Экономика

Тіл және экономика

Дүйсенбі күні облыстық тілдерді дамыту басқармасының жанындағы тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тілді банк және экономика салалары бойынша оқыту мәселелері» тақырыбында семинар өтті. Шараға банк және экономика саласындағы мекеме мен кәсіпорындардың мемлекеттік тілге жауапты мамандары қатысты.

Орталық директорының орынбасары Шынар Момышеваның айтуынша, бұндай басқосу алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Басты мақсат — экономика саласы бойынша қазақ тілін үйрететін мамандарға бағыт-бағдар беру. Семинарда

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің оқытушысы, педагогика ғылымдарының докторы Бақытгүл Құрманова «Мемлекеттік тілді банк және экономика салалары бойынша оқыту мәселелері» тақырыбында баяндама  жасады. Мәселен, Бақытгүл  Құрманованың айтуынша, банк саласындағы қызметкерлерге мемлекеттік тілді оқытпас бұрын, алдымен осы саладағы жүйені зерттеп алу керек.

Осыдан бір-екі жыл бұрын банк саласындағы қызметкерлерге қазақ тілінен сабақ бердім. Қызметкерлердің тіл үйренуге  ынтасы зор. Алайда банктің  жұмыс істеу жүйесі мен компьютерлік бағдарламалары және іс қағаздары  орыс тілінде. Сондықтан қанша жерден қомақты қаржы бөліп, мемлекеттік тілді оқытсақ та күнделікті өмірде қолданбағаннан кейін пайдасы аз. Осы мәселеге  байланысты жүргізілген зерттеудің нәтижесінде банк қызметкерлерінің елу пайыздан астамы осыны  айтты. Және олар бағдарламалардың ана тілімізге ауысқанына құба-құп келіседі, — деді ол.

С. Бәйішев атындағы университеттің экономика бөлімінің жоғары дәрежелі оқытушысы Т. Масинов пен «БТА» АҚ Ақтөбе филиалының тілге жауапты маманы Л. Қожанова осы тақырыпқа қатысты баяндама жасап, өз ойларын ортаға салды.  Семинарға қатысушылар сұрақтарын қойып, өзара тәжірибе алмасты. Облыстық салық департаментінің ұйымдастыру бөлімінің бас маманы және департаменттегі «Қазақ тілі» қоғамы бастауыш ұйымының  төрайымы Дария Балғаринаның айтуынша, бұндай басқосулар өте тиімді. Қазір салық департаментіндегі құжаттардың басым бөлігі мемлекеттік тілде жүреді.

Семинар соңында қатысушыларға орысша-қазақша тілашарлар үлестірілді. Жалпы орталық мемлекет тарапынан бөлінген тіл үйренуге қатысты кітаптарды  мекемелер мен кәсіпорындарға тегін таратады.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button