Қазақтың үлесі — 70,7 пайыз

Биылғы қарашаның 14-інде Қазақстан халқының саны тұңғыш рет 20 миллиондық межеден асқаны жөнінде жарияланды. Еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны ретінде Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарынан бес сәби бірден аталған.
Олардың үшеуі ұл да, екеуі — қыз бала. Осылайша 20 миллиондық көрсеткішпен бүгінде халық саны жөнінен әлемдегі 200-ден астам мемлекеттің ішінде 62-орында тұрмыз. Әрине, 20 миллиондық меже аса жоғары көрсеткіш емес. Халқының саны жөнінен әлемнің қос алыбы саналатын Үндістан мен Қытайдың бірі — біздің Шығыстағы көршіміз. Қытай ғана емес, бізбен дүниежүзіндегі ең ұзын шекарамен шектесетін Ресей де халқының саны жөнінен алғашқы ондыққа кіретін мемлекет. Ал тағы бір көршіміз — Өзбекстанда халық саны 36 миллионнан асып отыр. Әйтсе де отарлық дәуірде, соның ішінде әсіресе соңғы ғасырда демографиялық апатты бастан кешірген, тәуелсіздіктен кейін де, өзге ұлт өкілдерінің өз тарихи отандарына жапа-тармағай көшуіне байланысты біраз жылға дейін демографиясы құлдырауда болған біз үшін әр жаңа меже үлкен жетістік екені даусыз. Отарлық дәуірдегі демографиялық құлдырау туралы сөз болғанда көбіне ХХ ғасыр басындағы ашаршылықтар және қуғын-сүргін, ұжымдастыру салдарынан шетке кеткен қазақтар мен тың дүрбелеңі жөнінде айтамыз. Алайда ХХ ғасырға дейін де Ұлы Даланың байырғы халқын барынша селдіретуге бағытталған жымысқы саясаттың жүргізілгені анық. Мысалы, біртіндеп шоқындыру, одан соң өзге ұлттың қызына үйлендіріп, христиан халықтар қатарына біржола сіңіріп кету үрдісі үздіксіз жүргізілген. Досжан, Нұрпеке хазіреттер, Құнанбай қажы секілді елдің бас көтерер адамдарының мұсылманшылықты кеңінен насихаттауға, орнықтыруға ден қоюының да түпкі мақсаты дін бірлігі арқылы халықты сақтап қалу еді. Қолында қаруы жоқ халыққа жанжақтан жау анталаған замандарда, бейбіт өмір, тыныш тірлікті қалаған қаншама әулеттің аңғал-саңғал жатқан даланы тастап, өзбек, татар сынды көрші отырықшы халықтардың арасына сіңіп кеткенін кім білсін? Соның өзінде біз ХХ ғасырдың басына өңірдегі мұсылман халқының, түркі халқының ішіндегі ең ірісі болып жеткен едік. 1897 жылғы мәлімет бойынша қазақтар Орталық Азиядағы барлық халықтың 47,9 пайызын, яғни жартысына жуығын құраған. Алайда өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы кеңестік ойран қазақтың демографиясын жуық арада оңалмастай құлдырауға жіберіп тынды. 1926 және 1939 жылдардағы санақтардың қорытындысына үңілсек, осы аралықта Қазақстанның демографиясының құлдырауға кеткенін көреміз. 1926 жылы республикада 6 миллион 198 мың тұрғын есепке алынған болса, ал 1939 жылы 6 мил лион 81 мың адам санаққа ілігіпті. Бұл жылдардың ішінде Қазақстанға сырттан ағылушылар қатары толастамаса да, жергілікті халықтың шығынын толтыру еш мүмкін болмаған екен. Осы кезеңнен бастап өз жерімізде азшылыққа айналдық, ал бұл — КСРО-ның құрамындағы басқа ешбір республикада болмаған жағдай. Мұның ең ауыр салдарларының бірі халықтың өз тілінен айырылып қала жаздауы еді. Мысалы, 1989 жылғы санақ бойынша қазақтар Қазақстан халқының 40 пайызын ғана құраса, ал оның да тек 40 пайызы қазағы көп, яғни қазақтілді ортада өмір сүрген. Санға шаққанда, республикадағы 16,5 миллион халықтың тек 6,6 миллионы қазақ болса, соның 2,6 миллионы ғана қазақтілді ортада өмір сүрді. Өзге 4 миллион қазақ орыс тілі басым ортада өсіп-өнуге мәжбүр болды. Өзге ұлт өкілдерінің үлесі көп болғандықтан, КСРО шекпенінен шыққан көршілес басқа да елдермен салыстырғанда Қазақстан тәуелсіздік дәуірін де демографиялық құлдыраумен бастады. 1999 жылғы санақ қорытындысында елімізде халықтың саны 15 миллионға да жетпеді. 1991-2003 жылдар аралығында Қазақстаннан үш миллиондай адам көшіп кеткен. Демографиялық құлдырау тек 2003 жылы ғана тоқтап, содан кейін баяулап болса да, көрсеткіштер жоғары көтеріле бастады. Ал 2012 жылы елімізде халық саны тәуелсіздік алған тұстағы ме жеге қайта теңесті. 2014 жылы 17 миллиондық меже сызығынан өтті. Арада үш жыл өткенде, 2017 жылы еліміздің 18 миллионыншы тұрғыны дүниеге келді. Ерекше айта кетерлігі, оның анасы тәуелсіздік құрдасы болып шықты. 2021 жылдың тамыз айында Алматыда еліміздің 19 миллионыншы тұрғыны — Жәния Азаматқызы дүние есігін ашты. Ал арада екі жыл өткенде, халқымыздың саны тағы да бір миллион адаммен толығып отыр. Тәуелсіздікке дейін елімізде тұрғындарының саны 1 миллионнан астам елді мекеннің саны біреу-ақ болды, ол республиканың астанасы Алматы қаласы еді. Қазіргі күні Астана мен Шымкент қалалары да миллионнан астам тұрғыны бар елді мекендерге айналды. Оның ішінде Алматы қаласында — 2,2 миллион, елордада — 1,4 миллионнан астам, ал Шымкентте 1,2 миллион адам тұрады. Өңірлер арасында халқының саны жағынан бірінші орында Түркістан өңірі тұр. Бұл өңірде 2,1 миллионнан астам тұрғын бар. Сондай-ақ Алматы, Жамбыл, Қарағанды облыстарында халық саны 1 миллионнан асады. Ал өзге өңірлер әзірге 1 миллиондық межеге жете алмай отыр. Халқының саны ең аз өңір — орталықтағы Ұлытау облысы. Мұнда 222 мың адам тұрып жатыр. Ақтөбе өңірінде халық саны 2021 жылы 900 мыңнан асты. Биылғы 1 шілдеде облыс тұрғындарының саны 934,1 мың адамды құрады. Облыс тұрғындарының төрттен үшіне жуығы — қалалықтар. Атап айтқанда, қалада тұратындардың үлесі 74,7 пайызды құрады. Ал ауылда облыс тұрғындарының 25,3 пайызы ғана тұрып жатыр. Биылғы алғашқы жартыжылдықта облыста табиғи өсім 6550 адамды құрады, бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда, өкінішке қарай, азырақ болып тұр. Ресми деректер бойынша, бұл туу көрсеткішінің төмендеуімен түсіндіріледі. 2023 жылдың бастапқы 6 айында облыста туу көрсеткіші әр 1000 адамға шаққанда 20,36 промилле болса, 2022 жылғы бұл мерзімнің көрсеткіші 20,81 промилле еді. Биылғы бастапқы 6 айда облысымызға шетелден 485 адам көшіп келсе, оның 159-ы ғана — қазақтар, ал қалғандары — өзге ұлт өкілдері, оның ішінде орыстар мен украиндер көбірек. Жалпы, Ақтөбе өңірлер арасында халық саны жағынан елімізде — 5-ші, ал Батыс аймақта бірінші орында тұр. Батыс облыстармен салыстырар болсақ, Маңғыстауда — 758 мың, Атырауда — 688 мың, ал Батыс Қазақстан облысында 686 мың тұрғын бар. Ал жер көлемі жағынан Ақтөбе — еліміздегі ең ірі өңір. 2019 жылы Ақтөбе қаласы тұрғындарының саны жағынан Қарағандыны басып озып, еліміз бойынша Алматы, Астана және Шымкент қалаларынан кейінгі 4-орынға шыққан еді. Бүгінде Ақтөбеде 561 мыңнан астам адам тұрады, ал Қарағандыдағы халық саны — 515 мың. Дегенмен агломерациясын қоса есептегенде, Қарағанды Ақтөбеден әлдеқайда алда тұр. Тәуелсіздік жылдарында демографиялық тұрғыдан кері кеткен көрсеткіштеріміздің бірі — әр анаға шаққандағы бала санының орташа көрсеткіші. 1989 жылы республика бойынша бұл көрсеткіш қазақтарда — 3,58, орыстарда 2,24 болған еді. Бүгінгі күні қазақтарда 2,73 болып отыр. Қазір еліміз бойынша ең жоғары көрсеткіш өзбек әйелдерінің арасында тіркелген: 3,43. Ал осы саладағы жетістіктеріміздің ең бастысы — қазақ халқының өз жерінде көпшілікке айнала бастауы. 2009 жылғы санақтың қорытындысы бойынша елімізде қазақтардың үлесі 63,1 пайыз болған еді, 2021 жылғы санақтың қорытындысында бұл көрсеткіш 70,4 пайыз деп көрсетілді. Одан бергі екі жылдың ішінде қазақтардың үлесі аз да болса, тағы да көтеріліп, тәуелсіздіктің 32 жылдығы тұсында 70,7 пайыз болып отыр. Облысымызға келсек, тәуелсіздік алған тұста халықтың тек 54 пайызы жергілікті ұлт өкілдері болған болса, қазір бұл көрсеткіш 84 пайызға жетті. Ал Ақтөбе қаласында 30 пайыздан 81 пайызға дейін көтерілді. Биыл елімізде қазақтардың саны алғаш рет 14 миллионнан асты. Қазіргі күні өз жеріндегі қазақтың саны 14 миллион 140 мыңға жетті. Сонымен бірге Қытайда — 1,5 миллион, Өзбекстанда — 820 мыңнан астам, ал Ресейде 600 мыңның шамасында қазақ тұрып жатыр. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы тұсында демограф Мақаш Тәтімов 2020 жылға қарай елімізде қазақтардың үлесі 70 пайызға жетеді деген болжам жасап, «одан да әрі өсіп, түбінде 80 пайыздық деңгейден асады деп ойлаймын», — деген еді. Ең бастысы, өз жерімізде аманесен өсіп-өнуге жазғай дейміз.
И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.



