Тарих

Тарихи хаттың ақиқаты

Немесе қазақ елін «Ақтабан шұбырынды» кезіндегі аса зор нәубеттен құтқарып қалған Әбілхайыр хан ешқашан Ресейге бодан болу туралы хат жазған емес!

Бүгін Ақтөбеде «Мәдени мұра» ұлттық жобасына сәйкес облыс әкімдігі қолдауымен «Еуразия тарихы мен мәдениеті аясындағы Арал-Каспий аймағы» атты ІІ халықаралық ғылыми конференциясы өз жұмысын бастайды.

Аталған шара «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы ғимаратында өтеді.

Форумның басты мақсаты — Арал-Каспий аймағының Еуразия тарихы мен мәдениетіндегі ерекше маңызын жан-жақты, көп қырлы зерттеулер негізінде көрсету болып табылады.

Шара барысында Әйтеке би ауданындағы «Хан моласы» қорымына, Қобда өңіріндегі Абат-Байтақ, Қобыланды батыр кесенесіне сапарлар ұйымдастырылады.

Біз осы конференция қарсаңында даңқты қолбасшы, баһадүр Әбілқайыр хан туралы ғалым Самат Өтениязовтың жаңа тұжырымдарға негізделген мақаласын ұсынып отырмыз.

Не оқып жүрміз?

Биылғы жылы ел Тәуелсіздігіне  20 жыл толады. Егемендіктің арқасында талай игілікті істерге қол жеткіздік. Тарих ғылымы да жан-жақты дамып, тарихтың көптеген ақтаңдақтары жабылды. Қазақстан тарихына өкіметіміз ерекше көңіл бөліп отыр.  Барлық оқу орындарына түсушілер тарих пәнінен емтихан тапсырады. Жоғары және орта білім ордаларында Қазақстан тарихынан мемлекеттік емтихандар тапсырылады.

Тек мемлекеттік емтиханның 1-курста әлде бірінші семестрде тапсырылатыны ғана  «Қазақстан тарихының» беделін түсіріп жатыр…

Қазақстан тарихындағы  ашылған  жаңалықтардың бәрі бірдей «Қазақстан тарихы» пәніне  кіргізілмей жатыр. Демек олар жас ұрпаққа әлі толық жеткен жоқ….

Осы ретте, Қазақ мемлекетіндегі хан мен билердің ролі туралы қаншама зерттеу материалдары  жазылса да, әлі күнге дейін жұртшылыққа оның  толық анықтамасы жетпегендігін айтуға тиіспіз. Қарапайым халық ханның қолында шексіз билік болғандай көреді.

Ал шындығында қазақ еліндегі хандық — сайламалы қызмет болды, яғни хан өзін сайлайтын  билер мен   рубасыларға әскери,  экономикалық, саяси ел басқару жағынан түгелдей тәуелді болды. Оларсыз өз билігімен ештеңе шеше алған жоқ.

Екіншіден, қазақ тарихындағы аса маңызды орын алатын қазақ-орыс, қазақ-жоңғар, қазақ- башқұрт,  қазақ – қырғыз, қазақ – қалмақ қатынастары және басқа  тарихи фактілер осы күнге дейін бұқараға жетпей, тек тарихшылардың «еншісінде» ғана қалып отыр.

 

300 жылдық соғыс

 

Оқулықтарда қазақ халқының ұлт-азаттық соғыстары да түгелдей көрсетілмей келеді.  Оның 90 пайызы Ресейге қарсы соғыстардан тұрады…

…Қазақ мемлекеті құрылғанына бір ғасыр толғанда Ресей шекарасы жақындағандығы себепті көресіні сол мемлекеттен көрді. 1580 жылдары еліміздің батыс шекарасына таяу жерде  Яицкий казачьи войскасы құрылып,  Сарайшық қаласын орыстардың тонауы мен қырып-жоюы үлкен кесапаттың басы болды. (Сарайшық қаласының орны Атыраудан 35 шм. жерде, Жайықтың бойында-С.Ө.) Орыстар көп ұзамай Тәуекел ханның інісі, марқұм  Ондан батырдың баласы Ораз-Мұхаммед  сұлтанды тұтқындап, Мәскеуге алып кеткен соң қазақ еліне қатысты түрлі зорлық-зомбылық ұйымдастырыла бастады.

1580-1730 жылдар аралығындағы 150 жылға созылған қырғын соғыс туралы  белгілі зерттеуші М.Әбдіров:

«…С конца XVI – начала XVIII в. начинается ожесточенная и кровополитная, длившаяся  150 лет, казахско-казачья война. С этого момента вся история взаимоотношений казахов с яицкими /Жайық өзені/ казаками заполнена взаимными набегами, враждой захватом пленных и угоном скота. Борьба шла не на жизнь, а на смерть, с переменным успехом, и в этой борьбе не было ни победителей, ни побежденных, никто не хотел уступать, — дей келе,  қазақ елінің басына түскен зіл-батпан ауыртпалық туралы: «…Многострадальная казахская земля обильно полита кровью наших предков, отстаивших право на мирную жизнь на  древней, исконно своей территории…»(6) — деп  жан- жақты анықтама берген болатын.

Ал, екінші 150 жылдық кезең туралы (XVIII бен  XIX ғасырлар) аса қиын кезең туралы Х.Досмұхамедов :

«…Осы екі ғасырдағы патша өкіметінің жұмысы қазақты әбден бағындырып алып, қазақты көпір қылып Азияға аттау болды. Қазақтың амалы — таптайын деп тұрған патша өкіметінен құтылу болды. Дәуірлеп келе жатқан орыс байларының капиталымен жауласам деп, Кіші жүздің жүз жарым жылдай тарихы қанмен жазылғандай болды.»(7) — деп толық бейнесін берген еді.

Осылайша  Кіші жүз қазақтарының Ресей басқыншыларымен соғысы әрқайсысы 150 жылдан тұратын екі кезең — 300 жылдық соғыстан тұрады. Осы Кіші жүз қазақтары мен казак-орыстары арасындағы қырғын соғысқа М.Әбдіров былай дейді:  «…Они были хорошо вооружены и обучены, прекрасно организованы, дисциплинированы, обладали громадным опытом борьбы с покоренными народами, Вот с такими отборными воинскими отрядами 300 лет воевали қазахи за свою свободу и независимость, отстаивая родную землю…» (8)

1692 жылы  мемлекет басына І Петр келген соң орыс әскерлерінің қазақ жеріне жаңа қарқынды шабуылдары басталды. І Петр қалмақтардың ұйымдасқан қарулы отрядтарын қазақ еліне айдап салып отырды. Аюкені қалмақтың ханы етіп тағайындап,  оған барлық титулды, барлық сыйлықты  берді. Оның негізгі міндеті — қазақ елін шауып,  қирату ғана болды. Сорлы Аюке хан тегін сыйлықтар мен арзан титулдарға қызығып өз қандастарын өлімге айдап отырғанын түсінбеген болар.  Тек өлер алдында,  1724 жылы қалмақтар  Әбілхайыр қолынан қырылып жатқанын көргенде ғана түсіне алды ма екен…

Әрине, І Петр келген соң бақайшағына дейін қаруланған казак-орыс отрядтары мен қалмақтар шабуылына қазақ елінің есесі кете бастады. Сол кезде қазақ елі үшін І Петрден кем емес тұлға жарқырап тарихи аренаға келді. Жас батыр қолбасшының есімі Әбілхайыр еді. Бұл — 1700 жылдар болатын.

Қазақ елі мен Ресей қоластындағы туысқан башқұрт халқын қызғыштай қорғаған ерлігі ескеріліп, 1709 жылдың күзінде Қазақ елінің билер кеңесі Әбілхайырды Кіші жүзге хан сайлады. Сол тұстағы  Қазақ елінің тағдыры төмендегідей…

1707-09 жылдар аралығында башқұрт халқының ұлт-азаттық көтерілісіне Әбілхайыр 3 мың сарбазбен барып көмек көрсетті. 150 жылдан бері Ресей боданында келе жатқан башқұрттар атадан асып туған ерді өздеріне хан сайламақшы болыпты. Міне, сол кезде, яғни, 1709 жылдың күзінде қазақ билері Әбілхайырды  шұғыл шақыртып алып, Кіші жүздің тізгінін ұстатады. Бұрын  үш жүз түгелдей  бір орталыққа — Тәуке ханға бағынатын. Ресей басқыншылары мен Кіші жүз арасындағы соғыс қиындап бара жатқан соң, кіші ордаға  дербес хан керек болды. 1709 жылға дейінгі қазақ елін Ресейден қорғаған ерліктері мен еңбегі ескерілгені Әбілқайыр осылай таққа отырды. Ол кеткен соң башқұрт көтерілісі жеңіліс табады.

Кіші жүзге хан болған соң Әбілқайыр Ресеймен күреске бел шеше кірісті.

1709 жылы қазақтар Сызранға бара жатқан орыс-казак керуенін талады.

1711 жылы қазақтардың 16 мың сарбазы Текеге (қазіргі Орал қаласы) астық алып бара жатқан орыс-казак керуенін талқандап, 300 жауынгерін тұтқындайды да, Хиуаға апарып құлдыққа сатады.

1713 жылы 800 жігіттен тұратын сарбаздар Самараға балық апара жатқан керуенге шабуыл жасап, жауынгерлерін қырып тастайды.

1714-16 жылдар аралығында қазақтар казак-орыс отрядтарына әлденеше рет шабуылдаған.

1718 жылы қазақ пен қарақалпақтың 20 мыңдық әскері Теке қаласын қоршайды. Бұл бір айға созылады.

1719 жылы шілдеде Әбілқайыр 20 мың әскермен қаланы қайта қоршауға алады. Қазақтар Теке қаласын басып алуға сәл-ақ қалады. Күз түсісімен елдің мазасын алып қоймаған Еділ қалмақтарына (казак-орыс отрядтарының одақтастары) шабуыл жасайды.

1720-21 жылдарда казак-орыстар бірнеше рет қазақ жеріне шабуылдар жасайды.

1720 жылдың қыркүйек айында Самара өзенінің бойында қазақ әскері мен казак-орыстардың арасында қанды шайқас болды. Тұтқынға түскен 50 қазақ жігітін өлтіріп,  «ерлік жасағаны үшін» атаман Никита Бородин Ресей патшасы І Петрдің мақтау грамотасымен марапатталды.

1721 жылы казак-орыстар мен қалмақтардың атаман Балмашнов басқарған тобы Ойыл өзеніне дейін шабуыл жасап, көп тұтқындар мен мал айдап әкеткен.

1722 жылы қаңтарда 300 қазақ сарбазы қарымта қайтару үшін Шаған өзені жанындағы қысқы станицаға шабуыл жасап, 70 казак-орысты айдап әкетеді. Осы жылы ақпанда қазақтар Теке қаласы жанындағы жылқы табынын айдап кетіп,  оларды түгелдей жаяу қалдырады. Сондықтан Яицкий казак әскерлері І Петрдің Парсы еліне қарсы жорығына қатыса алмай қалады.

 

«Ақтабан шұбырындыны»  ұйымдастырған  — I Петр!

 

Жоғарыдағы оқиғаға  қатты кектенген І Петр қазақ елін түгелдей жаулап алуды ұйғарады. Жоңғарларды артиллериямен қаруландырып және оларға жаңа қаруды үйретуге капитан И.Унковскийді жіберіп, 1723 жылғы «Ақтабан шұбырындыны» ұйымдастырады. Шығыстан жоңғар, батыстан казак-орыс отрядтары мен қалмақ әскерлері Қазақ еліне шабуыл жасайды.

Осы тұста  І Петрдің сағын Әбілхайыр хан тағы да мықтап сындырды.

Шығыстан келген жоңғарлар Түркістан қаласына дейінгі жерлерді түгел басып алып, елді азып-тоздырды. Ал батыстан баратын орыс әскерлері мен қалмақтар Түркістанға жете алмады. Себебі, баһадүр Әбілқайыр ханның әскерлері оларды тоқтатып қана қойған жоқ, қырып салды.  Еділден әрі қарай асырып қуды. Соғыстардың бірінде қалмақ ханы Аюке өлтіріледі (1724).

1723-1724 жылдарда Әбілқайыр Теке қаласына бірнеше рет шабуылдайды.  Казак-орыстар мен қалмақтардың бақайшағына дейін қаруланған отрядтарымен   қазақ жасағы Утва, Самара, Шаған өзендері бойында бірнеше рет бетпе-бет келіп шайқасқа түседі, қырғын соғыстар болады. И.Тимофеев, И.Логинов, Никита Бородин бастаған казак-орыс отрядтары көп шығынға ұшырады. Орыстар жағынан 170 адам қаза тапты, көп адам жаралы болды. Көптеген жауынгерлер тұтқынға түсті. Осылай  «Ақтабан шұбырындыға» ұқсас ауыр күндер Жайық казак-орыстары мен қалмақтардың да басына түсті…

1725 жылы  екі жақ тұтқындар алмастырады.

«Ақтабан шұбырынды» кезіндегі Әбілхайырдың осы бір жанкешті қимылы қазақ елін аса бір ауыр зұлматтан құтқарып қалды.  Батыстан келе жатқан орыс пен қалмақтардың жойқын шабуылын тоқтатпағанда, қазақ елі түгелдей орыс басқыншыларының қол астында қалатын еді.

Әбілхайыр басқарған Кіші жүз қазақтары «Ақтабан шұбырынды» нәубетіне ұшыраған жоқ. Керісінше батыстан соққан күшті дауылды тоқтатып қана қоймай, талқандап,  іргемізді нығайтты. Содан кейін   жоңғарларды талқандауға кірісті.  І Петрдің жоспары жүзеге аспай, сағы сынды. Осы тарихи оқиға туралы И.В.Ерофеева:

«…Военные походы Абулхаира в 1723-1726 гг. в улусы волжских калмыков убедительно показали, что он оказался очень способным учеником и уже через несколько лет после ухода от Аюки поражал своих сподвижников и ближайших кочевых соседей в Поволжье и на Южном Урале не только дарованной ему от бога могучей физической силой, но и исключительным воинским мастерством» — деп жазып, әділ бағасын берген еді. (3)

Батыстағы шекараны осылайша мықтап  бекітіп  алған Әбілқайыр енді Түркістанға дейінгі қазақ жерін жоңғарлардан тазартуға кіріседі.

Әбілқайыр 1726 жылы  Ордабасыдағы  жиында Үш Жүздің қолбасшысы болып сайланды. Бұланты өзенінің жағасындағы (1728), Аңырақайдағы (1729/30) ойраттарды талқандаған соғыстарда оның қолбасшылық қабілеті ерекше көрінді және қазақ елін тарихта бұрын-соңды болмаған үлкен апаттан құтқарды.

1730 жылы  «Ақтабан шұбырынды» оқиғасы аяқталды.  Бұл — Ресейдің қазақ еліне  қиянаттарының ең үлкені еді.

Тарихтың осы уақытқа дейін бұрмаланғаны соншалық, Әбілқайырдың ерлігі мен халық алдындағы қызметі айтылмай келді, керісінше,  оның барлық ерлігі Абылайға телініп келе жатыр. Ал шындығында Абылай «Ақтабан шұбырынды» оқиғасына қатысқан жоқ. Қазақ тарихында оның аты алғаш рет 1740 жылдан бастап көрінеді…

Башқұрт еліне көмек

Қазақ елін осындай үлкен нәубеттен құтқарған Әбілқайыр сынды батыр қолбасшының «Ақтабан шұбырынды» кезіндегі орасан зор  ролін айтпақ түгілі, осы кезге дейін оны  қазақ елін Ресейге бодан қылды деп нақақтан айыптап келгеніміз де — орыс патшалығы жасаған  зор қиянаттың бірі. Оның 1730 жылы Ресей патшасына жазған «тарихи хатында» бодандық туралы бір ауыз сөз жоқ, онда тек башқұрт халқымен арадағы үзіліп кеткен достықты қайта орнату туралы ғана ұсыныс болатын. Алайда тарихшылар осы уақытқа дейін сол хаттың түпнұсқасына үңілмей,  орысша аудармасын ғана  пайдаланып келген…

Сондай-ақ Әбілхайыр ешқашан Ресейге бодан болу үшін ант берген жоқ.

Анығында «Башқұрттармен достық қатынасты орнату үшін патша ағзамға хат жазбасаңыз болмайды»  дегенге алданып қалған Әбілхайыр 1730 жылы хат жазады.  Сол хатты Ресей патшалары: «Бодандық сұрап жазылған хат» деп жасырып келген…

Әбілхайырдың қандай көреген хан, дана қолбасшы болғанын мына оқиғадан көруге болады:

1738 жылы ол башқұрт халқының Ресейге қарсы кезекті көтерілісіне көмек көрсетті. Ал Ресейдің   қазақ пен башқұрт арасын от салып, оларды бір-біріне айдап салып келгенін жоғарыда айттық.

Міне, сол 1738 жылы патша өкіметі  башқұрт көтерілісін басу үшін қазақтарды айдап салып,  бір оқпен екі қоянды атып алмақшы болды. 1738 жылдың ақпанында генерал Татищев Әбілхайырға хат жолдап: — Қазақтың башқұрттан кек алуына жақсы жағдай туды. Әрбір башқұрттың басын әкелген қазақ жігітіне 60-100 рубль ақша беремін, — деп хабарлады (3а).   Татищев ұсынған ақшаның көптігі сонша,  60 сомға 12 жақсы ат немесе  20 жақсы сиыр алуға болатын еді.  Әбілхайыр ақшаға қызыққан кейбір жігіттерді жібермеді, керісінше, бұрынғыдай башқұрттарға көмектескен.  Осынау тарихи оқиғаны Ресей тарихшылары әдейі бұрмалап айтып және жазып келе жатыр. Әрине,  мұның бәрі — Әбілхайырдың тарихтағы ролін төмендету үшін  жасалған кезекті қиянаттың бірі.

Хат: түпнұсқа мен аударма

 

Енді «тарихи хат» туралы әңгімеге оралайық.

«Әбілхайырдың  қолынан қалай болмасын бір хат алу керек!» — деген мәселені  қойған І Петр болатын. Тевкелов сол үшін көп еңбек етті. Оған оның  І Петр өлген соң 6 жылдан кейін ғана қолы жетті. Бұл тарихи хатта бодандық туралы бір ауыз сөз жоқ, болуы да мүмкін емес еді. Оның мазмұны — Қазақ пен Башқұрт халқы арасындағы бұрынғы достықты орнату. Осы уақытқа дейін оның орысша жалған аудармасын пайдаланып келдік.  Енді бұрынғысы мен жаңа аудармасын салыстырып қарайық.

Мынау осы уақытқа дейін қаншама ұрпақты алдап келген Әбілхайыр хатының бұрынғы аудармасы:

Послание в Петербург ее величеству

Величайшей, благородной, богатой и умной обладательнице многих земель, ее величеству государыне императорице ежедневно,  ежемесячно и ежегодно желаем божией милостью благополучного государствования. Наше заявление Вашему величеству состоит в том, что с подданным Вам башкирским народом, который находится за Уралом, у нас близких отношений не было. Желая быть совершенно подвластным Вашему величеству, я посылаю своего посланника вместе с Вашим подданным Алдарбаем. Этот Алдарбай требовал посланника от нас к Вашему величеству, и поэтому мы, Абулхаир-хан  с подвластным мне многочисленным казахским народом Среднего и Малого  жузов, все преклоняемся перед Вами, являемся Вашими слугами и все вместе в простым народом желаем Вашего покровительства и ожидаем Вашей помощи, чтобы с подданным Вам башкирским народом, находящимся за уралом, жить в согласии.

Желаем Вам всякого благополучия и будем Вашими подданными.

(Передали): Сеиткул, Главный посланник Куттумбет с товарищами.

Асты сызылған сөздер хаттың түпнұсқасында жоқ.

Әбілхайыр хаты Ресейден барған Алдарбайдың өтінішімен башқұрттар мен қазақтар арасындағы достықты қайта орнату мақсатымен жазылған. Енді Амантай Исин аударып жарыққа шығарған тарихи хаттың аудармасын қарайық:

Величия и милости высокой, государства превыше, правящей землями ее величеству белой великой императрице обращаемся с обыденным намерением. Изо дня в день, из месяца в месяц, из года в год государство да пребывает в здравии и приумножается.

Наше заявление Вашему величеству следующее. С народом Вашего величества уральским ештек-башкортами меж нами нет согласия.

Теперь желая получить под покровом Вашего императорского величества защиту и спокойствие, посылаю, присоединив к лесной дороги уральскому ештеку подданному Вашему Алдарбаю, своего посла. Поскольку этот Алдарбай просил посла к Вашему императорскому величию, мы, Абулхаир-хан, сорок санов казахов, Средней и Младший жузы со всеми подвластными мне караша склоняем голову.

Ярлык: с Вашими слугами уральскими ештеками хотим достичь согласия. С Вашим ярлыком да будем в согласии.

Посланный посол Сеиткул во главе с Кутлуметом с товарищи. («Абай»журналы, 2-2001)

 

1738 және 1740 жылдардағы бодан болуға  ант беру де — шындыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жалған ақпарат. Жалпы Әбілхайырды елінің қалай ұлық тұтатынын  көрген патша өкіметі оны ұмыттыру мақсатымен бір ғасырдан соң Левшинге кітап жаздырды.  Левшин 1830 жылғы кітабында Әбілхайырды бірнеше рет ант берді деп жазған. Оның Әбілхайырдың Орынбор басшыларымен  кездесулерінің бәрін ант берді деп жазуының өзі осы мәселенің шикі екенін аңғартады. Сөйтіп патша өкіметі Әбілхайырды қазақ елінің бүгінгі ұрпағына жексұрын етіп көрсетіп келді….

Әбілхайыр  өмір бойы Ресеймен алысып өтті, яғни оның ата жауы болды. Ақыры оның өлімін Неплюев ұйымдастырды.

1748 жылы Әбілхайыр өлтірілген соң оның балаларына: — «Әкең өзі бізге бодан болуға уәде берген» — деп, сол тарихи хаттың түпнұсқасын емес,  орысша жалған аудармасын көрсетіп,  қазақ жеріне иелік жасауға ұмтылды.

Әбілхайыр тұсында бодандық туралы сөз болуы мүмкін емес еді. Себебі ол бодан болса,   өле-өлгенінше орыстармен соғыспас еді.

Енді тарихи хат жаздыруды туралы идея І Петрдікі болғанына мынадай дәлеліміз бар: І Петр Астраханға келгенінде Тевкеловке мынандай указание берген: «стараться, …несмотря на великие издержки, хотя бы до миллиона держать, но токмо, чтоб только одним листом под протекцию Российской империи быть обязались»…

Осының өзі түсінікті болар. Қазақ елінің көз жасы мен қаны І Петрді аман жібермеді, 53 жасында, яғни қайраты мен күшіне мініп тұрған кезінде ажалы жетті. «Ақтабан шұбырындыны»  ұйымдастырған І Петр мен Унковский 1725 жылы өлді. Ал І Петрдің қазаққа шабуыл жасауда оң қолы болған  қалмақ ханы Аюке 1724  жылы өз халқының  Әбілхайырдың қолынан қырылып жатқан көріп көз жұмды.

 

 

Қорытынды:

Жоғарыдағы материалдарды сараптай отырып, ХVІІІ ғасырдағы Қазақстан тарихын былай деп қорытамыз.

1. Қазақ елінің Ресейге өз еркімен қосылды деген жорамал Маңғыстаудағы Адайлар көтерілісінен соң құрылған комиссияның (1873 жылы., бастығы И.Крафт) шешімімен жоққа шығарылған еді. Тек Әбілхайыр ақталмай жатты.

2.1999 жылы Тарихи хат қайта оқылған соң ғана Әбілхайыр тарихи жаладан ақталды…

3. «Ақтабан шұбырынды» нәубетінің  артында кімдер тұрғаны қазір ешкімге  құпия болмай қалды. Оның артында Ресей тұрды және оны ұйымдастырған — І Петрдің өзі. Ал осы орасан зор апаттан қазақ елін Әбілхайыр хан аман алып шықты!

4. Әбілхайыр жазған тарихи хат дұрыс оқылғалы бері бұрынғы түсініктер мүлдем  өзгерді!

5. Әбілхайыр —  шын мәнінде қазақ елін ажалдан құтқарған,  ХVІІІ ғасырдағы қазақ тарихындағы  ең биік тарихи тұлға!

Cамат Өтениязов, тарих ғылымдарының кандидаты,

Мадрид және Қазақ-Америка

университетінің профессоры.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

2 Comments

  1. иә, білмеген у ішеді деген. Осы уақытқа дейін басқаша ойлап келіп едік. Ер екен ғой қайран Бабам. Ауторға рахмет. Осындай мақаларыңыз болса жариялап тұрыңыз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button