Сый жасаудың сыры

Мереке қарсаңында немесе туған күнінде кімнің болмасын жақындарынан сыйлық күтетіні белгілі. Әсіресе, әйелдер жағы жиі дәметеді. Бұл да адамның әрі жақсы, әрі осал мінездерінің бірі. Бірі бағалы заттарды қаласа, екіншісі, киім-кешек, үшіншісі гүл шоқтарын сыйлағанды ұнатады. Қандай сыйлық болмасын, ақ жүрекпен, ізгі ниетпен тарту етілсе болғаны. Адамдардың бір-біріне деген көңіл-ілтипатының өзі жетіп жатыр. Сондықтан да мереке күндері бір-біріңізге ең кем дегенде құттықтау қағазын жіберуді ұмытпаңыз.
Сыйлыққа тарту етілген затты сынамайды. Және құнын да сұрамайды.
Сол сыйлықтарды тарту ету әдебі туралы әңгімелейік…
Сыйлық — татуласудың кепілі
Адамдардың бір-біріне ақ ниетпен сый-сияпат көрсетуі олардың арасында өзара мейірім, құрмет, махаббат, түсіністік сезімін оятады. Ислам діні адамдардың психологиясы мен жан-дүниесіне айрықша әсер ететін осынау әдет-ғұрыпты тиімді пайдаланған. Соның нәтижесінде дінаралық, ұлтаралық келіспеушіліктер мен дұшпандықты достық пен түсіністікке айналдырған. Осыған орай пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) былай деген: «Араларыңдағы дұшпандық пен кекті жою үшін сыйлық беріп, бір-біріңді жақсы көріңдер». Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар өзіне келген елшілерге де, басқа адамдарға да сыйлық беруді ешқашан да есінен шығармаған. Адамдардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, олармен достық қарым-қатынаста болу үшін сыйлық берудің айыбы жоқ. Шариғат ақ ниетпен сыйлық беруге, оны алуға қарсы емес. Тек жасаған жақсылығы, көрсетер көмегі үшін сыйлық дәмету мұсылманшылыққа, адамгершілікке жатпайды.
Пенде болғасын көпшілігіміз мал-мүлік пен дүниеге құмартамыз. Олардың ішінде мол байлыққа жету үшін бәріне де баратындар, сол жолда «қажетті» жандарға сыйлығын аямайтындар да көп. Алайда адал ниетпен ұсынылатын сыйлық пен қаншама «сый-сияпат» деп бүркемелегенімен параға жататын «сыйлықтың» айырмашылығы жер мен көктей.
Қуанышты бөлісу
Кез келген адамның ғұмырында қуанышты сәттері аз болмайды: туған күн, мектепті, жоғары оқу орнын бітіру, атақ, дәреже алу, жаңа үйге кіру және тағы да басқа оқиғалар мен мерекелер, мерейтойлар. Мұндай кездері адамдар өздерінің қуаныш-қызықтарын жақын туған-туыс, дос-жарандарымен, көршілерімен дастарқан басында бөліседі.
Сыйлықты бұлардан басқа жәй күндері де ізгі құрмет белгісі ретінде ұсынуға болады. Әдейі жіберілген сыйлық, мейлі, гүл шоғы, ашық хат болсын, бағасы қымбат болмаса да, адамға қуаныш сыйлайды, көңіл күйін сергітеді, достық, туыстық қарым-қатынасты нығайтады. Сыйлық алған адам өзгенің өзіне деген ілтипатын, қамқорлығын сезінеді. Сол себепті әрбір ата-ана баласына жақсы көретін жақындарына сыйлық ұсынудың әдебі мен рәсімін жас кезінен-ақ үйрете бастағаны жөн.
Туған күнге, аттестат, диплом алуына сыйлықты сол күні берген дұрыс. Мұндай сыйлықтарды алдын ала беріп қоюдың қажеті жоқ. Ерлі-зайыптылардың күміс, ал- тын, гауһар тойларында да сыйлықты қуаныш үстінде ұсынған жарасымды. Кейбір отбасыларда оның мүшелеріне Жаңа жыл қарсаңында сыйлық беру дәстүрі бар. Сондай-ақ әйелдерге 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне, ерлерге 7-мамыр – Отан қорғаушылар күнінде, адамдарға өз кәсібінің төл мерекесінде сыйлықтар беріледі.
Сырттан әкелген сыйлық
Саяхаттап, іссапарға шығып, басқа жаққа барып қайтқан адамдар үй ішіне әртүрлі сувенир тәрізді әсем заттарды ескерткіш белгі ретінде әкеледі. Басқа жақта тұратын туыстарына, дос, жолдастарына барғанда да сыйлықтар апарады. Сыйлықты құрметтеудің белгісі ретінде қарап, оны алғанда арзан-қымбат, үлкен-кіші деп бөліп немесе менсінбей, ренжуге болмайды.
Таңдау талғамы
Сыйлықтың қымбат, пайдалы, зәру зат болуы міндетті емес. Бірақ алған сыйлығың сол адамның талғамына сай болғаны абзал. Және де сыйлық сенің де талғамыңды танытып тұратын болсын. Сыйлықтың пайдалысы да, пайдасызы да бар. Сыйлық саған ұнағанымен берейін деп тұрған адамға мүлдем жақпауы, керексіз болуы мүмкін. Мысалы, сыйлаған затыңның түрі, түсі ұнамайтын, киіміңнің тар, қысқа болуы құрмет көрсеткен адамыңды қуанышқа бөлемейтіні сөзсіз. Эстетикалық талғамға сай келмейтін заттар да сыйлыққа жарамайды. Қымбат сыйлықтарды бірнеше адамның бірігіп алғаны дұрыс. Досына, туысына, құрметтейтін кісіге арнап шығарылған өлең, ән, күйден, салынған суреттен артық қымбат сыйлық жоқ. Шын жүректен, шығармашылық шабыттан туған мұндай өнер туындыларын сатып алуға болмайды. Адамның өткен өмірінің ерекше бір кезеңін, тарихи оқиғасын еске түсіретін және оның естелік белгісі болып саналатын құжаттар, фотосуреттер, бейнетаспалар да, ата-бабасынан қалған заттар да қымбат сыйлық болып саналады. Кейбір отбасылар ата-бабасынан қалған асыл заттарды, бұйымдарды ұрпақтарына сыйға тартып, аманат ретінде тапсырып отырады.
Кімге қандай сыйлық ұсынасыз?
Әйелдер сыйлыққа гүл алғанды жақсы көреді. Алайда сіздің сыйлаған гүліңіз тез солып қалып, сыйлық бергеніңіз ұмытылып кетуі мүмкін. Сол себепті құмырадағы өсіп тұрған гүлді сыйлағаныңыз жөн. Ол гүлге көзі түсіп, оған су құйған сайын сізді есіне алады.
Үй шаруасын жеңілдететін электро-техникалық құрал-жабдықтарды да сыйлауға болады. Әйелдің өміріне романтикалық өзгерістер енгізгіңіз келсе, әдемі иіс су, қас, қабақ, көз, бетті әрлейтін парфюмерия сыйлағаныңыз жөн.
Кез келген әйел, күміс, алтын бұйымдарға әуес. Қаржылай мүмкіндігіңіз келсе, мұндай заттарды сыйласаңыз, үлкен қуанышқа бөлейсіз. Зергерлік заттарды әйелдің жасына сәйкес сыйлайды. Әдемі, қымбат мата сыйлау да, оларды қатты қуантады. Әдемі әмиянға ақша салып берсеңіз, тіпті жақсы.
Үй шаруасына қажетті заттарды сыйларда оның әйелге кір, ыдыс-аяқты жууға, үй ішін сыпырып жинауға тиісті екенін есіне түсіріп, өкпелетпеуге көңіл бөліңіз.
Ер адамдарға жазу үстеліне қажетті керек-жарақты сыйлауға болады: күнделік, мұқабасы әдемі қойын кітапша, қаламсап және т.б. заттар. Күйеуінің талғамын жақсы білетін әйелдер сыйлық таңдауға қиналмайды. Балық, аң аулауды жақсы көрсе — қолшам, қармақ, шатыр, автоәуесқой болса — машинасына қажетті керек-жарақ, сувенир, спортшы болса — жаттығу құралдарын сыйлайды.
Ән тыңдауды ұнататын ерлерге сүйікті әншілерінің үнтаспасын, компакт дискілерін сыйлай береді. Ер адамның талғамын, жақсы білмесеңіз, оған шытырман оқиғалы, мұқабасы әсем кітап, энциклопедия сыйлаңыз. Ерлерге көзілдірік салатын әсем қапты да сыйлайды. Ерлер сыйлыққа портфель алғанды ұнатады, көбісі жақсы көйлек, галстукке құмар келеді.
Балаларға жас ерекшеліктеріне сәйкес сыйлық берген жөн. Ойыншықтар баланың рухани азығы болғандықтан, оны дұрыс таңдай білудің маңызы зор.
Бөбектерге сыйлайтын ойыншықтар кірлесе оңай жуып алынатын, түрі мен түсі көз қызықтыратындай болсын. Балаға сәби кезінен суретті кітапшаларды сыйға тарт-саң, олардың дүниетанымы кеңейіп, кітапты ұқыпты ұстауға, сурет салуға үйрене-ді. Ал оған түрлі-түсті қарындаштарды қоса берген абзал.
Ұсына білу де…
Сыйлықты қалай ұсынсаң, сондай әсер қалдырады. Сыйлық қаншалықты қымбат болғанымен, оны қалай болса солай, немқұрайды ұсына салса, ол ешкімді де қуантпайды. Ал көтеріңкі көңіл күймен, ізгі тілектермен, ыңғайын келтіріп, орынды жерінде берілген сыйлық иесін ерекше шаттандырады. Алыстағы адамға сыйлықты сәлемдеме ретінде басқа бір қатынаған кісіден де беріп жіберуге болады. Мұндай жағдайда хат жолдап, құттықтау айтқан жөн. Тек жақын жерде тұратындардың сыйлықты біреуден беріп жіберуі реніш туғызуы мүмкін. Сыйлықты кешіктірмей жеткізеді. Оны ұсынғанда құндылығын айтудың қажеті жоқ.
Қабылдай білу де өнер
Кейбіреулер берілген сыйлықты қонақтар кеткен соң ашып қарайды. Өзгелер сыйлықты алысымен ашып, оны берген адамға ілтипатын айтып жатады. Қонақ қуаныш иесінің көңілінен шығу үшін уақытын бөліп сыйлық іздеп, таңдап, әуреленгендіктен, өзіне жылы лебіздерді білдіргенін, сыйлығын құрметпен қабылдағанын қалайды. Сол себепті сыйлықты ашып көрудің айыбы жоқ.
Сыйлық талғамыңнан шықпаса да, оған ренжімеуге, күлімсіреп қабылдауға, алғыс айтуға тиістісің. Сыйлықты немқұрайды қабылдауға, бағасын сұрап, басқа сыйлықтармен жұрт көзінше салыстыруға, пайдалы, пайдасыз екенін айтуға болмайды. Сыйлықты қайтып беру де — әдепсіздік, оны ұсынушыны сыйламаушылық. Сыйлық әкелмеген қонақтарды сөкпейді, оларға да басқалар-мен бірдей құрмет көрсетеді. Үлкен тойларда тілек айтқаннан кейін сыйлықты арнайы мүйістегі стол үстіне қойып, оған аты-жөні, тілегі жазылған құттықтау открыткасын қыстырады.
Әзірлеген Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ.




міндетті түрде осындай сыилықтар беріу керек пе