Жаңалықтар

Құрмет пен марапат

Жыл үздігі

Биыл жазда суға батып бара жатқан адамды құтқарып, қайтыс болған ақтөбеліктің отбасына пәтер берілді

Жұма күні қалалық Мәдениет үйінде жыл бойы Ақтөбенің дамуы жолында аянбай еңбек еткен үздіктер марапатталды. «Жыл үздігі» шарасына қала әкімі Азамат Бекет қатысты.

Салтанатты шарада сөз алған қала әкімі жиналғандарды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы үнемі еңбек адамының мәртебесін көтеруге баса назар аударып отырады. Расымен, өзінің туып-өскен жері үшін, елі үшін қызмет қылған әр адамның еңбегі еленуге тиіс. Жаңа жыл қарсаңында жылды қорытындылап, түрлі салада аянбай қызмет етіп,  абырой биігінен көрінген азаматтарға «Жыл үздігі — 2023» номинациясын табыстағалы отырмыз.

Биыл қаланың әлеуметтік-экономикалық саласында үлкен жұмыстар атқарылды. Тұрғын үйлер мен мәдениет ошақтары, мектептер, спорт нысандарды бой көтеріп, бірнеше тұрғын алапқа инфрақұрылым желілері тартылды. Көшелер мен аулаларды абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Осының барлығы — қарапайым еңбек адамдары жұмысының жемісі, — деген Азамат Бекетқұттықтау сөзінен кейін бірқатар ақтөбелікті марапаттады.

Бұл күні 5 адам омырауына «Қала құрметі» төсбелгісін тақты. Бұл марапатқа лайық деп танылғандар қатарында танымал ақын, публицист, көркемсөзші Мейірхан Ақдәулетұлы,  әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің ұстазы, Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледж оқытушысы Марат Әйтімов, республикалық «Үздік әскери жетекші» турнирін ұйымдастырушы, балаларды патриоттық тұрғыда тәрбиелеп жүрген Серік Сраж, қаланы абаттандыру және көгалдандыру саласында еңбек еткен ардагер-зейнеткер Хасен Юсупов және қаламыздың қаржы-экономика саласында 26 жыл қызмет атқарған кәсіби есепші Гүлнар Жанғазина бар.

Бұдан соң «Жыл үздігі-2023» номинациясының иегерлері марапатталды.

Биылғы жылдың үздіктерінің бірі — «Ыбырай қорының» басшысы, меценат Әсет Өтеғалиев. Ол 8000 мұқтаж отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етіп,

«Мектепке жол» акциясы аясында 2500 оқушыны киіндірді. Жомарт жүректі жан пандемия кезінде қалалық ауруханаларға 100 жасанды тыныс алу аппаратын алып берді. Сондай-ақ ол соңғы 3 жылда мұқтаж отбасыларға 90 тонна көмір таратты.

«Жыл үздігі -2023» номинациясымен әлеуметтік қызметкер Гаухар Нұрниязова да марапатталды. Ол бірнеше жылдан бері  жалғызбасты 91 қарт адамға және 1-2 топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға үйде арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетеді.

Жиырма бес жыл бойы жылдың төрт мезгілінде қаланың тазалығына атсалысып, абаттандыру жұмыстарына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан «Өтес Ақтөбе» ЖШС  жұмысшысы  Бибата Бокаева да үздіктер қатарынан көрінді.

Елек өзеніне батып бара жатқан өзі қатарлы баланы құтқарып қалған бүгінгінің батыры — Қолқанат Баққұлға да қала әкімі «Жыл үздігі — 2023» атағын табыстады.

Мерекелік шара кезінде суға батып бара жатқан адамды құтқару кезінде қайтыс болған ақтөбелік Медет Төлеуғалиевтің отбасына жанашыр жандар тосынсый жасады. Марқұмның артында әйелі мен 6 баласы қалған еді. Демеушілердің арқасында отбасына екі бөлмелі пәтер берілді.

— Бүгін біз үшін ерекше тосынсый жасаған жомарт жандарға алғысым шексіз. Бұған дейін жағдайымды айтып, қала әкімінің қабылдауында болғанмын. Бірақ дәл бүгін пәтер кілтін береді деп ойламадым. Жолдасымнан айырылып қалғанымызға 6 ай болды. Артында алты баласы қалды. Жолдасым ерлікпен қаза тапты. Оны біз әрқашан мақтан тұтамыз, — деді көзіне жас алған марқұмның әйелі Әйгерім Төлеуғалиева.

Салтанатты шара одан әрі қалалық Мәдениет үйі әзірлеген концерттік бағдарламаға жалғасты.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button