Басты жаңалықтарДенсаулық

Қызылшадан құтылудың жалғыз жолы — екпе алу

Ақтөбеде қызылша жұқтыру азаймай тұр. Ақтөбелік дәрігерлер үшінші ай бойы қызылша ауруын асқындырмау үшін күні-түні күресіп әлек.

Аталған жұқпалы індетке қатысты өңірдегі бүгінгі ахуал қандай? Ауа тамшылары арқылы тез таралатын бөртпе туралы не білуіміз керек?  Қызылшадан қорғанудың жолы бар ма? Осы тақырыпта ізденіп көрген едік…

Өңірдегі ахуал

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Түлкібаеваның айтуынша, балалар арасында әлі де қызылша ауруы тіркеліп отыр. Мәселен, соңғы тәулікте 16 адам ауруханаға жатқызылды, оның 15-і — бала.

17 қаңтардағы мәлімет бойынша, облыста қызылша жұқтырған 145 науқас жұқпалы аурулар ауруханасында жатыр. Олардың 129-ы — бала, 16-сы — ересек. Ересектердің арасында жүкті әйелдер де бар.

— Қызылша жұқтырған 5 сәби жансақтау бөлімінде жатыр. Олардың ең кішкентайы — алты айлық, ал үлкені үш жасқа әлі толмаған. Аппаратқа таңылған бала жоқ. Барлығы екпе алмаған. Сәбилердің алғашқы диагноздары — пневмония, бронхиолит, бронхит, — деді Бақытжан Түлкібаева.

Облыс бойынша қызылшамен ауырған науқастарға арналған 327 кереует бар, оның 263-і — балаларға, қалғаны ересектерге арналған.  Бүгінгі таңда елімізде қолайсыз эпидемиологиялық жағдайға байланысты барлық өңірде жаппай иммундау, яғни екпе алу науқаны жүріп жатыр.

— Вакцина — балаларды аурудан қорғаудың бірден-бір тәсілі. Біздің облыста 6 қарашадан бастап қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы 6-10 айлық балаларға вакцина салынса, желтоқсаннан бастап 2-4 жастағы балаларға қосымша жаппай иммундау жүргізіліп жатыр. Қазіргі күні осы жастағы 30 мыңнан астам бала екпе алды. Бұрын балалар қызылшаға қарсы екпені бір жасында және екінші рет алты жасында алатын. Ал жаппай иммундау кезінде барлығы қайтадан екпе алады, — деді Бақытжан Түлкібаева. Оның айтуынша, облыста 2 мыңнан астам ата-ана түрлі себепке байланысты балаларына екпе салдырудан бас тартқан.

Дәрігерлер инфекциялық аурулардыңқарқыны бірден басыла қоймайтынын айтады. Себебіқазір — жедел респираторлық вирусты инфекцияның маусымы, ол да иммунитеттің әлсіреуіне, аурудың асқынуына әсер етеді. Десек те облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Түлкібаева жақын арада инфекцияның таралуы төмендейтініне сенімді.

— Енді қызылшаның қарқыны бәсеңдейді. Себебі балалардың 60 пайыздан астамы — екпе алғандар. Бірақ облыс балаларының37 пайызға жуығы әлі екпе алмады. Өйткені қазір ауа райы да құбылып тұр. Әуелі жылы, сосын қатты аяз болды. Балалардың кейбірі жедел респираторлық инфекция жұқтырса, енді бірі суық тигізіп алған. Сондықтан қазір ауруынан әбден толық жазылғанша, екпе алуға қарсы уақытша медициналық көрсетілімі бар бала көп. Өңірде қызылшаға қарсы вакцина жеткілікті. 54 мың доза вакцина бар, — дейді Бақытжан Түлкібаева.

Сондай-ақ ол облыс тұрғындарына барынша сақтанып, аурудың белгілері байқалған жағдайда уақыт өткізбей, дәрігерге қаралуға кеңес берді.

Қызылша қауіпті ме?

Ақтөбеде қызылша жұқтырғандар «Шағала» шипажайына орналастырылып, сол жерде емделеді. Облыс орталығынан жиырма шақырым қашықтықта орналасқан мекемеге жұқпалы аурулар ауруханасының қызметкерлері үш айдан бері қатынап жүр. Мұнда дәрігерлер мен медбикелер күні-түні кезекшілікпен қызмет етеді.

Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының инфекционист-дәрігері

Гүлмира Қалмағанбетованың айтуынша, жұқпалы аурулар ауруханасының «Шағала» шипажайындағы бөлімінекүніне 50-60 науқас келеді. Соның 30-35-і ауруханаға қабылданады. Олардың дені қызылша ауруымен түсіп жатыр.

—Жаңа жылдан кейін қабылдау бөліміне келетін қызылша жұқтырған балалар саны көбейді. Қызылша вирусы ауа тамшылары арқылы жұғады. Мәселен, қызылша жұқтырған адаммен тікелей байланыста болмасаңыз да, жұқтыру үшін науқаспен бір үйде болуыңыз да жеткілікті.

Ауа арқылы таралатын қызылша жұқтырғанда оңай анықтауға болатын ерекше белгісі — бөртпе. Алайда ауырған кезде бөртпе бірден пайда болмайды. Бірінші баланың дене қызуы көтеріледі, температураны түсіретін медициналық препараттар бергенмен қызуы түсе қоймайды. Аурудың үшінші, төртінші күндері балада құрғақ жөтел және көзінің қызаруы, мұрыннан су ағу, бас ауруы пайда болады. Бөртпе баланың денесінде вирус жұқтырғаннан кейін 4-5 күндері ғана шығады. Бөртпе шыққанға дейінгі кезең — аса қауіпті әрі жұқпалы. Себебі көптеген ата-ана баласында қызылша бар екенін түсінбей, дене қызуын сәл түсіргеннен кейін қонаққа немесе балаларды ойын алаңдарына апарады. Бұл қызылша ауруының таралуына әкеледі. Сондықтан дене қызуы бар балаларды сыртқа шығармай, дәрігерді үйге шақыру қажет, — дейді Гүлмира Қалмағанбетова. Инфекционист дәрігердің айтуынша, бұл ауруды жұқтырғандарда әуелі мұрын, тамақ ауырады, жөтел пайда болады, бастапқыда құлақтың артына және шаш түбіне, сосын бет пен мойынға, одан әрі бүкіл денеге бөртпелер шығады. Қызылша жұқтырған науқас айналасындағыларға бөртпе пайда болғанға дейін 4 күн бұрын және 4 күн өткен соң қауіпті. Ауру вирус жұқтырғаннан бастап 7-18 күн ішінде дамиды.

Инфекционист дәрігер әсіресе 14 жасқа дейінгі балалар инфекция жұқтырғыш келетінін айтты. Сонымен қатар ол қызылша вирусы жүкті әйелдер үшін, әсіресе жүктіліктің алғашқы айларында өте қауіпті екенін, себебі инфекция түсік тастауға әсер етуі мүмкін екенін ескертті.

Емдеу және қорғану

Дәрігерлер қызылшамен ауырғандардың 30 пайызында бірқатар асқынулар болатынын айтады. Мәселен, қызылша жұқтырған науқастаротит, пневмония, іш өту, көз ауруы және энцефалит секілді асқынуларға жиі ұшырайды.

Инфекционист дәрігер Гүлмира Қалмағанбетованың айтуынша, қызылша жұқтырған балалар көп жағдайда үйде емделеді. Алайдақызылшаның асқынуы бар немесе үй жағдайында тиісті күтім ұйымдастыруға мүмкіндігі бола бермейтін балалар ауруханаға жатқызылады. 1 жасқа дейінгі балалар мен жабық мекемелердегі балалар ауырса,міндетті түрде ауруханаға жатқызылады.

Қызылшаны емдеудің арнайы бір ем шарасы жоқ. Вирус жұқтырған бала ең әуелі төсекте жатып демалып, жеке гигиенаны сақтауы керек. Сосын көп мөлшерде су, сорпа, тосап ішкені абзал. Төсектен тез тұрып кетуіне оңай сіңетін, дәрумендерге бай тағам көмектеседі. Бөртпелерді ештеңемен майлаудың қажеті жоқ. Бірақ бөлме температурасында жылы сумен жуындыруға болады. Науқастың жағдайына қарай, мұрыннан су ақса, мұрынға тамызатын тамшылар, жөтелсе, жөтелге қарсы дәрі-дәрмектер, қақырық түсіретін препараттар қолданылады. Әдетте антибиотиктер қолданылмайды, тек асқыну белгілері байқалған жағдайда ғана тағайындалады, — дейді Гүлмира Қалмағанбетова. Сондай-ақ оның айтуынша, қызылшаның алдын алу — балалардың денсаулығы мен толыққанды дамуының маңызды компоненттерінің бірі. Сондықтан қызылшаға қарсы егу профилактикалық егу күнтізбесіне кіреді.

Алғашқы вакцинация 1-1,5 жастағы дені сау балаларға беріледі. Вакцинаны қайта енгізу 6 жасында, мектеп алдында жүзеге асырылады. Қызылша ауруының алдын алу үшін балалар міндетті түрде вакцина алуы керек.

Вакцинада баланың иммунитеті дамитын тірі әлсіреген қызылша вирустары бар. Сондықтан әр балада қызылшаға қарсы егу реакциясы әртүрлі болуы мүмкін. Кейде балаларда температура 37,5-38 градусқа дейін шамалы көтеріледі. Бұл вакцина алғаннан кейін 5-8 күн ішінде болуы мүмкін және бір-үш күнге созылуы мүмкін. Сондай-ақ нәрестеде дене температурасы жоғарылаған кезде аллергиялық реакция немесе жеңіл құрысулар да болуы мүмкін. Алайда екпе алған балалар вирус жұқтырған күннің өзінде ауру асқынуларсыз, жеңіл өтеді, — дейді инфекционист дәрігер.

Сонымен қатар дәрігер иммунитет тапшылығы мен онкологиялық аурулардан зардап шегетін балалар вакциналанбайтынын айтты.

 Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, жыл сайын бүкіл әлемде 150 мың адам, көбінесе 10 жасқа дейінгі балалар қызылшамен ауырады екен.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен кешегі брифингте былтыр елімізде 29648 адамның қызылша жұқтырғаны айтылды.

Ата-аналар пікірі

Ел ішінде вакцинаға қатысты түрлі пікір бар. Екпе алмағандардың бір бөлігі — туабітті ауруға шалдыққан, өзге де созылмалы дерті бар балалардың ата-аналары болса, тағы бір тобы вакцинаға сенбейді, енді бірі жеке көзқарасы бойынша балаларына екпе салдырмаған.

Дәрігерлер мен эпидемиологтер тұрғындар арасында вакцинаның маңызы туралы түсіндіру жұмыстарынжиі жүргізеді. Осының нәтижесінде Ақтөбеде 241 ата-ана көзқарасын өзгертіп, балаларына вакцина салдырыпты.

Осындай ойы өзгерген ата-аналардың бірі —  Ақтөбе қаласының тұрғыны Назым Жәрдем. Ол бастапқыда әлеуметтік желідегі түрлі материалдарды көріп, вакцинаға сенбегенін айтады.

— Вакцинаға сенбейтіннің бірі едім. Бір балам — балабақшада, үлкендері  мектепте оқиды. Күзде көршінің баласы қатты ауырып, жедел жәрдем көлігі келіп, «қызылша» деген диагноз қойып, баланы өздерімен ауруханаға алып кеткенде қатты қорықтым. Себебі сол кезде менің де кішкентайым жиі ауырып, мұрнынан су ағып, жөтеліп жүрді. Қазір ақпарат жеткілікті ғой, интернетті ақтарып, іздендім, баламдағы ауру қызылшаның белгілеріне ұқсайды. Содан учаскелік емханаға баламды апарып, екпе салдыртуға қарсы көрсетілім болмаса, екпе алатынымызды айттым. Қазір мен өзімді балаларыма уақытында екпе салдыртпай, қателік жасағанымды түсінемін. Қызылшаға қарсы иммундау жасалғаннан бері балаларымды бір қауіптен қорғағанымды сеземін. Себебі жан-жағымызда қызылша жұқтырған балалар көп. Ауру айтып келмейді, қай кезде де алдын алған жақсы ғой. Мен секілді теріс пікірдегі ата-аналарға адаспаңыздар деймін. Егер медицина жағынан балаңызға екпе алуға қарсы көрсетілім болмаса, вакцинадан қашпаңыздар дегім келеді, — дейді көпбалалы ана.

Айтпақшы, «Шағала» шипажайына барғанымызда баласы қызылша жұқтырған аналар мұндағы аурумен күні-түні арпалысқан білікті дәрігерлер мен мейірімді медбикелердің еңбегі ұшан-теңіз екенін айтты. Сондай-ақ аты-жөнін айтпауды өтінген бір ана: «Қызылша ауруынан осынша асқынулар болатынын білгенде вакцинаны педиатр айтқан уақытында салғызар едім», — деп өкінішін білдірді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button