Спорт

«Авиценна» — кубок иегері

Шағын футбол

Мемлекеттік қызметшілер арасындағы «AQTOBE QYZMET CUP» шағын футбол чемпионаты мәресіне жетті.

Бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және мемлекеттік қызметшілердің спортқа деген қызығушылығын арттыруды мақсат еткен турнир қазан айында басталған болатын. Биылғы доп додасына 16 команда қатысты.

Жарыстың жабылу салтанатына облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысы Нұржан Мақсатов пен облыс әкімі аппаратының кадр бөлімінің басшысы Темірлан Садиров қатысып, жеңімпаз командаға «AQTOBE QYZMET CUP» кубогын табыстады.

Тартысты доп додасында 1-орын мен арнайы кубокты денсаулық сақтау қызметкерлерінен құралған «Авиценна» командасы жеңіп алды. Ал жүлделі 2- орын Әуе қорғаныс күштері әскери институтының «Авиатор» командасына бұйырды. Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлерінен құралған «Барыс» та үздіктер қатарынан көрініп, 3-орынды қанжығасына байлады.

Жарыс қорытындысы бойынша бірқатар спортшы арнайы номинациялармен марапатталды: «Авиценна» командасындағы Асылхан Үсенов «Чемпионаттың үздік қақпашысы», «Тұлпардағы» Нұрбек Кенжеқара «Чемпионаттың үздік қорғаушысы», «Жалындағы» Асқар Амангелді  «Чемпионаттың үздік сұрмергені», №6655 бөлімі командасындағы Жомарт Тұрсын «Үздік Чемпионат голын, «Авиатордағы» Жанболат Меңдіқұл — «Чемпионаттың үздік капитаны», «Барыстағы» Айдын Төлепбаев — «Чемпионаттың үздік ойыншысы».

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button