Мәдениет

Бес жылдық белес

Қалалық мәдениет үйінде халықтық ұжым — «Атамекен-Асылым» аталар мен аналар ән ансамблінің 5 жылдығына орай «Сазды әуен — сырлы әуез» атты концерт ұйымдастырылды.

Ұлттық өнерді насихаттап жүрген ансамбль 2018 жылы қалалық мәдениет үйінің жанынан ашылды. Құрамында 55 пен 88 жас аралығындағы ата-әжелер бар.

Былтыр Алматы қаласында өткен «Өмірі өнермен өрнектелген» атты халықаралық фестивальдің бас жүлдесін жеңіп алып, Түркияға жолдама алдық. Байқауда төрт дауыста халық әні «Қалқатайдың дауысын», үш дауыста Шәмші Қалдаяқовтың «Ақсұңқарым» әнін орындадық. Осы фестивальде түрлі жанр бойынша 6 бас жүлдеге, 4 бірінші орынға біздің ұжым ие болды. Ансамбль мүшелерінің кейбірі жеке дауыста ән айтып, көптеген байқауларда  топ жарып келеді. Алдағы жылда да барлық аудандарды аралап, содан кейін көршілес облыстарға барып, концерт береміз, — дейді ансамбльдің көркемдік жетекшісі Қарагөз Сағынова.

Ансамбль мүшелерінің бірі Камалхан Қуанұлы өнер ұжымында өткізілетін іс-шараларға белсене қатысатынын айтады:

Ұзақ жылдар бойы Қандығаштағы №4 орта мектебінде басшылық қызметте жұмыс істедім. Сондай-ақ мектеп жанынан құрылған үйірмеде жетекші болып, шәкірттер даярладым. Өнердің арқасында осы ансамбльге қосылып, ән айтып, ел көріп жүрген жайымыз бар. Алдағы уақытта ұмыт болған салт-дәстүрлерімізді насихаттап, концерттерімізде сахналық қойылым әзірлеу жоспарымызда бар, — дейді ардагер ұстаз.

Іс-шара соңында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Әсемгүл Оразқызы өнер ұжымын мерейтойымен құттықтап, Алғыс хаттар мен гүл шоқтарын табыстады.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button