Басты жаңалықтарМереке

Қадірлі жерлестер! Қымбатты ақтөбелік ағайын!  

Міне, тәуелсіздік жылнамасының тағы бір маңызды кезеңіне қадам бастық.

Жаңа жылдың табалдырығында тұрып, біз өткен жылға қорытынды жасаймыз, облысымызда, отбасымызда орын алған айшықты оқиғалар мен жарқын істерді, қайталанбас сәттерді ой елегінен өткіземіз.

Тарих қойнауына енген 2023 жыл — Ақтөбе өңірі үшін бергені мол, берекелі, толағай жетістіктер мен жеңістерге толы ерекше жыл болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмаларын негізге ала отырып, облыста әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішімізді жақсарттық. Тұрақты макроэкономикалық жағдай сақталуда. Бірқатар мәселені шешетін «Бұқара-Орал» үшінші магистралды газ құбыры желісінің құрылысын бастадық.  Сондай-ақ экологияны жақсартатын кәріз тазарту құрылысын, Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын тасжолының жобасын қолға алдық.

Ауа райы қолайсыздығынан көктем кезіндегі Қобда мен Ойыл ауданындағы су тасқыны, жаздағы шаруалар бастан өткерген жағдайларды айтпай кетпеске болмас. Бірақ біз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ортақ күшті жұмылдыра отырып, қиындықтарды еңсере білдік.

Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында нақты іс-шаралар жүзеге асырылды. Жаңа дәрігерлік амбулаториялар, мектептер, балабақшалар, спорт нысандары, Мәдениет үйлері мен тұрғын үйлер бой көтерді. Биыл 1,3 миллион шаршы метр тұрғын үйді халық игілігіне бердік. Шалғайдағы 27 ауылға ауызсу, 16 елді мекенге көгілдір отын тартылды. Бұл жұмыстар алдағы жылы да жалғасады.

Өнерлі, білімі ұшқыр, ойы озық балаларымыз бен жастарымыз, қайратты спортшыларымыз Ақтөбенің ғана емес, Қазақстанның атын халықаралық бәсекелерде күллі әлемге танытты.

2024 жылы алтын бесік Ақтөбемізге 155 жыл толады. Облыс орталығын жайлы әрі қауіпсіз қала ету үшін қажетті қаражат бөлінді.

Бір сөзбен айтсақ, бағдарымыз — белгілі, таңдауымыз — айқын, жоспарымыз — нық.

Қол жеткізген оң нәтижелерімізге әрбір ақтөбеліктің қосқан үлесі зор. Туған өлкеміздің көркеюіне атсалысып, алдағы уақытта да бар күш-жігерін аямай жұмсауға дайын облыс тұрғындарына риясыз алғысымды білдіремін.

Екі жылдың тоғысқан осынау сәтінде айтылар ақ тілектің орны бөлек. «Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа!» деп халқымыз өткен жылға өкпелемей, келер жылдан көп үміт күтіп, жақсылық тілейді.

Ардақты ағайын!

Әрдайым береке мен бірлікті ту етіп, ынтымақтастықтың арқасында еліміз гүлденіп, өңіріміз өсіп-өркендей берсін.

Әрбір шаңыраққа жыл жақсылығымен келсін. Зор денсаулық, амандық, бақ-береке тілеймін.

Жаңа жыл құтты болсын!

Асхат ШАХАРОВ,

Ақтөбе облысының әкімі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button