Басты жаңалықтарМереке

Аяз атаға хат…

Санаулы күндерден кейін жаңа жыл есігімізді қағады. Бұл мерекеден үлкен де, кіші де бір жақсылық, ғажайып күтеді. Бала кезімізде арман-тілектерімізді ақ параққа түсіріп, Аяз атаға хат жазатынбыз. Заман өзгергенімен, ол дәстүр жоғалмапты.

ӘріптестерімніңӘліппемен енді қоштасқан балалары шығармашылықтарын Аяз атаға хат жазудан бастаған екен. Қаладағы №51 гимназияның 1-сыныбында оқитын Мирас Аяз атадан стикбот ойыншығын сұраса, биыл Әл-Фараби атындағы №21 мектеп-гимназияның табалдырығын аттаған Қайсар миды қозғайтын ойыншық керек екенін айтыпты.

Қоғамдағы көп нәрсенің орнын алақандай смартфондар алмастырған заманда балалардың өз қолымен жазған хаттарын көрген редакциядағылар мәз болды. Балаларының көңілін қалдырмауды мақсат еткен журналист — Аяз апалар сыйлық іздеп жүр.

Мирас пен Қайсардың хатынан кейін біз қала бойынша Аяз атаға жазылған хаттарды қабылдап жатқан пошталарды іздеп көрген едік.

Сонымен…

«Он баланың тілегін орындаймын»

Әлеуметтік желіні қарап отырғанымда ««Jadyra.S» мультибренд дүкені 3 пен 10 жас аралығындағы шынайы мұқтаж балалардың арманын орындайды!» деген жарнамаға көзім түсті. Бұл акцияға қатысу үшін балалар Аяз атаға хат жазып, оны Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы дүкеннің алдында қойылған поштаға салуға тиіс. Арман мен тілекке толы жәшік 30 желтоқсан күні ашылады. Хаттарды іріктеп алған соң Аяз атағашын көңілмен хат жазған 10 балаға қалаған сыйлығын береді. Балаларды Жаңа жылмен құттықтауды 31 желтоқсанға жоспарлап отыр.

Мұндай тамаша акцияны ақтөбелік кәсіпкер, «Jadyra.S» дүкендерінің иесі Жадыра Серғазиева ұйымдастырыпты.

— Қуанышқа толы сиқырлы мереке — Жаңа жылды бала күнімнен жақсы көремін. Кішкентайымда ылғи 1 қаңтар қарсаңында тосынсый күтіп, «Аяз ата велосипед әкеліп берсе ғой…» деп армандайтынмын. Бірақ біздің балалық шағымыз тоқсаныншы жылдардың бас кезімен  тұспа-тұс келгендіктен бе, Аяз ата менің бұл тілегімді орындай қоймады.Аяз атаға хат жазып, одан сыйлық күтетін балалар әлі де бар. Сондықтан дүкеннің алдына пошта жәшігін қойып, балалардың хаттарын оқығым келді. Уақыт тығыз болғандықтан жәшікті тек бір ғана дүкеннің алдына қойдық. Әрине, барлық баланың арманын орындағым келеді. Бірақ биыл 10 баланың тілегін орындауды жоспарлап отырмын. Сыйлықты компания өз қаражатына алады, — деді кәсіпкер.

Барлығы балалар үшін

Балалардың Жаңа жыл қарсаңындағы арман-тілегін орындауға қалалық мәслихат депуттары мен қоғамдық кеңес мүшелері де өз үлестерін қосты. Олар Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында ерекше балаларға арналған жаңажылдық мерекелік кеш ұйымдастырып, арнайы сыйлықтар мен тәттілер табыстады.

Депутаттардың арасында көпбалалы отбасыларға Аяз ата кейпінде барып, сыйлық табыстап жатқандары да бар.

«Тілектер шыршасындағы» тілек

Жаңа жылда шын жүрегімен тілек тілеген балаларға тосынсый жасау — қазхромдықтардың бірнеше жылдан бері келе жатқан сүйікті ісі. Кәсіпорын ұжымы жылдағы дәстүр бойынша биыл да «Тілек шыршасын» құрып,  90 баланың арман-тілегі жазылған хаттарды шешіп алды.

Балалардың кейбіреуі ақ параққа жүректі елжіретер тілегін түсіріпті. Бір ақтөбелік балақай Аяз атадан апасына қуыршақ әкеліп беруін сұраса, хромтаулық бүлдіршін анасына оңай болсын деген ниетте үйіндегі ең кішкентай бауырына қысқы арба сұрапты. Кішкентай жүрегімен анасы мен бауырының жағдайын ойлаған қыздың хаты «Аяз атаға» қатты ұнады.

Жазған хаттарына сай балаларға түрлі ойыншықтар — ақ аю, рельс үстіндегі паравоз, сөйлейтін қуыршақ, гироскутер, ұялы телефондар, жылы киімдер, велосипед, тіпті нақты бір киім дүкеніне арнайы сертификаттар берілді.

Кәсіпорын аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың балаларына, сондай-ақ ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға мереке қарсаңында жаңажылдық тосынсый жасап, олардың қалауын барынша дәл орындауға тырысты.

Біз осымен төртінші жыл ғажайыпқа толы мереке қарсаңында хаттарды оқып, балалардың тілегін орындап жүрміз.

Бүгін тілек шыршасынан тағы да бірнеше баланың жазған хатын шешіп алдық. Бұл — жақын арада металлургтер нағыз сиқыршыларға айналып, бүлдіршіндердің армандарын орындайды деген сөз, — дейді Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Ержан Абдулабеков.

Ал хромтаулық балалар Аяз атадан спорттық киімдер, коньки, гитара және түрлі гаджеттер сұраған. «Қазхром» олардың да тілегін аяқасты етпеді.

Балалардың арасында жай ғана тәттілер толы қорап пен коньки сұрағандар да бар. Ақтөбе мен Хромтауда сыйлықтар ауданның шалғай ауылдарына да жеткізілді. Дәл осындай акция кәсіпорынның тағы бір филиалы — Ақсу ферроқорытпа зауытында да өтті.

— Әлеуметтік жауапты компания ретінде «Қазхром» балаларға ылғи көңіл бөлуге тырысады. «Тілек шыршасынан» сұраған әрбір сыйлық шын жүректен алынып, ыстық ықыласпен беріледі. Біз балалардың сұраған сыйлығының жанына жылы киімдер мен тәттілерді қосып береміз. Бұл акцияны балалардан бұрын өзіміз асыға күтеміз. Демек, өзіміз де ғажайыпқа сенетін болып тұрмыз ғой, — деп күлді «Қазхром» ТҰК» АҚ бас директоры Сергей Прокопьев.

P.S. Бала — бауыр етің. Расымен, баланың қуанғанын көргеннен артық не бар?! Балаларға сыйлық сыйлау оларды шат-шадыман әсерге бөлеп қана қоймай, армандарына қанат бітіреді.  Ендеше, балалардың тілегін орындауға ықпал етейік!

Бір тілек…

Бүгінгі таңда белгілі бір салада жетістікке жетіп, «сыйлық алушы» емес «сыйлық берушіге» айналған әрбір жанның кезінде Аяз атаға тақпақ айтып, жасыл шыршаны айнала ән салғаны анық. Тіпті хат жазғандары да бар шығар. Мереке қарсаңында облысқа белгілі ақтөбеліктерге бірнеше сұрақ қойып, бала күнінде алған сыйлықтарын еске түсірдік?

Ал дәл қазір Аяз ата бір тілегін орындайтын болса, олар не сұрар екен?

Алтынай ЮНИСОВА, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:

— Біз бала кезімізде қазіргі балалар сияқты емес, өте сенгіш, аңғал болдық. Мен көп замандастарым секілді Аяз атаның барына, оның балалардың арманын орындайтынына сенетінмін. Әр Жаңа жыл сайын балалық шағымның бақытты өтуін, ата-анамның амандығын тілейтін едім. Аяз атадан сыйлыққа кітап пен көкшіл, ақ түсті жолағы бар ойыншық ыдық-аяқтар алғаным әлі есімде. Ал қазір ғайыптан тайып, Аяз ата қандай тілегіңді орындағанымды қалайсың? — десе, еш ойланбастан, зор денсаулық, елімнің, жан-жағымның аман болғанын сұрар едім.Еліміз аман, аспанымыз ашық болса басқа дүние де түгенделері сөзсіз.

Кенжегүл ҚАНИЕВА, дәрігер реаниматолог- анестезиолог:

— Бала кезімде Жаңа жыл қарсаңында Аяз атаға хат жазып, коньки сұрағаным есімде. Бірақ менің хатым Аяз атаға жетпей қалған болса керек, Жаңа жыл түнінде мен күткен сыйлық келмеді. Бірақ ата-анам көп ұзатпай, туған күніме алып берді. 16 жасымда Аяз ата бокс қолғабын сыйлаған болатын. Өзім ойнап алған соң Алмат ініме бере салдым. Дәл қазір Аяз атадан сыйлық сұрау мүмкіндігі туса, айфон15 ұялы телефонын сұрар едім. (күліп-ред.)

Нарқозы ҚАРТЖАН, қалалық мәслихат депутаты:

— Кішкентайымда Жаңа жылды асыға күтетінмін. Әсіресе жасыл шырша жанындағы мерекелік шарадан кейін балалар қауымы асыға күтетін қысқы каникул басталады. Ал қазір бұл мереке — мен үшін он екі ай бойғы еңбегімді саралап, тағы бір жылға жоспар құратын күн. Дәл қазір Аяз ата бір тілегіңді орындаймын десе, ата-анамды сыйлайтын, өзімді «ерім» деп бағалайтын жақсы бір қызбен таныстыршы деп өтініш айтқан болар едім. (күліп-ред.)

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button