«Тәуелсіздік ұрпақтары» дарынды жастарды қолдайды
Мемлекет басшысының бастамасымен ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында қолға алынған ұлттық жоба — «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты талантты жастарға 2021 жылдан бері табысталып келеді. Біздің өңірде 2022 жылдан бастап беріліп келе жатқан грантқа былтыр 136 адамнан құжат қабылданып, 30 жеңімпаз анықталды. Бұл туралы облыстық жастар ресурстық орталығының ақпараттық-кеңес беру және NEET санатындағы жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Иса-Бек Дүйсенбаевтан білген едік…
Иса-Бек Дүйсенбаевтың айтуынша, мұндай грант берудің мақсаты — ойы ұшқыр, білімді жастардың бастамаларын мемлекет тарапынан қолдау.
— «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына «Білім және ғылым», «Мәдениет және өнер», «Бизнес және кәсіп», «Медиа», «Ақпараттық технологиялар» және «Волонтерлік» бағыттары бойынша жобалар қабылданады. Ерекше жобалар байқауына қатысуға 14 жастан бастап 35 жасқа дейінгі жастар үміткер бола алады. Үміткерлер өтінім мен жоба сипаттамасын, жеке куәлігінің көшірмесін, тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжаттың көшірмесін тапсыруға тиіс. Үміткерлер өтінімдерін жастар ресурстық орталығына тапсыра алады. Биылғы грантқа құжат қабылдау уақыты @jasaqtobe инстаграм парақшасында жарияланатын болады. Жоба аясында тәуелсіздік жылдарында жетістікке қол жеткізген қазақстандықтардың қатысуымен әртүрлі форматтағы шаралар өткізіледі. Әр өңірде «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттарының қатысуымен нетворкинг және тәжірибе алмасу, пікірталас алаңдары құрылып, шеберлік сағаттары, семинар-тренингтер ұйымдастырылады, — дейді ол.
Оның айтуынша, мұндай жобалар жастардың өзін-өзі дамытуға ынталандыру үшін қажет. «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы жастарға дұрыс таңдау жасау, сенімге лайық азамат болу, өзін-өзі дамыту, оқу және еңбек арқылы табысқа ұмтылуға сеп болады:
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға, өскелең ұрпаққа зор сенім арта отырып, олардың әлеуетін дұрыс арнаға бағыттап, тиімді пайдалану керектігін айтты. Ақтөбе облысында бұл бағытта бірқатар іс-шара жүзеге асырылып жатыр. «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты 6 бағыт бойынша беріледі. «Білім және ғылым» — жаңа ғылыми жобаларды және зерттеулерді іске асыруға арналған. «Мәдениет және өнер» — Қазақстанның мәдени мұрасын танымал етуге, халықтық мәдени дәртүрлер мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыруға, «Ақпараттық технологиялар» — жаңа IT шешімдер мен жобаларды, оның ішінде жаңадан басталған стартап жобаларды, «Бизнес және кәсіп» — экономикалық басым секторларында жаңа бизнес-идеяларды, «Медиа» — жаңа медиа жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контент құру жөніндегі жобаларды іске асыруға арналған. «Волонтерлік» — волонтерлік қозғалысты дамыту мақсатында өткізілетін жоба. Бұл грант жаңа жетістіктер мен жаңалықтарға жол ашып, шығармашылық, ғылыми, іскерлік идеялардың еліміздің дамуына елеулі үлес қосуына мүмкіндік береді, — дейді Иса-Бек Дүйсенбаев.
Жоба жеңімпаздары
«Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасының өткен жылғы жеңімпаздарымен де сөйлескен едік. Қоғам белсендісі Нұрбек Сұлтанғали «ECOOIYL» атты жобасын сәтті қорғап, «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасының жеңімпазы атанған.
— Волонтер болғандықтан, осы бағыттағы жобаны жазып шықтым. «ECOOIYL» жобасының мақсаты — Ойыл өзенінің геоэкологиялық жағдайын зерделеу, оны сақтап қалуға қатысты өзекті мәселелердің шешімін табу. Климаты жағынан құрғақ аймақ саналатын жерде орналасқан «Ойыл» өзенінің экологиялық апат алдында тұрғаны жастарды ерекше алаңдатады. Ойыл өзені Ақтөбе облысындағы Темір ауданы Еңбек ауылы тұсындағы бұлақтан бастау алып, Атырау облысындағы Ақтөбе көлі тұсында тартылып қалады. Жалпы ұзындығы — 800 шақырым. Оның ішінде Ақтөбе облысы бойынша — 522 шақырым, ал Атырау облысы бойынша 278 шақырымға жетеді. Әзірге сала мамандарымен ақылдасып, өзенді экологиялық апаттан құтқарудың әдіс-тәсілдерін зерделеп жатырмыз. Тазартуды қажет ететін бұлақтың үшеуі Темір ауданының аумағында орналасқан. Былтыр волонтерлердің көмегімен бұлақтардың орналасқан аумағымен танысып шықтық. Биыл көктемде табиғат жанашырларымен бірге бұлақтардың көзін ашып, тазалық жұмыстарын жүргізетін боламыз. Қазір арнайы чат ашып, өзім секілді белсенді волонтерлердің басын қосып жатырмын. Жобамның үздік шығып, грант иегері атанғаныма қуаныштымын, — дейді ол.
2018-2019 жылдары Темір аудандық газетінде тілші болып қызмет атқарған ол «Шапағат» еріктілер тобында жүріп көптеген игілікті істердің өтуіне мұрындық болған.
— Біреуге қол ұшын созып, көмектесу, қолдау көрсету — қанымызға сіңген қасиет. Волонтерлік қызмет балалар мен жасөспірімдерді үлкенге көмектесіп, кішіге ізет көрсетуді үйретеді. Осы волонтерлік қызметте жүріп, 2019 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы аясында Қырғызстанда өткізілген жазғы лагерьге қатысушы ретінде бардым. Бес күнге созылған шығармашыл жастар бас қосқан лагерьде «Медиа» тобының құрамында болып, белгілі журналист Дина Светличнаяның ақпараттық сағаттарына қатысып, «Arсha» деген журнал жарыққа шығардық. Қазіргі уақытта Темір аудандық орталықтандырылған кітапханасында жұмыс жасап жатырмын, — дейді Нұрбек Сұлтанғали.
Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің 1-курс докторанты Фариза Әбішова — ел тәуелсіздігінің 32 жылдығына орай ұйымдастырылған «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының конкурсының жеңімпазы. Фаризаның «Білім мен ғылым» бағыты бойынша тапсырған зерттеуі жүкті әйелдердің қауіпсіз босануына, болашақ ата-ананы босануға дайындаудың тиімді әдістерін үйрету және босану техникасын таңдау туралы білім беруге бағытталған. Бакалавриат пен интернатураны сәтті аяқтаған Фариза Денсаулық сақтау министрлігінің мемлекеттік білім грантымен «Акушерлік және гинекология» бағыты бойынша резидентураны да тәмамдаған.
— Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетін тәмамдаған соң Хромтау аудандық ауруханасына акушер-гинеколог болып жұмысқа орналастым. Тәжірибемді жетілдіру мақсатында облыстық перинаталдық орталықтың жүкті әйелдер патологиясы бөлімінің акушер-гинекологі болып қызмет атқардым. Қазіргі таңда «Erke-med» медицина орталығында дәрігер акушер-гинекологі және балалар гинекологі болып жасаймын.
Жобамның тақырыбы — «Қауіпсіз босану — бақытты отбасы кепілі». Жобаның негізгі миссиясы — жүкті әйелдердің және нәрестенің моральді және физикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы жоба арқылы жас аналарға ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргіземін. Оның ішінде жас аналарға анатомиялық сауаттылық, босану кезеңдері, серіктестік босану, сәби күтімі бойынша курстар оқытылады. Аталған жобаның негізі мақсаты — жүктілік, перзентханада босану және босанудан кейінгі, кезеңдерде әйелдер үшін сапалы медициналық қызмет көрсету. «Қауіпсіз ана» бағдарламасына әртүрлі технологиялар енеді. Мысалы, әртүрлі көмек көрсету үшін босану кезінде серіктестің, яғни босанушы әйелдің жақын адамның қатысуы, барынша үй жағдайына ұқсайтын жайлы жеке босану залы, ауырсыну синдромын басу үшін жағдай жасалған — кішкене доптар, швед қабырғасы, арқандар қолданылады. Болашақ ананың қалауымен оның сүйікті музыкасын қоюға да болады. Қазіргі таңда жас аналарға курс оқытып, жобамды сәтті бастап жатырмын. Алдағы уақытта «Шипагер» медицина орталығында мединалық сабақтар және оқыту курстары жүргізілетін болады, — дейді ол.
P.S. «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты — талантты жастардың шығармашылығын шыңдауға берілген зор мүмкіндік. Ендігі кезекте жеңімпаздар өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруы керек. Олар өскелең ұрпақтың кәсіп таңдауына үлгі болатын мықты маман атанып, ел дамуына үлестерін қосарына кәміл сенімдіміз.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.