Басты жаңалықтар

Жол тазалығы бақылауда ма?

Қысқы мезгілде көше жолдарын таза ұстау, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету өте маңызды. Сондықтан жол тазалығына жауапты мекемелер өз жұмысын жауапкершілікпен әрі тиянақты атқаруға тиіс. Биыл қала аумағын қар мен мұздан қандай мекемелер тазалап жатыр? Олардың жұмысы бақылауда ма? Сонымен…

13 МЕРДІГЕР ҰЙЫМ ТАЗАЛАЙДЫ

Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Болат Серіковтің айтуынша, қазір облыс орталығында жолдарды, жол жиектерін қардан тазарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мердігер мекемелер түнгі ауысымда кезекші бригадаларды жұмысқа шығарып, көшелерді қардан тазалап, мұз ойып жатыр. Бөлім басшысы қазір бұл бағыттағы жұмыстарды жіті бақылап отырғанын айтады. — Ауа райы суытып, қар түскелі бері біз жолдарды қыс айларында күтіп ұстау шараларын міндетіне алған мердігер мекемелерді тәулік бойы жұмыс режиміне көшірдік. Қазір олар екі ауысымда жұмыс істеп жатыр. Қар қалың жауған күні алдымен көлік көп жүретін орталық көшелерді, көпірлерді, автобус жүретін жолдарды тазалайды. Одан кейін екінші деңгейлі көшелерге ауысады. Қазір күні-түні кезекшіліктегі бригадалар қаланың барлық аумақтарына жұмылдырылуда. Қар тазарту жұмыстарына кедергі болмас үшін тұрғындардан түнде көше бойындағы тұрақтарға, аялдамалар аумақтарына көліктерін қойып кетпеуді сұраймыз, — дейді ол. Оның айтуынша, биыл қысқы мезгілде қала жолдарын, оның ішінде 711 көше мен қала аумағына жататын тұрғын алаптардың 54 айналма жолын қардан тазалауға барлығы 13 мердігер ұйым жұмылдырылған. Жолдарды қардан механикаландырылған тазалау және көктайғаққа қарсы материалдармен өңдеу жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Бүгінде мердігерлік ұйымдар көктайғаққа қарсы 1000 тонна тұз, 1500 тонна құм аралас тұз қоспасын, 2000 тонна құм қорын сақтап отыр. — Біз кәсіпкерлер мен мекеме басшыларын тұрғындардың тайып құлап, жарақат алуына жол бермеу үшін өз ғимараттарының аумағына құм, тұз сеуіп, көктайғаққа қарсы шаралар қабылдауға шақырамыз. Сондай-ақ жүргізушілерден жолдарда мұқият болуды, жылдамдық режимін сақтауды, ал жаяу адамдардан ауа райына қарай киінуді, қолайлы аяқкиім киюді сұраймыз. Қазір көп қабатты үйлердің аулаларына сол үйге қызмет көрсететін компаниялар жауап береді. Осы орайда аталған компаниялардың өкілдеріне тұрғындар үшін қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуді тапсырып жатырмыз. Қыс айларында тайып құлап, дене жарақатын алатындар көп. Сондықтан қала тұрғындарына сақ болуға, көшеде асықпай жүруге кеңес береміз, — дейді бөлім басшысы.

ҚЫСҚЫ КҮТІП ҰСТАУ ТАРИФІ ӨЗГЕРЕДІ

Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің инспекторы Рүстембек Омаровтың айтуынша, қала аумағындағы жалпы ауданы 7,03 миллион шаршы метр болатын 711 көше мен 54 тұрғын алабының айналма жолдарын тазалау жұмыстарын «Агрофирма Коквест», «NEO PLUS», «Бошан Транс Авто», «Ақ Жол LTD», «3Q Universal», «Еңбек-2050», «ДЭУ-2010», «Табыс Ақтөбе», «Компания Жерұйық-Консалтинг», «Ақтөбе Адал Құрылыс», «Батыс-Ақтөбе Басқарушы компаниясы», «АББК Транс», «Болашақ Гарант Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жүргізеді. Бүгінде бұл мекемелер жол тазалығына жалпы саны 200-ден астам техниканы жұмылдырған. — Қазіргі таңда қала аумағында күзгі-қысқы кезеңде техникалық қызмет көрсетуге қажетті техника саны жеткіліксіз болып отыр. Осы орайда биыл 18 агрегат пен 8 МТЗ тракторы сатып алынды. Сондай-ақ келер жылы 4 орташа автогрейдер, 8 тиегіш машина, 3 ауыр жүктиегіш машина, 5 қар роторы, 10 щетка, 25 тонналық 10 самосвал, 2 экскаватор, жұмысшыларды тасымалдауға арналған 2 шағын автобус, 1 жеңіл автокөлік, 3 жол талғамайтын көлік сатып алуды жоспарлап отырмыз. Бұл техникалар қыс айларында көше және айналма жолдарды уақтылы тазалауға мүмкіндік береді, — дейді инспектор. Оның айтуынша, облыс орталығында жолдарды қысқы күтіп ұстау тарифі 2017 жылы бекітілген, бұл — республикадағы ең төменгі көрсеткіш. Соңғы 5 жылда мердігер ұйымдар жол тазалау қызметін төмен бағамен көрсеткен. Соңғы жылдары өңірімізде жанар-жағармайдың, қосалқы бөлшектердің, сұйытылған газдың бағасы бірнеше есеге өсті. Жылдық инфляцияға байланысты қызметкерлердің жалақысы да көбейді. Осыған байланысты биыл «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ-ның зерттеуі бойынша жаңа тариф енгізілген. — Қазіргі уақытта 2024 жылға арналған жаңа тарифпен автомобиль жолдарын күтіп ұстауға мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Байқау қорытындысы жыл соңына дейін белгілі болады. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа конкурс бойынша жұмыс істеу жоспарлануда. Жаңа байқауда қала аумағы 21 лотқа емес, 24 лотқа бөлінеді. Сондай-ақ ағымдағы жол жөндеу жұмыстары кезінде жол жиегін тазалау және механикаландырылған тазалау бөлек саналса, жаңа конкурста барлығы бір лотқа енгізіледі. Бұдан бөлек қазір елді мекендерге жол жөндеу станциясын орнату жоспарлануда. Себебі көліктер дереу жөнелтуге үнемі дайын болуы керек. Айта кететін жайт, бүгінде облысымыз күрделілігі өте жоғары саналатын қармен күрес жүргізетін 5-ші аймаққа жатады. Сондықтан келер жылдан бастап қала аумағын толықтай қамту үшін мердігерлік ұйымдардың санын да көбейтуіміз қажет. Бұл мәселе 2024 жылға арналған конкурста ескеріледі, — дейді Р.Омаров.

ТҰРҒЫНДАР НЕ ДЕЙДІ?

Қазір қаланың барлық ауданында жаяу жүргіншілер жолына көктайғаққа қарсы құм-тұз себу жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен бірқатар тұрғындар бұл бағыттағы жұмыстардың тиісті деңгейде жүргізілмей жатқанын айтып, шағымданды. Мәселен, қаланың ескі бөлігінде тұратын Алуа Сейтімбетова Пушкин саябағы мен Орталық базар аумағында көк мұздан жүру мүмкін еместігін айтады. — Орталық базар мен Пушкин саябағы аялдамалары аумақтарындағы мұз ойылмаған. Жасы үлкен кісілер мен балалар қалтырап-дірілдеп шаққа жүреді. Осы аумақтарға құм немесе тұз себілсе екен дейміз. Себебі бұл жерде халық көп жүреді. Қоғамдық көлік күтетін тұрғындар да көп. Бұдан бөлек Орталық базар аумағына жылы, ықтап тұратын аялдама керек. Жұрт қатты аязда далада тұрып көлік күтуге мәжбүр, — дейді қала тұрғыны. Ал «Нұрдәулет» сауда үйіне жақын тұратын қала тұрғыны Досымбек Ағымбетов мешіт пен сауда орнына келетін тұрғындардың саны көп болғандықтан, бұл ғимараттың аумағы қар мен мұздан күн сайын тазартылуы керектігін айтады. Ол жауапты мекеме жұмысшылары өз жұмыстарын тиянақты жасамайтынын айтып, шағымын жеткізді. — Жолдың жиектері, адамдар жүретін тротуарлар мұз бен қардан күн сайын тазартылуы керек. Ал бізде жауапты мекемелер тек қар түскен күні ғана тазалайды. Қазір барып көрсеңіз, сауда орнының жан-жағы мұз. Өзім сол мұзға жығылып, құлап қалдым. Абырой болғанда, еш жерім шығып, сынбады. Мен сияқты қарт адамдар үшін қыс мезгілінде жаяу жүрген қиын, — дейді қария.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button