Басты жаңалықтарЭкономика

«Жасыл» экономика: жаңа энергетика дәуірі

«…Біз «жасыл» экономиканы дамыту мәселесімен мықтап айналысуымыз керек. Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшетіні сөзсіз. Халықаралық сарапшылардың мәліметіне сүйенсек, жалпы әлемдегі күрделі қаржы салымдарының үштен біріне жуығы жаңартылатын энергетика жобаларының еншісінде…».

Қазақстан Республикасының Президенті

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан.

Әлемдік нарыққа шығу үшін елімізде трансұлттық компаниялар тізімі кеңейтілуде. Осыдан төрт-бес жыл бұрын меншік иелері «ENI» (90 пайыз) және «General Electric» (10 пайыз) екі ірі трансұлттық компания саналатын «Arm Wind» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі инвестициялық жобасымен Ақтөбе нарығына келгені белгілі. Осы компанияның ықпалымен өңірде ірі инвестициялық жоба — Қарғалы ауданының Бадамша ауылында қуаттылығы 48 МВт болатын жалпы сомасы 33 миллиард теңгеге жел электр стансасының құрылысы салынып, іске қосылды. Бұл орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы халыққа арнаған Жолдауында «жасыл» экономиканы дамыту мәселесімен мықтап айналысу керектігін айтқаны есімізге түседі. Енді осындай нысан келер жылы Хромтау аумағында да бой көтермек.

Мақсат — «жасыл» энергия өндірісін ұлғайту

Бүгінде  Бадамша ауылынан 15 шақырым жерде жүзеге асырылған инвестициялық жоба Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі, америкалық «General Electric» және табысы бойынша әлемнің үздік 100 компаниясы қатарына кіретін, әлем бойынша 71 елде жұмыс жасайтын халықаралық мұнай-газ және энергетика саласындағы ірі компаниялардың бірі — италиялық «ENI» компаниясы қол қойған өзара түсіністік туралы меморандум аясындағы келісімдердің нәтижесі болды.

«Бадамша-2» электр станциясын салудағы мақсат —  өңірдің экономикалық әлеуетін дамыту, «жасыл» энергия өндірісін ұлғайту. «Бадамша-2» электр станциясы 2021 жылдың қыркүйегінде коммерциялық пайдалануға берілді.  Аталған нысанның белгіленген қуаты — 48 МВт. Бұл 2020 жылдың басында пайдалануға берілген «Бадамша-1» жел электр станциясының белгіленген қуатына тең.  Құрамына 23 жел электр стансасы кіреді.

«Бадамша-2» — жел турбиналары көлемі бойынша елімізде орнатылған станциялардың ең ірісі. Роторының диаметрі — 158 метр, ось биіктігі — 101 метр, әрқайсысының номиналды қуаты — 4,8 МВт.
Өндіріс сипаттамаларынан бөлек, жоба аймақ үшін оның экологиялық құрамымен маңызды. Жел турбогенераторлары жыл сайын 200 ГВт/сағатқа дейін электр энергиясын өндіреді. Бұл — шамамен 37000 үй шаруашылығының энергия тұтынуына және жылына 173000 тонна көмірқышқыл газының шығарылуын болдырмауға тең. Өнімнің негізгі тұтынушысы — «KEGOC» акционерлік қоғамы.

Қалыпты тәжірибе және «жасыл» қаржы

Мамандардың айтуынша, «жасыл» экономика — табиғи қорларды тиімді пайдалану есебінен қоғамның əл-ауқатын сақтауға бағытталған экономиканың жаңа салаларының бірі.  «Жасыл» экономика бірінші кезекте қазіргі уақытта қоры азайып бара жатқан ресурстарды үнемді тұтынуға жəне сарқылмайтын ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған. «Жасыл» экономиканың негізінде  таза немесе «жасыл» технологиялар жатыр. Мамандар «жасыл» экономиканы дамыту көптеген постиндустриалды елдерде болып жатқан экологиялық дағдарысты біздің елде болдырмауға мүмкіндік беретінін айтады.

Биыл желтоқсан айының басында Біріккен Ұлттар Ұйымының Дубайдағы конференциясы аясында өткен Климат жөніндегі дүниежүзілік саммитте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев климаттың өзгеруіне қатысты сөз сөйледі.Ол Қазақстанның болашақ ұрпақ үшін қоршаған ортаны сақтауға бағытталған нақты шаралар қабылдау жөніндегі БҰҰ-ның үндеуін қолдайтынын, сондай-ақ Париж келісімін ратификациялаған аймақтағы бірінші ел екенін және 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын қабылдағанын атап өтті. Президенттің айтуынша, Қазақстанның жаңа Экология кодексі ұлттық экономикамыздың әрбір секторында «жасыл» технологияларды кеңінен қолдануға ықпал етеді.

Елімізде жел мен күн энергиясын пайдалану, сондай-ақ «жасыл» сутегін өндіру үшін зор әлеует бар. Біз осы мүмкіндікті пайдалану мақсатында серіктестерімізбен арадағы тығыз ынтымақтастықты жалғастырамыз, — деді Президент.

Осындай әлеуетімізді пайдалану үшін серіктестерден инвестиция тартылатын болды. Президент сол сапарының өзінде араб кәсіпкерлерімен келіссөз жүргізді.

Мемлекет басшысының айтуынша, біз «жасыл» экономиканы дамыту мәселесімен мықтап айналысуымыз керек. Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшетіні сөзсіз. Халықаралық сарапшылардың мәліметіне сүйенсек, жалпы әлемдегі күрделі қаржы салымдарының үштен біріне жуығы жаңартылатын энергетика жобаларының еншісінде. Президент биылғы Жолдауында: «Қазақстанда да бұл бағытта көп жұмыс атқарылды. Жаңа Экология кодексі және Көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегиясы қабылданды. Соңғы 5 жылда жаңартылатын энергетиканың елімізде өндірілетін қуаттың жалпы көлеміндегі үлесі 5 пайызға жуық өсті.2027 жылға қарай тағы 1,4 гигаваттық қуат көздері іске қосылады. Еліміздің энергетикалық теңгерімінің құрылымы өзгеретіні анық. Сондықтан қуат өндіруден бастап оны таратуға дейінгі бүкіл энергетика саласын басқару тәсілдерін жетілдіру керек», —деді.

Сондай-ақ ол жетекші экономикалық бағыттар үшін «жасыл» қаржы тарту ісінің маңызы арта түсетінін айтты. Себебі өткен жеті жылда жер жүзінде «жасыл» облигацияларға 2,5 триллион доллардан астам қаражат жұмсалған.«ESG қағидалары аз уақыт ішінде қаржы ұйымдарының қалыпты тәжірибесіне айналды. Осыған байланысты «Астана» халықаралық қаржы орталығы біздің аймақтың «жасыл» қаражат тартатын басты алаңына айналуға тиіс», — деді Жолдауда Президент.

Хромтауда жел электр станциясы салынады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірімізге сапары кезінде ірі компания өкілдері өздерінің инвестициялық жобаларын таныстырған болатын.

Солардың бірі — ERG-дің Қазақстандағы бас директоры Серік Шахажанов таныстырған компанияның осы өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартып, еңбек өнімділігін арттыру бағытында қолға алған жобалары еді. Оның айтуынша, ERG ауқымды «Жасыл металлургия» бағдарламасын әзірлеген.Аталған бағдарламаға енген арнайы экологиялық стратегия бар. 2030 жылға дейін бұл бағытқа 228 миллиард теңге инвестиция салужопсарда бар. Серік Шахажановтың айтуынша, экостратегия қазірден оң нәтиже беріп жатыр. Соңғы 2 жылда Топ кәсіпорындарындағы қатты бөлшек шығарындылары жылына 11 мың тоннаға (8%) азайды. Ластаушы заттар шығарындылары 19 пайызға, техникалық суды тұтыну мөлшері 10 пайызға қысқарған.

ERG-дің Экологиялық стратегиясы аясында Топ ең қуатты кәсіпорындары — Ақтөбе ферроқорытпа зауыты мен Дөң тау-кен байыту комбинаты орналасқан Ақтөбе облысындағы атмосфераға қатты бөлшектер шығарындыларын 2025 жылға қарай — 50 пайызға, ал карьер мен шахталардағы су төкпелерін 34 пайызға азайту жоспарланған.

ERG-дің ауқымды экологиялық жобаларының бірі — Хромтауда қуаты 155 МВт жел электр станциясын салу. Серік Шахажановтың айтуынша, бұл жобаны жүзеге асыру үшін жұмсалатын инвестиция көлемі  — 110 миллиард теңге. Жел электр станциясының құрылысы СО2 шығарындыларын жылына  500 мың тоннаға азайтуға сеп болады.

Жел генераторлары Хромтау маңындағы 150 гектар алқапта бой көтереді. Нысан іске қосылғанда 30 адамға тұрақты жұмыс орны ашылады, — деді компания өкілі.

Президенттің облысқа жасаған бұл сапарында Eni Plenitude Arm Wind компаниясының басқарушы директоры Алекс Стиллавато да ел аумағында іске асырылған жобалар туралы ақпарат берді. Ол осындай жобалардың қатарында «Бадамша-1», «Бадамша-2» жел электр станциясының  құрылысын жүзеге асырғанын да атаған болатын.

Құрылыс Қызылсуда жүргізіледі

Нұрхан ТІЛЕУМҰРАТОВ, Хромтау ауданының әкімі: 

—  Бұл — аудан территориясында ERG компаниясы жүзеге асыратын инвестициялық жоба. Құны 110 миллиард теңге болатын 155 мегаваттықжел электр станциясының құрылысы үшін аудан тарапынан Қызылсу ауылдық округі аумағынан жер телімі берілді. Енді кәсіпкер тарапынан әрекет болу керек.

Қазіргі таңда  ERG компаниясы мердігер мекемені анықтады, екі жақ келісімшартқа қол қойды. Ол компания әлі жобалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Яғни жобаны іске асыру жұмыстары әлі басталған жоқ. Жақында компания өкілдері хабарласып, келер жылдың басында ауданға келіп, ұйымдастыру жұмыстарын жүргізетіндіктерін айтты.

— Жел электр станциясын салуда неліктен Қызылсу аумағы таңдалған?

— Бұл — алдын ала жүргізілген талдау жұмыстарының қорытындысы. Оның үстіне, Бадамшадағы жел электр станциясының жарты бөлігі Хромтау аумағында орналасқан. Сондықтан желдің екпініне, соғу бағытына қатысты анықтаған болуы мүмкін. Жел электр станциясын салуға ыңғайлы ауа райы болғандықтан, Хромтау өңірі таңдалды.

— Жоба аясында қанша адам жұмысқа тартылады?

— Көршілес Қарғалы ауданындағы жел электр станциясында көп адам жұмыс жасамайды. Сондықтан бұл жоба аясында да жиырма шақты адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Ал уақытша құрылыс-монтаж жұмыстары кезінде 100-ге тарта адам қамтылады. Дегенмен біз жергілікті тұрғындарды жұмысқа көптеп тарту мәселесін көтеретін боламыз.

P.S. Белгілі болғандай, Хромтау ауданының Қызылсу елдімекені маңында бой көтеретін жел электр станциясы ең соңғы үлгідегі технологиялар негізінде салынбақ. Жел электр станциясының бір бөлігі (75 МВт) келер жылдың соңына дейін тапсырылса, екінші бөлігін 2025 жылдың аяғында тапсыру жоспарланған. «Қазір баламалы энергия көздерін пайдалануға мейлінше күш салынып жатыр. Әсіресе дамыған елдер күннен, желден, судан электр энергиясын өндіруді басты назарға алған. Бұл — қоршаған ортаға зиянын тигізбейтін табиғи таза энергия өндіру көзі. Сондықтан экологиялық мәселе тудырмайтын маңызды жоба саналады», — деді Хромтау ауданының әкімі Н.Тілеумұратов.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button