Мәдениет

Мақсаттың бірі — мемлекетаралық байланыс

Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында Қазақстан халықтарының тілдері күніне орай апталық өткізіліп жатыр. Апталық аясында  «Туған тілім, туған жерім, елім менің — Қазақстаным» атты шара өтті.

Шарада институт ректоры Ғалымжан Нұрышев жиналғандарды мерекемен құттықтап, тіл апталығының маңызын түсіндірді.

—  Соңғы бес жылда оқу орнында тіл апталығы тұрақты түрде өткізіліп келеді. Және біз бұл шараға ерекше мән береміз. Себебі институтта тікелей тіл үйретумен айналысатын  қазақ тілі мен әдебиеті және шет тілдері факультеттері бар. Елбасы тапсырмасына орай жастарға үш тілді үйрету жұмыстары да  осы екі факультет арқылы жүзеге асады. Демек, шет тілдері факультетінде өткізіліп жатқан бұл шараның маңызы зор. Қазіргі таңда  мемлекетаралық байланыс нығайып келеді. Сондықтан алға ұмтылған жастар ана тілімізбен қатар өзге тілдерді де  еркін меңгеруі керек. Жалпы тіл апталығы осымен шектелмейді. Алдағы уақытта да өз жалғасын табады, — деді оқу орнының басшысы.

Оқу орнында мемлекеттік тілмен қатар шет тілін оқып үйренуге қажетті оқу құралдары мен көркем әдебиеттер жеткілікті. Арнайы лингафон залы жұмыс істейді. Яғни тіл үйренуге қатысты барлық  материалдық база талапқа сай. Сондай-ақ институт ректоры биылғы жылдың маусым айында қытай тілін үйрету мақсатында  «Конфуций институты» ашылғанын айтты.

Бұл Қытай Халық Республикасы мен еліміздің арасындағы келісімге сәйкес жүзеге асты. Яғни Мемлекет басшысы осыдан бес жыл бұрын Қытай еліне жасаған сапары кезінде  еліміздің төрт аймағында «Конфуций институтын» ашу туралы келісімге қол қойды. Осыған орай Ақтөбеге Қытайдан, оның ішінде  Шыңжан экономика және қаржы университетінен оқытушылар келіп, барлық жоғары оқу орындарын аралап көрді. Нәтижесінде біздің оқу орнын таңдады. Қазір аталған институтта 75 студент  оқиды. Оның ішінде келісімге сәйкес біздің оқу орнының 25 студенті тегін білім алады. Жыл сайын 4 студент Шыңжан университетінен тәжірибеден өтсе, қытайлық екі студент бізге келіп қазақ тілін үйренеді, — деді.

Ғалымжан Нұрышевтың айтуынша, жастардың тіл үйренуге құлшынысы зор. Сондықтан оқу орнында осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Институттың шет тілдері факультетінің аға оқытушысы Әлия Уайс өзінің мемлекеттік тілмен бірге ағылшын және түрік тілдерін еркін меңгергенін, институтта  жастардың терең білім алуына барлық жағдай жасалғанын айтты.

Шара барысында студенттер қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде ән шырқап, би биледі. Ұлттық киім киген қыздар салт-дәстүр жайында көрініс қойды. Дастарқан жайылып, келген қонақтар түрлі ұлттың ұлттық тағамдарынан дәм татты. Кештің соңында барлық қатысушылар «Қара жорға» биін биледі.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button