Ауыл

Көркейген Көктөбе

Соңғы жылдары Хромтау ауданындағы Көктөбе ауылында кәсіп бастаушылардың қатары көбейіп келеді. «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, кәсібін бастағандар көпке үлгі.  

Көктөбе ауылдық округінің әкімі Арыстан Зингиннің айтуынша, былтыр ауылда бірқатар нақты істер жасалыпты. Соның бірі — ауылдағы «Жастар»  саябағының абаттандырылуы. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында аталған саябақты жөндеуге ауыл азаматтарының сіңірген еңбегі зор.

Ауыл тазалығы да әркез басты назарда. Санитарлық тазарту жұмыстары жүйелі түрде ұйымдастырылады. Ал ауыл аймағын қысқы мезгілде қардан тазалауға «Ақтолағай» шаруа қожалығы міндетіне алды. Бұл мақсатқа бөлінген қаражат отыз пайызға көбейді. Жалпы, көше және ауыларалық жолдарды жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылып келеді. Биыл да бірнеше көшеге қиыршықтас төселеді, — деді А.Зингин.

Ауылда медициналық пункт бар. Былтыр Көктөбеге жедел жәрдем көлігі беріліпті.

Соңғы жылдары ауыл тұрғындары арасында бизнес бастаушылар қатары да көбейіп келеді.

— «Ауыл аманаты» жобасымен жерлесіміз Сапар Дүйсеков 100-ге жуық құс алып, өз кәсібін бастаған болатын. Қазіргі таңда құс етін сату жолдары қарастырылып жатыр. Одан бөлек «Бастау Бизнес» жобасы арқылы қайтарымсыз грант алып, ірі қара бағып отырған Руслан Мұхамбетов есімді ауылдасымыз да атакәсіп иесі атанды, — деді ауыл әкімі.

Жыл соңында Көктөбеде нан және ұн өнімдерін шығаратын наубайхана іске қосылды. Наубайхана иесі — 27 жастағы Ақмарал Қуатжанова бала күтімімен үйде отырған ана. Бос уақытын кәсіпке арнаған Ақмарал «Ауыл аманаты» жобасы арқылы қаржы алып, кәсібін бастаған. Қазіргі таңда қос бірдей ауылдасын жұмысқа алып, ауылдастарын ыстық нанмен қамтамасыз етіп отыр.

Ләззат ӘБДІРОВА,

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button