Ауыл

Құмқұдыққа газ берілді

Көгілдір отын

Әйтеке би ауданындағы Құмқұдық ауылына газ берілді.

Құмқұдыққа газ тарту жұмыстарына бюджеттен 4,1 млрд теңге қаржы бөлінген. Жалпы ұзындығы 89,6 шақырым газ құбыры жүргізіліпті.Ал кентішілік газ құбырын салуға 168,9 миллион теңге бөлініп, игерілген.

Салтанатты шараға аудан әкімі Дәулетияр Тоғызбаев пен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаев қатысты.

— Бүгін ауыл тұрғындары көмір кіргізіп, күл шығарудың бейнетінен құтылып жатыр. Ауылға газ келіп, өркениетке қарай жақындай түстік. Бұл — үлкен қуаныш. Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Елді газбен қамтамасыз ету — өзекті мәселе. Электр қуаты, жылу және су — тұрмысқа аса қажетті игіліктер»,— деп атап көрсетіп, жергілікті атқарушы органдарға осы бағытта түрлі шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Бүгінгі шара — соның бір нәтижесі. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды әрі қарай жалғастыра береміз, — деді аудан әкімі.

Қазіргі таңда Әйтеке би ауданы бойынша 27 елді мекеннің 13-і газдандырылған.

Бүгінде аудан аумағында құны 2,3 млрд теңге болатын тағы бір жоба жүзеге асырылып жатыр. Жұмыстар толық аяқталса, Сұлукөл, Ақтасты, Толыбай, Әйке, Тереңсайауылдарына газ барады.

Сондай-ақ Қияқты, Ұлғайсын ауылдарына газ жеткізу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, республикалық және облыстық бюджеттерден қаржыландыруға бюджеттік өтінім ұсынылады.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button