Мәдениет

Қазақ руханиятының жарық жұлдызы

Қазақ тарихында ұлтына, халқына мүлтіксіз қызмет еткен және сол жолда басын бәйгеге тіккен тұлғалар аз емес еді. Солардың бірі әрі бірегейі — Темірбек Қараұлы Жүргенов.

Темірбек Жүргенов — өзінің заманынан озық туған қайраткер екенін ісімен, ақыл-парасатымен, биік ойымен дәлелдеп кеткен тұлға. Кешегі талапайға түскен заманда қырық бөлінген қазақ жерін қайта құрап, оның мемлекеттілігін қалыптастыруға жан-тәнін салған, ықпал еткен Жүргенов қазақ тарихындағы жарық жұлдыздың бірі болып қала береді. Оның Сырдария, Жетісу облыстарын еліне қайтарып, екі ғасыр бойы «қырғыз» атанып келген өз ұлтының қайтадан «қазақ», ал елінің «қазақ мемлекеті» аталуына қосқан үлесі ұшан-теңіз еді. Мұны ұмыту қазақ тарихын ұмытумен бірдей болар еді.

Темірбек Жүргенов Өзбек Республикасы Халық комиссары болып жүргенде Ташкентте тұңғыш қазақ педагогикалық институтын ашып, өзі соның тұңғыш ректоры болды. Кейініректе, Қазақстанда Халық комиссары қызметін атқарған жылдары қазақ руханиятының қайта жаңғыруына, білім, ғылым, өнерінің дамуына өлшеусіз қызмет етті. Тұңғыш педагогикалық институтты, Қазақ мемлекеттік университетін, бірнеше облыстарда педагогикалық институттарды, жаңа дәуірдің талабына сай келетін үлгілі мектептерді салды; тұңғыш қазақ драма театрын, опера және балет театрын ашты, ұлттық оркестрді құрғызды. Жазушылар Одағы да осы Темірбек ағамыздың ықпалымен дүниеге келді.

Асыл ағаның бедел-ықпалымен байтақ қазақ эпостарына, дастандарына қайта тіл бітті. Қазақтың байтақ күйі күмбірледі. 1936 жылы Мәскеуде тұңғыш қазақ өнерінің онкүндігін өткізді.

Өкінішті, қазақ руханиятының көгінде жұлдыздай жарқыраған, ай-жүзі нұрланған, өнерге, білімге, ғылымға, руханиятқа нұр шашқан осындай ұлы қайраткеріміздің ұшан-теңіз еңбегін әлі күнге дейін бағалай алмай келеміз. Осы ретте менің қолыма түскен Әбуғали Жалдыбаевтың «Темірбек Жүргенов — Қазақстандағы тұңғыш озық мәдениет революциясының бас жасампазы, асқан дарынды, кемеңгер мемлекет қайраткері» деген шағын кітапшасы мені айрықша сезімге, ықыласты ниетке бөледі. Шағын еңбегінде автор Темірбек Жүргеновтің мемлекетшілдік, қайраткерлік, ұйымдастырушылық, білімпаздық қасиетін жап-жақсы ашқан.

Автор бұл еңбегін толықтыра түссе, Темірбек Жүргеновтен қалған мемлекет құру саясатындағы, қазақ руханиятын зерделеу саласындағы еңбектерін терең зерттей түссе, қайраткердің өмірінің көлеңкелі жақтарын аша түссе, нұр үстіне нұр болар еді.

Темірбек Жүргеновтен кейін де қазақ руханияты жетімсіреген жоқ. Өмірге оның ізбасарлары Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков келді. Олар да ұлт мұраты, халықтың асыл мұралары, келешегі жайында ғажап істер атқарды, өлмейтін мұра қалдырды. Біздің бақытымыз, бұл кісілерді көрдік, замандас болдық, қызметтес болдық, тәлім-тағылымын алдық. Біз де бүгін халқымызға қызмет еткен болсақ, сол кісілерден алған тәлімнің нәтижесі деп білу керек.

Мен Темірбек Жүргеновті көргенім жоқ. Бірақ кейін Оқу министрі қызметіне тағайындалғанымда, Темірбек ағаның оқу-ағарту саласындағы даңғылына түстім. Шамам келгенше, қал-қадерімше сол жолды жалғастырдым деп ойлаймын.

Темірбек ағамыздың жұбайы Дәнеш Ермекова апайды көрдім, бірнеше рет жүздестім, әңгімелестім. Асыл жары туралы егіліп отырып әңгіме айтушы еді жарықтық. Дәрігер еді. Атақты Ермековтар әулетінен шыққандықтан ба, әлде Темірбек ағамыздың асыл қасиеттері дарығандықтан ба, Дәнеш апай кемел ойлы, ақынжанды, аса бауырмал кісі еді. Сұңғақ бойлы, ашаң жүзді, бетінен нұры тамып тұрған ажарлы, мейірбан кісі еді.

Мен Қазақстан Орталық Партия комитеті идеология бөлімінің меңгерушісі болып жүрген кезімде Дәнеш апаймен жиі-жиі кездесіп тұрдым. 1988 жылы Алматыда Жоғары партия мектебінде Темірбек ағаның 90 жылдығын атап өтіп едік. Сол жолы мен қазақ халқының ұлы перзенті Темірбек Жүргенов туралы баяндама жасаған едім. Дәнеш апай алқалы жиынның төрінде, жанымда отырып терең ойға батып, «Темірбек халқына қайта оралды. Осыған да шүкір!» деп тебіренген еді. Қайран, дүние-ай десеңші!

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,

академик, филология ғылымдарының докторы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button