Мереке

Жыл иелері

Қазақша жыл қайыру кестесі бойынша жаңа жылдың иесі — ұлу. Қазақ жылдың қай-қайсысынан да жақсылық күткен. Қоян жылынан кейін келетін ұлуды әдетте біздің халық елге жайлы, тыныш, астығы мен шөбі мол жыл болады деп есептеген.

Ұлу жылында бейбіт өмірді сүйетін, еңбекқор, жауапкершілігі мол, жаны жайлылықты қалайтын, сабырлы жандар дүниеге келеді деседі.  Сақ әрі сезімтал жыл иелерінің тез ренжіп қалатын, қырсық-қыңыр мінезі де болады екен.

«Ақтөбе» газетінің жылжабар нөмірінде жыл иелерін «сөйлететін» дәстүр бар. Сол дәстүрден биыл да жаңылмай, ұлу жылы туғандарға бір-екі сұрағымызды қойып, тілдескен едік…

  1. Ұлу иелік еткен жылдардың қайсысы есіңізде ерекше қалды? Несімен?
    2. Алдағы жылдан не күтесіз? Ұлу жылының «иесі» ретінде жұртқа қандай кеңес бересіз?

1940

Жаныс МҰСАЕВ, Қарғалы ауданы Жосалы ауылының тұрғыны:

  1. 1940 жылы, яғни ұлу жылында туғанмын. Алдағы жыл — менің жылым. Алла қуат берсе, 84 жасқа аяқ басамын. Сұрағыңызға қарай өткен жылдарға бір көз жүгіртіп көрейін… Тап бір ұлу жылында мынадай болыпты деп айта қою қиын екен. Енді есіме түсіп жатыр, 1963 жылы әскерден келе жатып, жарты жолда Алматыдағы мал дәрігерлік институтқа құжат тапсырдым. Сөйтіп, бірінші курсты ұлу жылында — 1964 жылы табысты аяқтап, қуанғаным бар. Ол кезде екінің бірі жоғары оқу орнына түсе алмайды. Бес жыл оқып, дипломды қолға алып, ауылға келіп, еңбекке араластым. Мал дәрігері болып жүргенімде тағы бір ұлу жылы есімде қалды, 1976 жылы ауылды қалың қар басып қалды, бірақ мал қыстан аман шықты. 1995 жылы зейнет демалысына шықтым. Кенжеміз Ақтөбеде жұмыс істеп жүрген еді. Ауылда кемпір екеуміз отыра алмадық. Сөйтіп, балалардың ортасында отырайық деп, Қарғалы ауданы Жосалы ауылына көшіп келдік. Қазақ баланың санын айтпайды, шүкір, балалардың бәрі үйлі-баранды. Немере-шөберелер бар.
  2. Ұлу жылында туғандар әдетте сабырлы келеді. Содан ба екен, әлі шашым ағармады (күліп). Әйтеуір, замандастарымның көзі сол менің түсі өзгере қоймаған шашыма түседі. Жастарға айтарым, ұлудан үйренетін бір нәрсе бар: тамақты талғап жеп, шөп-шаламды көбірек тұтынған абзал. Денсаулыққа пайдалы. Жыл жақсылығымен келсін! Ең бастысы, жаңа жылымыз құтты, денсаулығымыз мықты, еліміз тыныш, несібеміз мол болсын!

1952

Жаңыл АБДУЛЛИНА, Темір ауданы Шұбарқұдық ауылының тұрғыны:

  1. Өзім көрген ұлу жылдарына шолу жасап қарасам, 2012 жылы немерелі болдық, ұлым Айбарым қызды болды. Ол кезде біз Еңбекші ауылында тұратынбыз. Ақтөбеде босанған келінім ауылға жол болмай әрең жеткені бар. Сөйтіп, ұлу жылының қысы қарлы-боранды болғаны есімізде қалыпты. Қазір Шұбарқұдықтың өзінде тұрамыз. Бүгінде немерем Қарақат Айбарқызы көз қуанышымыз болып өсіп келеді, сабағын жақсы оқиды, өзі өнерлі.
  2. Ұлу жылы ешкімді ренжітпейді деп сенемін. Келер жылдан үміт көп. Ең әуелі еліміз тыныш болсын, балаларымыз аман болсын. Аллаға шүкір, төрт баламыз жапырағын жайып, өсіп келеді. Келе жатқан 2024 жыл елге жайлы болып, тыныш өтсін. Ұлу жемістер мен көкөністі сүйіп жейді екен. Ендеше, алдағы жылы бау-бақша мол өнім беріп, дастарқан асқа толсын! Еліміздегі әрбір отбасына татулық пен береке тілеймін.

 1964

Сақыпжамал ЖАЯНҚЫЗЫ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы:

  1. Әр жылдың өзіне тән ерекшелігі бар ғой, сіздің сұрағыңызға орай ерекше есте қалғаны қандай еді деп артқа шегінуге тура келіп тұр. Ана үшін баласының ержетіп азамат болғаны, оның әр қадамына қуанып марқайып отырғанынан артық шаттық жоқ деп ойлаймын. Ұлу жылында болмағанымен, дәл менің 50 жасқа толған күнімде Алматыда оқитын ұлым оқуын аяқтап, дипломын әкелді, осы екі қуаныштың қатар келгеніне, ұлымның бір белестен өтіп маман болғанына «азамат болды» деп ерекше қуанғаным есімде. Келе жатқан ұлу жылында мерейлі алпыс жасқа толғалы отырмын.
  2. Қазақ халқы ұлу жылын «Үлгілі жыл» деп ерекше қадірлеген екен. Ұлудың ешкімге зияны жоқ, денесі жұмсақ болғандықтан, бұл жыл елге де, жерге де ырыс-несібені мол әкеледі деп есептеген. Халық даналығында «қоян жылынан қысылып, шаршаған халық ұлу жылында тыныстап, тыныштық табады» деген сөз бар, соған қарағанда келе жатқан жыл — жайлы жыл болады деп сенемін.

Келер жыл үйіп-төгіп адам жанына керек жақсылықтарды ілестіре келсін, жер бетінде бейбітшілік туы мәңгі желбіресін!

Қазір бәрі бар, тек мейірімге шөлдейтін кездеріміз болады, сондықтан әр шаңырақта мейірім шуағы үнемі жүректерге жылу сыйлап жүрсін.

Келе жатқан жаңа ұлу жылы елімізге құтымен енсін!

1976

Ардақ НАЯШОВ,

Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі инженері:

  1. Мен 1976 жылы 7 қыркүйекте Ақтөбе қаласында дүниеге келдім. Бұл қазақша жыл қайыру бойынша ұлу жылы деп есептеледі. Жыл қайырудың келесі айналымындағы ұлу жылы — 1988 жыл, ол кезде мен әлі мектепте оқып жүрдім. Одан кейінгі ұлу жылдары да өміріме өзгеріс енгізіп, қуанышын сыйлапты. Мәселен, 2000 жылы қызым Айя дүниеге келіп, шаңырағымның сәні кірді. Ол да мен сияқты ұлу жылғы, өзімнен аумай қалған. Сонымен қатар ұлу жылында бүкіл әлем болып үшінші мыңжылдықты қарсы алдық деп біраз шулағанымыз есімізде.

Ал 2012 жылы ішкі істер органында еңбек етіп жүріп, Қарғалы аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы болып тағайындалдым.

  1. Жаңа жылдан не күтеміз? Ұлу — су жәндігі болғандықтан, жаңа жылда құрғақшылық болмайды деп сенейік. Ал қуаңшылық болмаса, елде берекелі молшылық, тыныштық болады. Жаңа 2024 жылы аспанымыз ашық, елімізден жамандық қашық болсын! Шиеленіскен мәселелер болса, шешімін тапсын! Қоян жылы да елге жаман болмады, дегенмен алдағы Ұлу жылының халқымызға берер сыйы мол болғай!

1988

Ділфуза ИМАМҰРАТОВА,

Ақтөбе қаласындағы Әбіш Кекілбайұлы атындағы №72 жалпы білім беретін ІТ мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәні мұғалімі:

  1. Кіріп келе жатқан жыл — менің жылым. Себебі мен 1988 жылы дүниеге келдім. Қай кезде де жаңа жылдан тек жақсылық күтеміз ғой. Өткен ұлу жылдарына көз жүгіртсем, мен үшін ұмытылмайтын есте қалған сәттерімнің бірі 2012 жылы болды. Бұл жылы мен ана атандым. Айдай ару қызым Айаруым дүниеге келді. Қызым да, мен де — ұлу жылғылармыз.
  2. Ұлулар әдетте таза әрі сезімтал келеді. Көрініп тұрған құлағы болмаса да, есту қабілеті ерекше. Қатты дыбыс естісе, жиырылып, бақалшағына кіріп кетеді екен. Яғни өте сақ жәндік. Жаңа жылдың «иесі» ретінде замандастарыма таза әрі сақ жүруге кеңес беремін. Сонымен қатар ұлудай салмақты, бастаған ісін аяғына дейін жеткізетін ұқыпты, мақсатына жету үшін аянбай тер төгетін еңбекқор болуға шақырамын. Келер жылдың кереметтері көп болсын. Еліміздің тыныштығы берік болсын! Әр шаңырақ бай-дәулетті болсын деп тілеймін.

2000

Мади САҒЫНОВ,

Ақтөбе облысының өңірлік коммуникациялар қызметінің маманы:

  1. Мен 2000 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келдім. Жаңа жыл — мен үшін он екі ай бойғы еңбекті саралап, тағы бір жылға жоспар құратын кезең. 2012 жылы өткен Лондон Олимпиадасын отбасымызбен тамашалағанымыз, тартысты өткен жарыс, ең керемет сезімдерге толы жеңістер әлі есімде. Ауыр атлетикадан Илья Ильин, Мая Манеза, Зульфия Чиншанло, Светлана Подобедовалардың көк Туымызды жоғары көтеріп, алтын алғаны, бокстан Серік Сәпиевтің алтыны, жеңіл атлетикада Ольга Рыпакованың сенсациясы, велоспортта Александр Винокуровтың жеңістері ұлу жылында болды.
  2. Келе жатқан ұлу жылында Париж Олимпиадасында да еліміздің көк Туы биікте желбірей берсін, ел қоржыны алтынға тола берсін. Елімізді шетелде танытып жүрген барша спортшылар мен қазақ мәдениетін дәріптеп, әлемге танытып жүрген өнер майталмандарына абыройлы жеңіс пен берекелі табыс тілеймін. Бастысы, еліміз тыныш, халқымыз бай-қуатты болсын. Ұлу жылы жаңа табыстар әкелсін.

2012

Жыл иелерінің ең кішкентайына сәл өзгешелеу сұрақ қоюға тура келді. Себебі ол ұлу жылын бірінші рет қарсы алғалы тұр.

1.Тірі ұлуды көрдің бе? Мүмкіндік болса, асырар ма едің?

  1. Жаңа жылды қаншалықты күтесің? Тілегің?

Асылай АЯПБЕРГЕН, Қандыағаш қаласындағы №4 орта мектептің 6-сынып оқушысы:
1. Тірі ұлуды көргенім бар. Бірде анамның бетіне ұлу қойып, шырышын маска етіп жаққанын қызықтадым. Осылайша оның косметологияда қолданылатынын білдім. Ұлу шырышының адамның бетін ылғалдандырып, құнарландырып, тегістейтін қасиеті бар екен. Сол кезде ұлудың иесі оның қырыққабат, қияр жақсы көретінін айтқан. Бірақ асырағым келмейді, себебі жыбырлайтын жәндіктерден қорқамын.

  1. Барлық бала секілді мен де Жаңа жылды асыға күтемін. Аяз атаның орманнан келмейтінін білсем де, сыйлығын алғанды ұнатамын (күліп). Келе жатқан жаңа жылда мен 12 жасқа толамын. Жыл қайыру он екі жылда бір қайталанатынын білемін. Оның үстіне, анам «Ұлу — сенің жылың» деп отырады, сосын да шығар, ұлу жылын жақсы көремін, алдағы жылы қызықты, көңілді сәттерім көп болады деп ойлаймын. Кеше ғана аудан әкімінің жаңажылдық ертеңгілігіне қатыстым. Сыйлыққа тәттілер жиынтығын берді, ұнады. Аниматрониктердің билегенін, өзім сияқты оқушылардың өнерін тамашаладым. Бәрі көңілді өтті.

Жаңа жылда ұлу секілді таза, талғампаз, үлгілі болайық. Ең бастысы, ешкім ауырмаса екен, қуанатын оқиғалар көп болсын.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button