Мәдениет

Тіл апталығы басталды

Кеше Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында «Мемлекеттік тіл — ұлт тірегі» атты апталық бастау алды.

«Қазақстан халықтарының тілдері» мерекесіне орайластырылып өткізіліп жатқан бұл шара ауқымы кеңдігі байқалады. Апта бойында жоғары оқу орнының барлық факультеттерінде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге бағытталған куратор сағаттары, сондай-ақ қазақ, орыс, ағылшын және неміс тілдерінде әр түрлі кездесу, диспуттар ұйымдастырылады. Студенттердің жыр-мүшәйрасы өткізілмекші. Қазақ халқының салт-дәстүрлері студенттер арасындағы сайыс арқауына айналады. Осылай жалғаса беретін жүйелі істер апта бойына институт студенттері мен оқытушыларын бір бағытта тоғыстырмақшы.

Тіл апталығының басталу рәсімінде институттың проректоры Абылай Мұхамеджанов Тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған бұл мерекенің мәні ерекше екендігіне тоқталды.

Жиынға қатысқан облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Ғалымжан Төреханов қазіргі уақытта мемлекеттік тілді өркендетудің барлық мүмкіндіктері жасалып отырғанын айта келіп, жетіспейтіндігі ынта екендігіне назар аударды.

Институттағы апталықтың алғашқы отырысына халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Алға, Темір аудандарындағы бөлімшелерінің жетекшілері Татьяна Ырсымбетова, Гүлжан Дулатбай да қатысты. Олар өздері тұрып жатқан өңірлердегі мемлекеттік тіл мәртебесінің қазіргі ахуалын әңгіме етті, жақсы істерді жастарға жария қылды.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалы басшысының орынбасары Орынбасар Оразов тілді ұлттың соғып тұрған жүрегіне теңеп, жастардың басқа тілге бүйрегі бұрып кетуінің себебі ата-аналардан бастау алатындығында деп түйіндеді сөзін.

Педагогика және психология факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сабыржан Мұхтаров мемлекеттік тілдің қанат жаюындағы ілгері қадамдарды атай келе, институттағы қолға алынып жатқан істерге тоқталды.

Тарих факультетінің студенті Севинч Ахмедова өзінің бала кезінен қазақ тілін жақсы игергенін, дегенмен институттағы құжатпен қамтамасыз ету және тілдерді дамыту басқармасы жанындағы орталықта оны тереңдетіп дамыту мүмкіндігі туғанын баян етті. Ол өзінің әзербайжан тілін қандай қадірлесе, қазақ тіліне де соншалықты құрметпен қарайтынын сүйіспеншілікпен айтты.

Филология ғылымдарының кандидаты Ақмарал Көздібаева өз тіліңді құрметтеумен бірге өзге тілдерді білу маңыздылығына тоқталды. «Қалай десек те бір тілмен тұйықталып қалуға болмайды,— деді ол,— оның үстіне қолданылуы жағынан әлемде үшінші орында тұрған орыс тілін терең игеру біздің жастарымыздың жан-жақты жетілуіне көмектесері сөзсіз».

Апталық шаралары арасында біз институттың құжатпен қамтамасыз ету және тілдерді дамыту басқармасының бастығы, осы шаралардың басы-қасында жүрген  Гүлшат Сералыны сөзге тартқанбыз.

— Біздің институтымыз облыста алғашқылардың қатарында іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге көшкен болатын,— деді ол,— қазіргі уақытта өзіміздегі «Қазақ тілін оқыту орталығы» арқылы көп шаруалар тындырылуда. Оның үстіне ректорымыз, академик Ғалымжан Нұрышев биыл Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы болып сайланды. Демек, біздің оқу орнында мемлекеттік тіл мәртебесін одан әрі көтеру шаралары жүйелі атқарыла беретіні сөзсіз.

Студенттер Жанар Медетова, Асылжан Бегімов, Маралбек Тұраров және басқалары ұлтымызды ұлықтайтын, тілімізді әспеттейтінәсем әуен, өлең-жырларымен ғимарат ішін ерекше шуаққа бөледі.

 

Нұрмүханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button