Мәдениет

Батырлар мекеніне саяхат

Облыстық мәдениет басқармасы, «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығы және «Әлия» мемориалдық музейі жаз басталысымен «Ақтөбе-Әлия ауылы-Қобда-Жиренқопа-Ақтөбе» бағыты бойынша экскурсия өткізуді жоспарлаған болатын. Біздің газет арқылы хабарландыру да берілді. Жақында алғашқы боп өтініш білдірген зейнетақы төлеу мемлекеттік орталығының ұжымы осы бағыт бойынша экскурсияға шығып қайтты.

Орталық директоры Қайрат Отаров бастаған ұжым батырлар мекені — Қобда өңірін аралауға жолға шықты. Әуелі Әлия ауылындағы «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығының директоры Бағдаш Төпенова орталық жағдайымен таныстырды, мұндағы «Әлия» мұражайының директоры Динара Сейсенғалиева мұражайдағы батыр қызға қатысты жәдігерлер мен құжаттарға жеке-жеке тоқталды.

Одан әрі Талдысай ауылынан оңтүстікке қарай 12 шақырым жерде еліміздегі бірегей және сирек кездесетін сәулет өнері — Абат-Байтақ кесенесіне бардық. Әуелі құран бағышталды. Ақтөбедегі «Әлия» музейінің қызметкері Света Қазтуғанова ұжымға тарихи ескерткіш туралы мәліметтер айтты. 2007 жылы қайта қалпына келтірілген Абат-Байтақ ескерткішінің жанында бір жақ бұрышы құлап, сақталған «Қыз әулие» бейіті бар. Тарихымыздан сыр шертетін тарихи жәдігер көрген жұртқа әсерлі көрінді.

Одан әрі Жиренқопа ауылына бардық. 2007 жылы Қобыланды батырға арналып салынған дулыға тәріздес кесене алыстан көзге түсті. Бізді «Қобыланды батыр» мемориалдық кешенінің экскурсоводы Тілектес Нұрфайызова қарсы алды. Ол

«Қобыланды батыр» жырындағы Қобда жеріндегі Қособа, Жиренкөл, Ешкіқырған, Тасбұлақ тауы, Тұшман бұлағы бүгінге дейін өзгеріссіз осылай аталатынын айтып, кесене туралы әңгімелеп, сұрақтарға жауап берді.

— Көктемде бір көрмеде Қарғалы ауданындағы сарқыраманың баннерін көрдім. Содан ұжымды ұйымдастырып, сол сарқыраманы өз көзімізбен көріп келдік. Қобданың перзенті болсам да, осы аудандағы Абат-Байтақ кесенесіне жол түспей жүрген еді. Ел аралап, тарихи ескерткіштерді көру туралы идеямды ұжым да қолдады. Экскурсия бағыты бойынша газеттегі хабарландыру да біздің ойымызды құптағандай. Батырлар мекенінен мол мәлімет алдық. Тек қана өзіміз емес, қызметкерлер балаларын да ертіп шықты. Мен де ұлым Мирасты ертіп шықтым. Осындай саяхаттар жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің бір үлгісі деп ойлаймын. Отбасымызбен тарихқа көп көңіл бөлеміз. Бір  қызым «Болашақ» бағдарламасы арқылы Ұлыбританияда оқып жүр. Ол да қасындағы достарына Қазақстанның тек дала емес екенін, мәдени мұраларға, тарихи ескерткіштерге бай екенін көрсету үшін елге келгенде аралап, бейнетаспаға жазып алып кетеді. Облыс аудандарына саяхатымызды жалғастыра береміз. Ендігі жылы Ойыл ауданындағы Барқын құмы мен қарағайлы орманды көру жоспарымызда бар, — дейді Қайрат Отаров.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button