сипатындағы  бағдарламалардың  үлесі   24 пайызға  жетті. Мемлекеттік тілді оқыту сипатында тілдерді дамыту басқармасының тапсырысымен 2007 жылы «Қазақстан-АТВ» телеарнасынан тіл үйретудің 16 сабақтан 2 телесабақтар циклі, 2008 жылы «Рика-ТВ» телеарнасынан мектепке дейінгі мекеме тәрбиеленушілеріне арналған «Айналайын» атты 3 тілдегі оқыту бағдарламасы, ересектерге арналған «Сөйле, тілім» қазақ тілін үйрету телесабағы, «Ақтөбе», «Тандем» радиосында «Сөйле, тілім» радиосабақтар циклі, «Ұлт тірегі – тіл» атты радиохабары ұсынылды. 2009 жылы облыста хабар тарататын 2 радиожеліде («Ақтөбе-радио»,  «Тандем») 3 радиосабақтар циклы («Сөйле, тілім», «Сырлы  тіл», «Қазақ тілін үйренейік»), «Диапазон»  газетінде  2009  жылы  бастауыш деңгейі үшін қазақ тілінің сабақтары, 2 электрондық ақпарат құралында («Қазақстан-АТВ», «РИКА-ТВ»  телеарналарында) ересектерге  және балаларға арналған оқыту сипатындағы телебағдарлама тұрақты  жүргізілсе, 2010 жылы «Диапазон» газетінде тіл меңгерудің кәсіби сала деңгейі  үшін жалғастырылған сабақтар, «РИКА-ТВ» телеарнасында ересектерге  арналған  «Сөйле,   тілім»  тереңдетілген  қазақ  тілін  үйрету  телесабақтары,   кішкентай бүлдіршіндерге арналған танымдық «Біліп қой, балақай»  телехабары, мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында жоғары оқу орындары  студенттеріне арналған «Қазақшаң  қалай?», «Қазақстан-Ақтөбе» ұлттық  телеаарнасында «Ана  тілім – дана  тілім»  телехабарлары, мемлекеттік тілді  насихаттау, тіл саясатын түсіндіру сипатындағы жарнамалық-имидждік  роликтер облыс жұртшылығына ұсынылды.

— Жер атауларының уақыты ағымына сай өзгерістері кеңінен жүріп жатқанын көріп отырмыз. Оқырмандарымыз үшін осы тақырыпты тереңдетіп айта кетсеңіз.

— Облыс топонимикалық кеңістігінің ұлттық қорын қалыптастыруда елеулі жетістіктерге қол жеткізілді. Жүйелі  жүргізіліп  отырған жұмыстар арқасында  1991-2010 жылдары 131 елді мекенге тарихи атаулары  қайтарылды.  Облыс топонимикалық қорын сараптау мақсатында Ақтөбе қаласы мен аудандарының қазақ тіліндегі 2 рет түрлі-түсті географиялық карталары шығарылып, тұңғыш рет облыс топонимикалық кеңістігінің ғылыми-талдау зерттеуі жүргізіліп, зерттеу қорытындысы бойынша «Ақтөбе облысының топонимикалық жүйесіндегі атаулардың өзгертілуі», «Ақтөбе облысының топонимикасы мен байырғы географиялық  атауларды қалпына келтіру» кітаптары, «Ақтөбе облысы жер-су атауларының  атласы» жарық көрді.

— Мемлекеттік тілдің қанат жаюы, бір жағынан алғанда, мектептен басталатыны белгілі. Осы жөнінде не айтар едіңіз?

— Мемлекеттік  тілде   білім  алатын  балалардың  үлес салмағы   жылдан-жылға көбеюде. Бүгінгі таңда облыстың жалпы білім беретін  мектептерінің 64  пайызы, мектепке дейінгі білім  мекемелерінің 67 пайызы  қазақ тілінде білім-тәрбие береді. Балабақшаларға баратын сәбилердің 78 пайызы, ал жалпы білім беретін мектептерге баратын  балалардың 81 пайызы  қазақ тілінде  оқиды.

Біз бүгінгі әңгімемізде қазақ тілі туралы көбірек айттық, бұл басқа тілдердің дамуы тұрғысында жұмыстар жасалмайды деген сөз емес.

Басқасын айтпағанда, облыс орталығындағы «Достық» үйінде орналасқан мәдени-ұлттық орталықтар біздің өңірде тұратын көптеген ұлттардың тілін, салт-дәстүрін дамытудың ұйытқысына айналуда. Біз де тиісті жерінде оларға қолдау-қамқорлық көрсетіп отырамыз.

 

Сұхбаттасқан Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button