PISA: Қазақстан әлем бойынша алғаш рет топ 50 елдің құрамына кірді

Ал біздің облыс үздік бестікке енді!
Білім сапасын бағалаудың маңызды халықаралық зерттеуі — PISA-ның қорытындысы шықты. Нәтижесінде Қазақстан әлем бойынша математика мен жаратылыстану ғылымдарынан алғаш рет ТОП 50 елдің құрамына енді. 81 мемлекет бақ сынаған зерттеуде Қазақстан математикадан — 46 (2018 ж. 54-орын), жаратылыстанудан — 49 (2018 ж. 69), оқу сауаттылығынан 61-орынды (2018 ж. 69) иеленді.
Еліміз бойынша біздің облыс аталған зерттеу бойынша математикадан үздік бестікке кірді. Батыс аймақ бойынша Ақтөбе математика мен жаратылыстанудан көш бастап тұр. Бұл зерттеуге кездейсоқ таңдаумен өңіріміздегі 32 білім беру ұйымы қатысты: 26 мектеп пен 6 колледж. 26 мектептің 10-ы (38,5 пайыз) — ауыл мектептері.
PISA-ның қорытындысы әлемдік кеңістікте қай елдің сауатты екенін анықтайды. Сол себепті де сынаққа қатысушы елдердің үкіметтерінің бәрі де зерттеу қорытындысын асыға күтеді. Яғни әлемнің барлық елі PISA-ны мектептегі білімге шынайы сараптамама жасайды деп қабылдайды.
Зерттеуді ұйымдастырушы — Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ). Үш жылда бір рет өткізілетін зерттеудің бұл түріне аталған ұйымға мүше де, мүше емес те жалпы саны 81 елдегі 15 жастағы оқушылар мен студенттер математика, жаратылыстану және оқу сауаттылығы бойынша сын тапсырады.
2000 жылдан бастап ұйымдастырылып жатқан зерттеуге біздің ел 2009 жылдан бері қатысып жатыр. Бұған дейін төрт рет өткізілген зерттеулердің қорытындысы бойынша еліміз төмен көрсеткіш көрсетіп келді. Мамандардың тұжырымынша, былтырғы сынаққа қатысқан оқушылардың ел намысын қорғап, жоғары көрсеткішке ие болуының бірнеше себебі бар. Біріншіден, елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен білім беру саласында ірі жобалар, маңызды бастамалар жүзеге асырылып жатыр. Екіншіден, мектептерге Назарбаев зияткерлік мектептерінің іс-тәжірибесі таратылып, білім беру ұйымдарында жаңартылған оқу бағдарламаларының енгізуі де көрсеткіштің жоғарылауына ықпал етті. Үшіншіден, «Педагог мәртебесі туарлы» Заң қабылданып, педагогтердің мәртебесін арттыру мақсатында кешенді жұмыстардың қолға алынуы жемісін берді.
Сонымен, PISA бізге не береді? Біз облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтанмен білім сапасын әділ бағалайтын маңызды зерттеудің қорытындысы туралы әңгімелескен едік.
Мемлекеттік қолдау және білім сапасы
— Оқушылардың білім құзыреттіліктерін бағалаудың қорытындысы шығып, еліміз математика және жаратылыстану бойынша бірінші рет ТОП 50 елдің қатарына енді. Бұл — үлкен жаңалық, еліміз үшін үлкен абырой. Білім сапасын анықтайтын зерттеуге еліміздегі 871 білім беру мекемесінен жалпы саны 19 769 оқушы қатысты.
Жалпы, бұл зерттеуге әрбір ел өзінің қазіргі ұлттық білім беру жүйесі мен қабылданған стратегиялары жақын болашақтағы ғылыми-техникалық серпілістерге, болашақта жалпы тұрақтылық пен қоғамның әл-ауқатына қаншалықты ықпал ететінін түсіну үшін қатысады.
Бұл халықаралық зерттеуді Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы үш жыл сайын өткізеді. Соған сәйкес сынақ 2021 жылы өткізілуі керек-ті, дегенмен коронавирус пандемиясының кесірінен 2022 жылы ұйымдастырылды. Зерттеу қорытындысы бойынша біздің еліміз үш бағыт бойынша да жетістікке жетіп отыр. Жалпы, 2018 жылмен салыстырғанда математика пәні бойынша тестілеу нәтижелеріне сәйкес, 7 мемлекеттің рейтингі өсті. Оның арасында Қазақстан да бар. Жаратылыстану пәні бойынша 18 мемлекеттің қорытындысы жақсарған. Оны арасында Қазақстаның көрсеткіші бірден 26 балға артты.
Сөйтіп, PISA-2022 нәтижесі бойынша Қазақстан 81 елдің ішінде математикадан 46-орынға ие болды. 2018 жылы 54-орында болған едік. Ал жаратылыстану пәні бойынша 49-орынға көтерілдік. 2018 жылғы көрсеткіш 69-орын болған-ды. Оқу сауаттылығынан бұған дейін 69-орынды қанағат тұтсақ, соңғы зерттеу нәтижесі бойынша 61-орынды иелендік. Соның арқасында еліміз ТОП 50 елдің қатарына кірді. PISA-2022 қорытындылары бойынша еліміздегі қала мен ауыл балаларының арасындағы білім сапасының алшақтығы азайғаны байқалады. Ал мұның бәрі ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қала мен ауыл мектептерінің арасындағы білім сапасындағы алшақтықты жою мақсатында жүзеге асырылып жатқан кешенді жобаларының арқасында қол жеткізіліп отыр. Расында, елімізде білім саласын дамыту, білім сапасын арттыру мақсатында көптеген жұмыстар жүйелі түрде жасалып жатыр. Педагог мәртебесін, беделін арттыру мақсатындағы жобалар, білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын дамыту мақсатындағы ауқымды жұмыстардың түпкі мақсаты бір — жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беру, — дейді Жайық Исаұлы.
PISA-2022 зерттеуінше біздің облыстан кездейсоқ таңдаумен 32 білім беру ұйымы қатысты. Олар: 26 мектеп пен 6 колледж. 26 мектептің 10-ы (38,5 пайызы) — ауыл мектептері. Еліміздің математика және жаратылыстану ғылымдарынан ТОП 50 елдің қатарына енуіне біздің облыстың да үлесі зор. Мұны мақтанышпен айта аламыз.
— Еліміз бойынша Ақөбе PISA-2022 зерттеуі бойынша математикадан үздік бестікке кірді. Батыс аймақ бойынша математика мен жаратылыстану пәндерінен көш басында тұрмыз. Бұл, әрине, үлкен қуаныш. Математикалық сауаттылық бойынша облыстың орташа балы — 437 (2018 жылы — 420 балл). Республикалық көрсеткіштен 12 баллға жоғары. Жаратылыстану бойынша облыстың орташа балы — 425 (2018 жылы — 389 балл) 458, ел бойынша орташа баллдан (423 балл) асып түсті. Оқу сауаттылығы бағытында Ақтөбенің орташа балы — 383. Республикалық көрсеткіштен 3 баллға төмен. Дегенмен бәрібір ілгерілеу бар. Өйткені 2018 жылы өткен зерттеу қорытындысы бойынша оқу сауаттылығынан облыс көрсеткіші 381 балл болып, сол кезде республика бойынша орташа көрсеткіштен 6 баллға төмен болған едік. Қорыта айтқанда, Ақтөбе PISA-2022 халықаралық зерттеуінің математика бағыты бойынша бестікті түйіндеп, облыста білім сапасының артқаныны көрсетеді.
PISA қорытындысы неліктен маңызды?
PISA зерттеуі неліктен маңызды? Бұл туралы Жайық Исаұлы былай дейді:
— PISA алғаш рет 2000 жылы өткізілді. Бұл жылы зерттеу Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше 32 елдің арасында жүргізілді. Кейінірек зерттеуге қатысуға ұйымға мүше емес елдер де қызығушылық білдіре бастады. Өйткені әлем елдері білім сапасын анықтауды мақсат еткен PISA зерттеуінің қорытыныдысының әділ екенін мойындайды. Сарапшылардың айтуынша, PISA-да орташа көрсеткішті 5 ұпайға көтере алған елде еңбек өнімділігі — 2,5 пайызға, жанбасылық ішкі жалпы өнім 1,5 пайызға өсетіні дәлелденген.
80-жылдары Батыс Еуропаның біршама елдері оқуды білімге емес, құзыреттілікке қарай бағыттайтын бағдарламаларды енгізе бастады.
Академиялық, дәстүрлі білім беру — оқушыға белгілі бір тақырыпты меңгерту, түсіндіру. Ал құзыреттіліктің аясы кең: бала тақырыпты меңгереді, жетік түсінеді, жан-жақты талдау жасай алады, сараптап, бағалай да алады. Біздегі педагогикалық тәжірибе — кеңестік жүйенің ізі. Яғни балалар оқулықтағы материалды жақсы түсінеді, қажет болса жатқа айтып та береді, деректерді жақсы біледі, жеңіл-желпі тапсырмаларды дем арасында орындап тастайды. Дегенмен сабақта үйреніп, білгенін өмірде қолданып, пайдалана алмайды. Халықаралық зерттеудің басты мақсаты — осы оқушының функционалдық сауаттылығын, яғни алған білімін күнделікті өмірде қолдану бойынша дағдыларын анықтайды.
Біздің дерек:
***
PISA зерттеуіне 2003 жылы — 41 ел, 2006 жылы — 57, 2009 және 2012 жылы — 65, 2015 жылы 72 және 2018 жылы 79 ел қатысты. Бүгін жарияланған PISA 2022 зерттеуіне 81 ел қатысты.***
PISA — білім беру ұйымдарындағы 15 жастағы оқушылардың оқу, математика және жаратылыстанудан білім жетістіктерін анықтау үшін өткізілетін халықаралық зерттеу. Әр 3 жыл сайын өткізіледі. PISA-ға Қазақстан 2009 жылы алғаш рет қатысты.
***
Зерттеу қорытындысынан білім берудегі аймақтық теңсіздікті де көруге болады. Мысалы, математикадан Алматы (453), Астана (449) қалалары және Солтүстік Қазақстан (441)мен Қостанай (440), Ақтөбе (437) облыстары алдыңғы лекте тұр. Ал Шымкент қаласы (407), Атырау(405) мен Түркістан облыстарының (389) көрсеткіштері төмен.
P.S. Қазақстан оқушыларының біраз елдегі бәсекелестерінен асып түскені, Қазақстандағы білім сапасының ілгері дамып келе жатқаны Парижде өткен Еуразия апталығы аясындағы үлкен жиында да айтылды. Зерттеу қорытындысы әлемнің біраз еліне коронавирус пандемиясының «салқыны тигенін» көрсетті. Аталған басқосуда білім беру және дағдылар жөніндегі ЭЫДҰ директоратының аға кеңесшісі Элизабет Фордам: «COVID-19 пандемиясы басталғаннан кейін PISA көрсеткіштерінің жаһандық төмендеуіне қарамастан, Қазақстан математикалық есептерді шығару және оқу дағдылары бойынша бағалау көрсеткіштерін сақтап қалды, сондай-ақ жаратылыстану пәндері бойынша айтарлықтай прогреске қол жеткізді. PISA-ға қатысу және ұлттық білім беру жүйесін жетілдірудегі Қазақстанның жылдар бойы жинақтаған тәжірибесі Орталық Азия мен Кавказ аумағындағы басқа мемлекеттер үшін де пайдалы болуы мүмкін, — деп біздің елдің білім сапасын жоғары бағалап, өзге елдерге біздің елдің тәжірибесін өнеге етті.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.



