Басты жаңалықтарДенсаулық

«Суперинфекциядан» қалай сақтанамыз?

Өткен жылы облыстық клиникалық инфекциялық ауруханада жедел респираторлы вирустық инфекция, тұмау жұқтырған 2940 науқас ем қабылдап, сауығып шықты. Олардың дені, яғни 2152-сі — бала. Қалған 788-і — ересек. Ал 18 адам тұмау жұқтырған. Оның 14-і — қаңтар айында, ал 4-еуі ақпан айында тіркелді. Тұмаудың да түрі көп. Ауырғаннауқастардың 16-сынан — шошқа тұмауы, екеуінен В типті тұмау анықталған. 2022 жылмен салыстырғанда былтыр жүкті әйелдер арасында жедел респираторлық вирустық инфекциялар, тұмау аурулары көбейген. Осы тақырып төңірегінде облыстық клиникалық инфекциялық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Әлия Нұртдиновамен сұқбаттасқан едік…

— Қазіргі уақытта әртүрлі инфекциялардың қосындысынантуындаған ауру күш алып тұр. Бұл — араласып кеткен«суперинфекциялар» көрінісі. Науқастар айтқан шағымда түрлі вирустың белгілері бар, ал мұндайараласып кеткенинфекциялар асқынуға бейім.

Әр инфекция қоздырғышының өзіне тән клиникалық көріністері болады. Мысалы,жоғары тыныс алу жолдарын зақымдайтынтұмау вирусы кезінде науқаста айқын интоксикация, яғни дене температурасының 38-39 градусқа дейін көтерілуі, қалшылдау, мұрыннан су ағу, басы ауырып, көз алмасында ауырсыну байқалса, парагрипп кезінде ауру белгілері,негізінен, жөтел, дауыстың қарлығуымен көрінеді. Бұл кезде интоксикация белгілері айқын болмайды. Аурухана жағдайында аталған инфекциялар зертханалық әдістер арқылы айқындалады.Ал жедел респираторлық вирустық инфекциядакатаральды белгілер,мұрыннан су ағуы, тамақтың қышуы және ауыруы, жөтел көбірек байқалады.

Аденовирустық инфекцияда температура көбіне субфебрильді болады, мұнда да мұрын бітеліп, тамақ қышып, ауырады. Сондай-ақ  науқастың бадамша бездерінде іріңді жабынды немесе іріңді фолликула, көзінде коньюнктивит белгілері де байқалады. Байқап отырсаңыз, аденовирустық инфекцияның белгілері тұмауға, ротавирусқа, тіпті басқа да қабынуларға ұқсайды, бұл дұрыс диагноз қоюды қиындатады. Сондықтан денеде қандай инфекция барын өз бетінше анықтауға тырысудың қажеті жоқ.

Сонда вируспен, бактериямен қалай күресеміз?

— Қоздырғыштың әртүрлілігіне байланысты емдеу жолдары да өзгеше болады. Жалпы тұмау және басқа да ЖРВИ кезінде антибиотиктер негізгі ем болып саналмайды. Бұл кезде ең алдымен вирусқа қарсы препараттар және симптоматикалық ем, яғни көп мөлшерде сұйықтық ішу, қызу түсіретін препараттар тағайындалады. Антибиотиктер тек ауру бактериялық инфекцияның қосарлануымен асқынған жағдайда беріледі.

Аурудың вирустық немесе бактериялық екенін қалай ажыратамыз?Олардың айырмашылығы неде?

— Әртүрлі патологияларды тудыратын вирустардың саны өте көп. Әсіресетұмау вирусының дамуына түрткі болатындар жиі кездеседі. Ал қалғандары жедел респираторлық вирустық инфекция тудырады.

Қабынудың вирустық шығу тегін көрсететін көптеген белгілер бар. Олар: дене температурасының 38 градустан жоғары көтерілуі,  бас ауруы, әлсіздік, ұйқышылдық секілді интоксикацияның айқын белгілері, жөтел, мұрын бітелуі, іштің өтуі, құсу, кейде теріге бөртпе шығуы да мүмкін.

Аурудың асқынуы вирустың күш алуына байланыстыөрбиді. Мәселен, кейбір кезде мұрынның ағуы тоқтамай, ринитке ұласса, тағы бірінде жұтқыншақтың кілегей қабаты қабынып, фарингитке айналып жатады. Бірақ әрбір вирустықинфекцияның ұзақтығы 10 күннен аспайды, себебі шамамен 4-5 күн ішінде симптомдар азая бастауға тиіс.

Вирустық инфекцияны бактериялық инфекциядан ажырата білу үшін аурудың екі түрінің де патогенезінің ерекшеліктерін білу маңызды. Бактерияға келесі белгілер тән: ауырсыну зақымдалған жерде ғана білінеді, қабыну қатты дамымайынша дене температурасытөмен болады, науқастың тәбеті болмайды, басы қатты ауырады, тез шаршайды. Бактериялық инфекцияның ұзақтығы 10-12 күннен асады. Бір жаманы, бактериялық инфекция өздігінен жойылып кетпейді, науқас емделмесе жағдайы тек нашарлай береді.

Жедел респираторлы вирустық инфекция кезінде науқасқа вирусқа қарсы препараттар мен дәрумендер ішіп, дұрыс тамақтану жеткілікті болса, ал бактериялы инфекцияда антибиотик қабылдағанға дейін қабыну дами береді.

Вирусқа қарсы препараттарды қай кезде қолданған тиімді?

— Вирусқа қарсы емдеуді мүмкіндігінше ертерек, яғни аурудың алғашқы белгілері пайда болған сәтте-ақ бастаған тиімдірек. Әйтпесе жедел респираторлы вирустық инфекцияасқынып, жедел бронхит, бронхиолит, трахеит, синусит, пневмония, менингит, менингоэнцефалит, миокардит және басқа да ауруларға ұласуы ықтимал. Әсіресе кішкентай бала вирустық инфекция жұқтырып алса, мұндай жағдайда ата-анасы өздігінен ем жасамай, дереу дәрігер көмегіне жүгінгені жөн. Дем арасында тез дамитын ауру асқынса, ұзақ емделуі мүмкін.

Вирустық инфекция әдетте физикалық байланыс арқылы, ауа тамшыларымен, сондай-ақ ластанған заттар арқылы жұғады. Сол себепті балаларға жеке гигиена ережелерін түсіндіріп, таза жүруді үйреткен абзал.

— Сосын ел ішінде«коронавирус қайта оралды» деген қауесет жүр. Бұл қаншалықты рас?

— Былтырнауқастар арасында коронавирусинфекциясы тіркелген жоқ. Бірақ жедел респираторлы вирустық инфекция мен тұмау жұқтырғандардың дене қызуы 40 градустан түспей, мазаларын қашырды, «суперинфекция» соңы қабынуға ұласты. Науқастардың рентгенограммасында екі жақты полисегментті пневмония, оң жақты пневмония, бронхит жиі кездесті. Мана әңгімемнің басында айттым ғой, түрлі инфекциялар өзара араласып, «суперинфекцияға» айналған. Себебі ауру тез асқынып, инфекция дем арасында қолқа мен өкпеге шабады.

Учаскелік дәрігерлердің айтуынша, соңғы уақытта тұрғындар дене температурасы көтеріліп, қызуыбіраз күнге дейін түспейтінін айтып, жиі шағымданады екен. Сондай жағдайда не істеу қажет?

— Бұл жағдайда ең әуелі учаскелік дәрігермен байланысу керек. Егер стационарлық ем алуқажет болса, дәрігер жолдамасымен инфекциялық ауруханада ем қабылдайды.

Қазіргі күні инфекциялық ауруханада ЖРВИ, тұмау диагноздарымен44 бала ем қабылдап жатыр, оның ішінде 1 жасқа дейінгі бала саны — 17, жүкті әйелдер — 8. Ауруханаға ЖРВИ, тұмау инфекцияларымен түскен науқастар 5-7 күн ем қабылдайды. Тағы да дәрігер ретінде қайталап айтайын, қазіргі уақытта әртүрлі инфекцияның қосылып, араласуынан ауру күш алып, асқынуға бейім. Сондықтан үйде емделмей, алғашқы белгі байқалған сәтте емханаға хабарласыңыз.

— Сонда «суперинфекциядан» қалай сақтану керек?

— Инфекциядан сақтанудың негізгі жолы — вакцина. Десек те, былтыр біздің ауруханаға түскен науқастардың 17-сі ғанатұмауға қарсы екпе алыпты, қалған 2923-і — екпе алмағандар. 2023 жылы қыркүйектің 15-інен қарашаның ортасына дейін тұмауға қарсы жаппай егу жұмыстары жүргізілді. Бірақ, өкінішке қарай,ақтөбеліктердің біразы тұмауға қарсы екпе алмапты.

Ең әуелі облыс тұрғындарына уақтылы екпе алуды және жаппай адам көп жиналатын орындарға бармауды ұсынамыз. Өзіңіз ауырсаңыз да, балаңыз ауырса да, үй жағдайында емдемеуге кеңес береміз. Науқастың дене қызуы жоғары болса, учаскелік дәрігерді үйге шақыртыңыз, себебі тек білікті маман ғана дұрыс диагноз қойып, ем-шара тағайындай алады.

Суық тиіп, тұмауратсаңыз немесе инфекция жұқтырып алсаңыз, дәрігер тағайындаған емді қабылдап, ұсыныс-кеңестерін қатаң сақтаңыз. Сорпа, тосапты көп ішіңіз, таза ауада көп жүріңіз. Суперинфекциядан сақтану үшін жеке бас тазалығы мен үй тазалығын сақтап, бөлмелерді желдетіп,еденді жиі жуып алған жөн. Көкөніс пен жеміс-жидекті көбірек жеңіз. С дәрумені бар тағамдарды көбірек қолданыңыз, дәрігерлер ұсыныстарын қатаң сақтаңыз.

Сіздің денсаулығыңыз  — өз қолыңызда, өзіңізге және жақындарыңызға қамқор болыңыз!

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button