Ауыл

Кемершиде амбулатория пайдалануға берілді

Байғанин ауданында Мемлекет басшысының «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында жыл соңына дейін бес дәрігерлік амбулатория ашылады. Өткен аптада соның бірі — Қызылбұлақ ауылдық округінің орталығы Кемерши ауылында Абай дәрігерлік амбулаториясының ашылу салтанаты өтті.

Аталған шарада облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова мен аудан әкімі Айбек Көпенов ауыл тұрғындарын қуанышымен құттықтады.

Бұған дейін медициналық мекеме саманнан салынған ғимаратта орналасқан еді. Бұлбұл Елеусінованың айтуынша, енді жаңа ғимарат пайдалануға берілген соң ауылда медициналық қызмет көрсету сапасы жақсарады, медицина саласы қызметкерлерінің мүмкіндігі артады.

— Мемлекет басшысының «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында облыста 8 ғимарат салынып жатыр. Оның бесеуі Байғанин ауданында бой көтереді. Бұл — жергілікті әкімдік пен денсаулық сақтау басқармасының тиісті құжаттарын дер кезінде бірлесіп дайындаған жұмысының жемісі.

Жыл соңына дейін Қаражар, Қосарал, Көкбұлақ, Қораши ауылдарында әрқайсысының құрылыс жобасының құны 170 миллион теңге болатын медициналық нысандар пайдалануға беріледі. Сондай-ақ келер жылы Ноғайтыда фельдшерлік пункт, 2025 жылы Миялыда медициналық пункт пен Ебейтіде дәрігерлік амбулатория құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Бұл жобалар Байғанин ауданындағы жаңа ғимараттарды салу қажеттілігін толығымен өтейді. Бүгінде аудандағы 9 ауылдық округте барлығы 7 дәрігерлік амбулатория мен 16 дәрігерлік пункт бар. Соңғы екі жыл ішінде бұл мекемелерге «УАЗ» маркалы 7 жаңа жедел жәрдем көлігі берілді, — дейді аудандық аурухананың бас дәрігері Абзал Иманбаев.

Оның айтуынша, бес нысанның ішінде Абай дәрігерлік амбулаториясы алғашқылардың бірі болып ашылған. Мекеменің құрылысын жүргізген мердігер ұйым «Техно-С» ЖШС 4 айдың ішінде барлық жұмысты аяқтап бітірген. Жобаның құны — 220 млн теңге. Оның 19 миллион теңгесіне құрал-жабдықтар сатып алынған. Мәселен, мұнда электрофорез және ультра жоғары жиілікті терапия қондырғыларымен жабдықталған қосымша физиотерапия кабинеті бар. Енді Кемерши ауылының тұрғындары облыс орталығына бармай, жақын жерден қажетті ем-домын ала алады. Айтпақшы, амбулаторияда балаларға арналған ойын бөлмесі де бар.

Абай дәрігерлік амбулаториясының құрамына Кемершиден 18-20 шақырым жерде орналасқан Бұлақтыкөл және Жаңатаң ауылдарындағы медициналық пункттер кіреді. Бір жалпы тәжірибелік дәрігер мен бірнеше медбике ауылдық округтегі 2100 тұрғынға қызмет көрсетеді, оның 1300-і — ересектер. Ауылдың демографиялық көрсеткіші де жақсы, жылына орта есеппен 25-30 бала дүниеге келеді.

— Округте жұқпалы індет тіркелген жоқ. Ауылдарда ешкім екпеден бас тартпайды және екпелерді уақытында алады. Бізде туберкулез ауруымен ауырғандар да жоқ, — дейді балалар медбикесі Жанат Құлбек.

Айта кету керек, амбулаторияның ескі ғимараты Қызылбұлақ ауылдық округінің балансына өтеді. Округ әкімі Берікбай Жамалұлының айтуынша, бұл ғимаратты алдағы уақытта «Алтай Ресурс» мұнай компаниясы газдандырса, мұнда шаштараз, кондитерлік цех жұмыс істейтін болады. Ақсақалдар үшін кабинет те бөлінеді. Жалпы, бұл ғимарат ауыл тұрғындарының қажетіне жаратылады.

Ауылдық округке қарасты үш ауыл осыдан екі жыл бұрын газдандырылған болатын. Биыл «Алтай Ресурс» компаниясымен 42 жыл бойы көгілдір отынды тегін беруі үшін келісімге қол қойдық. Сондай-ақ қазір округке қарасты барлық ауылда жаңа мектептер салынған, ескі ғимараттар мәдениет мекемелеріне берілді. Енді жол мәселесін шешу керек. Биыл 28 шақырым жолды жөндеу үшін қаржы бөлінді, бірақ биыл тендерге ешкім қатысқан жоқ. Мүмкін, ауылдың алыстығы себеп болған шығар. Сондай-ақ ауыл ішіндегі 2,6 шақырым жолға асфальт та төселмеді. Жол құрылысы келер жылы жүргізіледі деп сенеміз, — дейді округ әкімі.

Абат ҚАРАТАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button