Ұлу жайлы қызықтар

Қоян жылынан кейін келетін жылға қазақ халқы «Ұлу жылы» деп ат қойып, айдар таққан. Ауа райын табиғаттың өзгерістеріне байланысты болжаған көшпенділер көбіне жазы қуаңшылықпен, қысы жұтпен есте қалған Қоян жылынан кейінгі жылды жауын-шашын мол болсын деген ырыммен сулы жерде өмір сүретін ұлудың еншісіне берсе керек.
Осы орайда ұлудың ерекшелігі мен жалпы пайдасын мамандардан сұрап көрген едік. Бүгінде ұлу сұлулық индустриясы саласында, соның ішінде косметологияда жиі қолданылады. Еліміздегі сұлулық салондары ұлу терапиясын 2016 жылдан қолға ала бастады.
Сұлулық сілекейі
Ұлу терапиясымен айналысатындар Ақтөбеде бар ма екен? Осы сұрақтың жауабын білмек болып, әуелі әлеуметтік желіні шарладық. Көзімізге ілінген парақша иелерімен хабарласып, ұлудың пайдасы туралы сұрап білдік. Соның бірі эстет-косметолог Айкөркем Түбірова былай дейді:
— №2 қалалық емханасында мейірбике болып жұмыс істеймін. 2021 жылы Алматы қаласында тәжірибелі эстет-косметолог Тамара Ордабекқызының курсына қатысып, косметолог мамандығын меңгердім. 2018 жылдан бері ұлу өсіріп келемін. Ұлудың бет терісіне тигізер пайдасы өте зор. Ұлудың сілекейінің құрамында қан айналымын жақсартатын нәрлі заттар бар, оны біз табиғи косметика дейміз. Бізге әйел адамдар ғана емес, ер адамдар да жиі келеді. Косметологияда ахатин деп аталатын ұлуларды қолданамын. Ұлу адамның бетінде ақырын жылжи бастағанда, бауырынан бөлінген сілекей бетке жағылады. 10-15 минуттан соң жылы сумен шайып тастаймыз. Терапия құны 3000 теңгеден басталады. Ұлу шырышының құрамында коллаген, гликоль қышқылы, табиғи антибиотиктер мен дәрумендер бар. Оның құрамындағы А, С, Е, В6, В12 дәрумендері беттегі әжім мен дақтарды азайтып, ағартып, жұмсартады. Ұлуды бет косметологиясында 13 жастан бастап қолдануға болады. Жасөспірім шақта шығатын безеуді тазартуға ықпал етеді,— дейді эстет-косметолог.
Оның айтуынша, ұлу — ерекше күтімді қажет ететін жәндік. Күтімді Айкөркемнің өзі жасайды екен.
— Ұлуларымды арнайы үйшігінде ұстаймын. Күнде жататын орнын жуып, тамағын ауыстырып отырамын. Ұлуға қияр, қырыққабат, сәбіз, жүзім, банан беремін. Ол ащы тамақтарды жесе, бірден өліп қалады. Негізі, ұлуды екі күнде бір рет жуындырып отырса да болады. Ал бет күтіміне ұлуды пайдаланбас бұрын оны бөлме температурасында шомылдырып аламын. Ең алдымен, косметологқа келген адамның бетін арнайы құралмен тазартып аламын. Содан соң массаж жасауға арналған май жағып, бетін сылап-сипап, адамның өзін еркін ұстап, қорықпай жатуына жағдай жасаймын. Массаж жасамай-ақ ұлуды бетіне қойсам, ол адамды қорқытып алуым әбден мүмкін. Ұлу бетте он минуттай жүрген соң арнайы шырыш бөледі. Сол шырышты мойынға жағып, массаж жасаймын. Сол шырышпен маска жасауға да болады. Бұл терапия бет терісін жұмсартып, безеу шығуының алдын алады. Бір сеанс 40 минутқа созылады, — дейді Айкөркем Түбірова.
Қызықты деректер:
— Ұлу қолайсыз жағдай туса, 6 ай ұйқыға кете алады;
— Орташа есеппен 15 жыл өмір сүреді;
— Бір минуттың ішінде 7 сантиметр қашықтықты жүріп өтеді;
— Ұрпақ көбейту үшін жұп қажет емес;
— Өз салмағынан 10 есе ауыр затты таси алады;
— Ұлудың етіндегі ақуыз мөлшері тауықтың жұмыртқасындағыдан көп;
— Тістерінің саны кез келген акуланың тістерінен көп;
— Ұлудың ең үлкен түрі — австралиялық ұлу. Оның салмағы — 40 келі, ал ұзындығы 30 см-ге дейін жетеді.

Жемісті жақсы көреді
Күтіп-баптауы аса қиын емес жәндікті үй жағдайында өсіріп, оны кәсіп көзіне айналдырғандардың бірі Айнұр Сұлтанова 4 жылдан бері ұлу өсіріп келеді. Оның айтуынша, ұлу тазалықты жақсы көретін талғампаз жәндік екен.
— Ұлу құрлықта да, суда да өмір сүреді. Негізі 80 пайызы суда өсіп-өнеді. Олардың дені Тынық мұхитының шығысы мен оңтүстігінде, оның ішінде Оңтүстік Қытай теңізінде жиі кездеседі. Бүгінде Қытайдың Хайнань теңізінде былқылдақ денелілердің мекендеп, өсіп-өрбуіне қолайлы жағдай жасалған деседі. Хайнаньның табиғатына тән ұлулардың мол түрі мен ұлу қабыршақтарының қайнары осы жерде шоғырланған. Ұлу терапиясы Корея, Жапония мемлекеттерінде жақсы дамыған.
Бетке «тонналап» бояу жаққаннан гөрі табиғи сұлулықты сақтап қалуға мән беремін. Ауылдағы жеңгем ұлу өсіріп, оны жеміс-жидектермен қоректендіріп жүретін еді. Мен де соны қызық көріп, бақылап жүрдім. Сөйтіп, одан бірнеше ұлуды сұрап алып, арнайы қорапқа салып, үйіме алып келдім. Алғашында құрбыларымның бетіне ұлу терапиясын жасап жүрдім. Кейіннен ұлуларымның санын көбейтіп, ұлу терапиясын жасауды хоббиіме айналдырдым. Ұлу суды жақсы көретіндіктен, оны жиі шомылдырамын. Оны арнайы шұңғыл ыдысқа салып, бетін жауып қоямын. Терең ыдыста тұрмаса, жоғарыға өрмелеп, шығып кете береді екен. Бірде ұлу салынған ыдыстың беті ашық қалып, олар жан-жаққа өрмелеп шығып, тұсқағазды жеп қойғаны бар. Қазір ұлудың «ахатин» «альбинос» деп аталатын түрін көбейтіп жатырмын, — дейді ол.
Айнұрдың айтуынша, ұлуды жеміс-жидек және көкөніспен тамақтандырған жөн. Сонда ғана ол адамның бет терісіне шырышты сөлді көбірек бөле алады екен.
— Негізі, ұлу — өте таза әрі сезімтал жәндік. Менің ұлуларым сәбіз бен алмұрт жегенді ерекше ұнатады. Жемістермен қоректенеді. Оны да өткізіп беремін. Жұмсақ қой деп банан берсем, тап сәбіз жегендей сүйсініп жемейді. Ұлуларда тістің орнына 25 мыңға жуық үккі қызыл иек болады. Сондай-ақ олар тұзды тағам жемейді. Бір қызығы, ұлуларда көрініп тұрған құлақ болмайды. Алайда есту қабілеті ерекше, қатты дыбыс шықса, жиырылып, бақалшақ сауытына кіріп кетеді. Ұлу терапиясына бармас бұрын дерматокосметологтермен кеңескен жөн. Бұл кішкентай жәндік қыз-келіншектердің сұлулығын сақтап, ажарландыра түсуіне септігін тигізеді, — дейді Айнұр Сұлтанова.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.



