АуылБасты жаңалықтар

100-ге жуық жылыжай салынды

Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттырып, жұмыссыздық деңгейін азайту арқылы ауылдың тұрмыс-тіршілігін жақсартуды көздейтін «Ауыл аманаты» жобасының арқасында облыстағы бірқатар елді мекен қайта түледі. «Ертеңгі күнім не болады?» деп отырған кейбір ауылдағы ағайын кәсіптің көзін өз ауласынан тауып, қорасын малға толтырды.

Өткен жылы осы жобаның аясында облыс аумағында 100-ге жуық жылыжай ашылды. Көкөніс алқаптарының жалпы көлемі 12 мың шаршы метрден асады.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағылар жергілікті өнімге сұраныс жоғары екенін әрі оның бағасы нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан екенін айтады.

Жылыжайды ең көп ашқан аудандар қатарынан  Мәртөк пен Алға аудандарын көруге болады. Былтыр Мәртөкте — 26, Алғада 25 жылыжай салынған.

Жылыжайы көп аудан

Өңірдің солтүстігінде жатқан Мәртөк —шаруашылықтың кез келген түрімен айналысуға қолайлы аудандардың бірі. Бұл ауданның тұрғындары «Ауыл аманаты» жобасына да белсене қатысып жатыр. Көбі өсімдік және құс шаруашылығы кәсібін қолға алған.

«Ауыл аманаты» аясында аудан бойынша 238 жоба тапсырылған. Құны — 1197 миллион теңге. Оның ішінде 996 миллионтеңге болатын 215 жоба мақұлданыпты.

Жоба басталған уақытта аудан бойынша скрининг жүргізіп, қандай бағытқа көңіл бөліп, қай салаға басымдық берген жөн деген сұрақтардың жауабын іздедік. Мәртөк — әлеуеті жоғары әрі облыс орталығына жақын орналасқан аудан. Сондықтан құс пен өсімдік шаруашылығын дамытуды қолға алдық. Араларында шағын және орта бизнесті дамытқысы келетіндері де бар. Бүгінде жоба қатысушылары алғашқы өнімдерін алып, пайдасын көріп жатыр, — деген Мәртөк аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бақытжан Мүлкаев «Ауыл аманатына» қатысып, тың жобаларды қолға алған ауыл тұрғындарын атап өтті.

Мәртөк тұрғыны Самал Абаева жолдасымен бірге бағдарлама аясында 3 миллион 800 мың теңге несие алып, жүгері еккен. Жаздай егіс алқабына тамшылатып суару әдісін қолданған шаруаның өнімдеріне сұраныс жоғары болғанын айтады.

— Биыл жүгеріге сұраныс жоғары болды. Шаруалар өнімдерін Мәртөктен бөлек Қобда, Қарғалы аудандарына сатты, — деді бөлім басшысы.

Сондай-ақ ол бағдарламаға қатысып, қаз, үйрек, тауық сатып алып, бүгінде ысталған құс етін дайындап отырған Мәртөк тұрғыны Татьяна Постоваяның жобасын да көпке үлгі етті.

Біздің ауданның тағы бір жетістігі — жобаның арқасында Тәңірберген ауылдық округінде жұмыссыздық жойылды. Осы жазда ауылдағы кәсіпкерлердің бастамасымен «Ауыл аманаты» жобасына қатысушылар өндірген өнімді сатуға арналған алғашқы павильон ашылды. Мұнда ақтөбеліктер қолжетімді бағамен сүт, шоколадпен қапталған құлпынай, тары, жент, ірімшік, кұрт секілді өнімдерді сатып ала алады, — дегенБақытжан Мүлкаев «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, ауыл шаруашылығы тауарын өндіріп отырған шаруалар күзде еліміздің бас қаласы — Астанада өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне қатысқанын айтты.

Сондай-ақ ауласын кәсіп көзіне айналдырған шаруаларға «Табыс» коммуналдық базарында да орын берілген.

Болашаққа салынған инвестиция

«Ауыл аманатына» қатысып, ауласында жылыжай салғандардың бірі — Әділ Каукаев. Мәртөк ауылының тұрғыны бұл шаруаны ұлы Мирастың болашағы үшін салынған инвестиция дейді.

Қазір жастар ауылда тұрғысы келмейді. Жұмысы болса да, болмаса да барлығы қалада жүргенді жақсы көреді. Екінші ұлым оқуын бітіріп, диплом алған соң ауылда, қасымда болғанын қаладым. «Іздегенге — сұраған» дегендей, дәл сол уақытта өңірде «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынып жатты. Ауыл халқы үшін өте тиімді бағдарламаға біз де қатыстық. Жобамыз мақұлданды. Алты миллион теңге көлемінде қаражат алып, үйдің қасынан аумағы 180 шаршы метр болатын жылыжай салдық, — деген шаруа күзде жылыжайға қиярдың дәнін сепкенімен, өкінішке қарай, ешқандай өнім ала алмай қалғанын айтты.

Қай істің де өзіне тән қиындығы болады. Жыл сайын аулада бау-бақша егіп жүргенімізбен, жылыжайдың жайы бөлек екен. Білмейтініміз көп болып шықты. Өнім алайын деп тұрған сәтте «күйдіріп» алдық. Тап осындай жағдай былтыр ауылда жылыжай салған бірнеше адамның басынан өтті. Біріншіден, қиярдың сұрпын дұрыс таңдамаппыз, екіншіден, қиярдың да құрты болады екен. Біз сол құртты байқамағанбыз. Былайша айтқанда, іші ауырған адамға бас аурудың дәрісін бергендей әрекет жасаппыз. Оны кейін білдік. Қазір жылыжайда аскөк өсіп жатыр. Бұйырса, ендігі өнімнің дәнін ақпан айының соңына қарай себеміз.

Бір қуантарлығы, несиені ең төменгі пайызбен алдық. Әрі бір жылға каникул берілді. Ол — кәсібін енді бастап жатқан ауыл тұрғындары үшін — үлкен қолдау, көмек, — деді Әділ.

Дегенмен шаруа болған іске өкініш жоқ екенін, барлығы тәжірибемен келетінін алға тартты. Сондай-ақ өзінің білетіндерін «Ақтөбенің» оқырмандарымен бөлісті.

— Бізде жылыжайдың мән-жайын үйрететін ешқандай оқу орындары жоқ. Білмейтінімізді интернеттен қарап, сұрап үйреніп жатырмыз.

Жылытылған жабық кешенде өсіп жатқанымен, қияр күннің көзін де қажет етеді екен. Сондықтан жылыжайдың төбесін жабатын құрылғыларға мән берген жөн. Тағы бір айтарым, қияр мен қызанақты бір кешеннің ішіне өсіруге болмайды. Бұндай жағдайда өнім аз түседі, — деді Әділ Каукаев.

«Көк жуаның бағасы түсіп кетті»

Мәртөктің Нұрлан Жұмағалиев есімді тұрғыны ауласында көк жуа мен қияр өсіріп-ақ табыс тауып отыр.Екі жылдан бері осы істі өзіне кәсіп қылған ол «Ауыл аманаты» жобасының аясында 8 миллион теңге несие алып, жылыжай салады.

Бұған дейін ауламда шағын жылыжайым болды. «Ауыл аманатының» арқасында дүкенімді кепілдікке қойып, 2,5 пайызбен несие алдым. Нәтижесінде тағы үш сотық жерге жылыжай салып, кәсібімді кеңейттім. Көкөністі сақтау, күтім жасау жағын жақсы білемін, — деген ол биыл өнім жақсы шыққанымен, көк жуаның бағасы түсіп кеткенін айтты.

— Көк жуаға да, қиярға да сұраныс бар. Бірақ көкөністің көбі сырттан әкелініп жатқандықтан, көк жуаның бағасы түсіп кетті. Өткен жылы келісін 2000-2200 теңгеден сатқан жуамызды биыл 800-900 теңгеге ғана өткіздік.

Мен жылыжайыма көк жуа мен қиярды арасына демалыс салып, алма-кезек өсіретінмін. Қазір қиярдың дәнін сеуіп тастадым. Өнімді, бұйырса, наурыз айында аламын. Наурыз айында қиярдың бағасы шамамен 500-700 теңге аралығында болады, — деген шаруа биыл жылыжайына 3 адамды жұмысқа алғанын айтты.

— Бізге жұмысшы өнімнің піскен уақытында керек. Өйткені көк жуа бір ай ішінде дайын болады. Сол уақытта жинап алып, өткізу қажет. Жасыратыны жоқ, осы уақытқа дейін жылыжайдан шыққан өнімнің әжептәуір пайдасын көріп келдім. Бірақ биыл күзде көк жуа емес, көкөністің басқа түрін егуді жоспарлап отырмын, — деді ол.

P.S «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру үшін Үкіметтенбылтыр қараша айында 3 миллиард теңге, биылғы ақпан айында  3,5 миллиард теңге қаражат аударылды. Қыркүйектің соңында қосымша 12,5 миллиард теңге бөлінді.

Бүгінге дейін облыстағы 1697 адамның жобасы мақұлданып, оның 1555-і несие алған. Яғни 1555 отбасы өз кәсібін бастап, «бизнес» деген үлкен әлемге қадам басты.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button