Мереке

Қара шаңырақтағы жаңа жыл

«Ақтөбе Медиа» ЖШС-на қарасты «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері мен «Үш таған» журналының ұжымы жылды қорытындылады.

Мерекелік кеште «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин жыл бойы атқарылған жұмыстарға шолу жасап, ұжым қызметкерлерін келе жатқан ұлу жылымен құттықтап, өңірдің тыныс-тіршілігі мен жаңалықтарын елге жеткізіп жүрген журналистер мен қызметкерлерді марапаттады.

Ұжым үшін қоян жылының қиындығынан қуанышы көп болды. «Актюбинский вестник» газетінің жарыққа шыққанына 105 жыл толды. Бірқатар әріптестеріміз мерейлі жасқа толды, «Актюбинский вестник» газетінің жауапты хатшысы Серік Ахметов «Ерен еңбегі үшін» медалін омырауына тақты. Қаламы жүйрік журналистеріміз бірталай бәйгеден озып келді.

Әуелі облыстық «Ақтөбе» газетінің тілшісі Индира Өтеміс пен Ақерке Сатыбалдыға, «Актюбинский вестник» газетінің бөлім меңгерушісі Айжан Шаукулова мен тілшісі Татьяна Виноградоваға облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінованың Алғыс хаты табысталды. Сонымен қатар облыстық «Ақтөбе» газетінің тілшілері Айнұр Жалмағанбетова мен Ақмарал Мұқашева, «Актюбинский вестник» газетінің бөлім меңгерушісі Абат Қаратаев пен осы газеттің тілшісі Нұргүл Арынова облыстық ішкі саясат басқармасы басшысы Ләззат Оразбаеваның Алғыс хатына ие болды.

Дәстүр бойынша жыл басында компания басшылығының қолдауымен «Жылдың үздік журналисі» байқауы жарияланып, әр ай сайын үздіктер анықталып отырды. Жыл қорытындысы бойынша он екі ай бойы тынымсыз еңбек етіп, үздік материалдарымен көзге түскен әріптестеріміз Ақерке Сатыбалды мен Абат Қаратаев «Жылдың үздік журналисі» атанды, оларға «Шипагер» шипажайына тегін демалып қайтуға жолдама берілді. Сонымен қатар «Ақтөбе Медиа» директоры жыл бойы белсенді болған «Ақтөбе» газетінің бөлім меңгерушісі Данагүл Қазихан мен «Актюбинский вестник» газетінің тілшісі Асхат Қалжановтың да еңбектерін атап өтті.

Баспасөзге жазылу науқанында оқырманымыздың санын көбейтуге ерекше үлес қосқан «Ақтөбе Медиа» серіктестігінің белді қызметкері Жақсылық Айжановқа Алғыс хат пен «Шипагер» шипажайына жолдама берілді.

Серіктестік басшысы ұжымның бір топ қызметкеріне Алғыс хаттар табыстады.

Одан соң «Үш таған» журналының бас редакторы Ертай Ашықбаев жаңа жылдың шығу тарихына тоқталып, әріптестеріне ізгі тілегін арнады. Ал Данагүл Қазихан мен Талғат Тілеулесовтер өлеңдерін оқыды.

Баспасөз клубында бір шара өтсе, гитарасын арқалап келетін «Актюбинский вестник» газетінің корректоры Светлана Мельник жаңа жылға арналған ән айтты. «Сегіз қырлы, бір сырлы» көлік жүргізуші-экспедитор Азамат Жалмағамбетов көңілді әндер шырқап, ұжымға мерекелік көңіл күй сыйлады.

Ортамызға сыйлық толы дорбасын арқалап, немересі Ақшақарды (Диана Әбдірова) ертіп келген Аяз ата (Абат Қаратаев) мерекелік кештің көрігін қыздырды. Ән шырқап, өлең оқыған әріптестер Аяз атаның сыйлықтарына ие болды. Жаңажылдық кештің сәні болған Аяз ата мен Ақшақар әріптестерімен бірге  естелік суретке түсті.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button