Мәдениет

Халықаралық конференция: Арал-Каспий аймағы — мұралар мекені

Өткен аптада Ақтөбеде «Мәдени мұра» Ұлттық жобасының шеңберінде «Еуразия тарихы мен мәдениеті аясындағы Арал-Каспий аймағы» атты ІІ халықаралық ғылыми конференция өтті. Еліміздің әр түкпірінен, өзге мемлекеттерден келген 70-тен  астам ғалымдардың, тарихшылардың басын қосқан шараның басты мақсаты — терең зерттеулер негізінде Арал-Каспий аймағының Еуразия тарихы мен мәдениетіндегі ерекше маңызын жан-жақты ашып көрсету.

— Аталған конференцияны өткізуге Білім және ғылым министрлігіне қарасты Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының Этнология бөлімі бастамашы болды. Ақтөбе облысы әкімшілігі бұл ұсынысымызды қабыл алып, форумды өткізуге қатысты үлкен ұйымдастыру жұмыстарын жүргізді. Қазақстаннан, алыс және жақын шетелдерден форумға қатысуға тілек білдіргендер өте көп болды, олардың арасында жастар да бар. Мұның өзі Арал-Каспий аймағының тарихи-мәдени, әлеуметтік-экономикалық маңызының ерекше екендігін білдіреді.

Арал-Каспий аймағының бай тарихы, бірегей этникалық мәдениеті мен көз тартар ескерткіштері бізге мынаны көрсетеді: аймақтың басты байлығы тек қана мұнай мен газ емес, ғасырлар сынынан өткен сарқылмайтын тарихи-мәдени мұралар… Қазіргі таңда осы тарихи-мәдени мұраларды мейлінше терең ғылыми тұрғыда зерттеп, көпшілікке әйгілеу қажет, — дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Серік Әжіғали.

Конференцияның ашылуында облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова сөз сөйлеп, облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің атынан шараға қатысушыларға сәт сапар тіледі, облыстағы «Мәдени мұра» аясында тындырылған және жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, Ақтөбе өңірінде бағдарлама аясында тарихи-мәдени ескерткіштер қалпына келтіріліп, тарихи тұлғалар жөнінде зерттеулер жүргізіліп, олардың есімдерін ұрпақ жадында мәңгі қалдыруға бағытталған жұмыстар жасалды, ауқымды ғылыми конференциялар өткізілді, т.б. Оның мысалы ретінде Абат Байтақ, Қобыланды кесенелерінің құрылысын, Ә.Молдағұлова, А.Жұбанов, Ш.Берсиев, Әйтеке би, Т.Бигелдиновке, Ауғанстан жауынгерлерінің құрметіне, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» шығармасының кейіпкерлеріне, Ақтөбе облысының бастамасымен Ресейде қойылған Әлияның және 100, 101-атқыштар бригадаларына қойылған ескерткіштерді, мемориалды кешендерді тілге тиек етуге болады.

— Конференцияның аймақтың ірі мәдени және ғылыми орталығы Ақтөбеде өтуі айтарлықтай маңызды. Қазақстан тарихындағы ірі қоғам қайраткері, қолбасшы Әбілқайыр хан жерленген «Хан моласы» бейітін кешенді зерттеулердің нәтижелерін қорытындылау аталған халықаралық форумды ұйымдастыруға дем береді. Көптеген мамандар — этноархеологтар, этнографтар, сәулетшілер, топырақтанушылар, геофизиктер, антропологтар, генетиктер, басқа да мамандар, тексерулерден кейін хан сүйегі қай жерде жерленген деген күрделі түйткілді шешуге жақынбыз, — деді С.Әжіғалиев.

Конференцияның қорытынды мәжілісіне облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қатысты. Осы күні кешке конференцияға қатысушылар Әйтеке би ауданындағы «Хан моласы» қорымына, ертеңіне Қобда ауданындағы Абат Байтақ, Қобыланды батыр кесенелеріне қарай ат басын бұрды.

Конференция барысында Хан моласы, ондағы алынған сүйектерді генетикалық зерттеу, ДНК сараптамалары, т.б. жөнінде ғылыми тұрғыдан мол олжа боп есептелген іздеу жұмыстары қорытындылары жөнінде баяндамалар оқылды.

(Конференция жөнінде толығырақ газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар).

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

2 Comments

  1. Руханият демекші, http://ruhaniat.yolasite.com/ сайтында «Мәңгілік бақыттың құпия кілттері» атты еңбектен үзінділер жарияланыпты. Онда Жаратылыс, Болмыс, Рух, иман, Қызыр Ата кім т.т. тәрізді сауалдарға ғылыми жауаптар берілген тәрізді. Жазып отырған Нұр екен. Дұрысын АллаҺ Тағала біледі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button