Мәдениет

Әсерлі кездесу

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы №30 орта мектепте Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында 22 қыркүйек ─ ҚР халықтарының тілдері күніне орай ұйымдастырылған «Тіл және тәуелсіздік» атты кездесу кешін өткізді.

Кешке облыстық тілдерді дамыту басқармасының жауапты қызметкері Жанғабыл Қабақбаев, облыстық тілдерді дамыту басқармасы мемлекеттік мекеме жанындағы тілдерді оқыту орталығы директорының орынбасары Шынар Момышева, «Автопарк» ЖШС баспасөз хатшысы Серік Төлеубаев, тіл жанашыры, білім беру ісінің ардагері Зоя Браловалар қонақ ретінде шақырылды.

Кештің алғашқы сөзін алған облыстық тілдерді дамыту басқармасының жауапты қызметкері Ж.Қабақбаев оқырмандарды Қазақстан халықтарының тілдері күнімен құттықтады. «Қай кезде болмасын, ана тіл мәселесі ─ сол тілде сөйлейтін, сол тілден сусындаған, ұлттық, ділдік белгісі болып саналатын халықтың мәселесі. Елдіктің негізгі шарттары, түптеп келгенде, мемлекет тілінің, ұлттық рухының көтерілген биігімен өлшенеді», ─ деді ол.

Ш.Момышева өз сөзінде аймақтағы тіл саясатының жүргізілуі барысындағы жетістіктерге тоқталды, С.Төлеубаев өзі қызмет ететін мекемедегі тіл саясатын жүзеге асырудағы өзгерістер жөнінде айтты. Білім беру саласындағы 50 жылдық еңбек тәжірибесінде қазақ тілінің мәртебесі үшін күрескен З.Бралованың әңгімесі жиналғандарға ерекше әсер қалдырды.

Кеш соңында мектеп оқушылары өз өнерлерін көрсетті. Шара аясында «Тәуелсіздік ─ ел бақыты» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып,  кітапханашы Әлима Сәндғалиева оған библиографиялық шолу жасады.

 

Алмагүл КЕМАЛОВА,

Өлкетану бөлімінің кітапханашысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button