Мәдениет

Өнер майталмандары марапатталды

Кеше Ақтөбе қаласында облыс әкімі Асхат Шахаров мәдениет саласы қызметкерлерімен кездесіп, мемлекеттік наградаларды тапсырды.

Тәуелсіздік күні қарсаңында өткен басқосуда жылма-жыл аталған салаға қолдаудың күшейіп келе жатқаны, соның бір дәлелі ретінде алдағы жылы Ахтанов театрына жаңа ғимарат салынатыны айтылды. — Мәдениет пен өнер — халықтың рухани болмысының айнасы. Ақтөбе өңірі еліміздегі мәдениеті, өнері және әдебиеті дамыған руханият ордасына айналды. Бүгін өңіріміздің рухани-мәдени өмірінің дамуына үлес қосып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп жүрген мәдениет саласының қызметкерлерімен кездесудің сәті түсіп отыр. Биыл Ақтөбе топырағынан шыққан тарихи тұлғалар — Әбілқайыр ханның 330 жылдығы, Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығы, Тахауи Ахтанов, Өтебай Қанахин, Нұрсұлу Тапалованың және облыстық ар хивтің ғасырлық мерейтойы республика көлемінде тойланды. 27 қараша күні Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармония ұжымы Астана төрінде «Жұбанов жаққан жұлдыздар» атты концертін өткізіп, облыс мерейін тағы бір үстем етті. Жас таланттарымыз халықаралық, республикалық байқауларда топ жарып жүр. Ақтөбенің атын күллі әлемге паш етіп, өңіріміздің абыройын асқақтатып жүрген жас дарындарымыздың жетістіктері — біздің де жетістігіміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жақында Ақтөбе өңіріне жасаған жұмыс сапарында Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театры жұмысымен танысып, жаңа театр ғимаратын салуды тапсырды. Алдағы уақытта заманауи театр ғимаратының құрылысы басталмақ. Өңір мәдениетінің дамуында әрқайсысыңыздың еңбегіңіз зор. Сіздерге шығармашылық жетістіктеріңізбен өңіріміздің атын дәріптеп, ұлттың өнегелі мәдениетін қалыптастыруға, ұлттық мәдени мұрамызды сақтауға қосқан үлестеріңіз үшін алғыс білдіремін, — деген Асхат Берлешұлы бір топ қызметкерге «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі мен Құрмет грамотасын тапсырса, Ресейде өткен «КТК-талантливым детям 2023» халықаралық балалар және жасөспірімдер шығармашылық байқауының II орын иегері Милана Мырзағалиева мен «Жемчужина Нью-Йорка» халықаралық байқауының жеңімпазы Ақерке Орынбайқызын Алғыс хатпен марапаттады. Марапатталғандардың бірі — Қобда аудандық Мәдениет үйінің әдіскері Айман Сарбала: «Бүгін облыс әкімінің қолынан «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін алғаныма қуаныштымын. Аудандық Мәдениет үйінде еңбек еткеніме биыл 15 жыл толды. Жалпы, мәдениет саласында жұмыс істегеніме — 24 жыл. Бұл менің алдағы уақытта да тынбай еңбек етуіме серпін береді», — деп лебізін білдірді. Кездесу барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марат Әйтімов өзі қызмет ететін Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның келер жылы 80 жылдығын лайықты деңгейде атап өту керектігін айтты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button