Ауыл

Шұбаршиге ауызсу келді

Көптоғай ауылдық округіне қарасты Шұбарши ауылына ауызсу берілді.

Салтанатты шараға аудан әкімі Асқар Қазыбаев, аудандық мәслихат төрағасы Сәкен Займолдин қатысып, тұрғындардың қуанышына ортақтасты.

— Біздің ауданда барлығы 22 елді мекен бар, оның жиырмасы орталықтандырылған сумен қамтылған. Соның ішінде биыл 200 адамнан аспайтын тұрғыны бар бес ауылға қосымша қаражат есебінен су тазартатын блокты-модульді станса орнатылды. Енді, міне, Шұбарши ауылында да су құбыры іске қосылып отыр. Қуаныштарыңыз құтты болсын! Ауылымыз гүлденіп, көркейе берсін! — деді Асқар Қазыбаев.

Көптоғай ауылдық округінің әкімі Ерлан Асылбаевтың айтуынша, шағын ауылды таза ауызсумен қамтамасыз етуге 271,0 млн теңге қаржы бөлінген.

— Шұбарши ауылында бүгінде 50-ге жуық түтін бар. Биыл жоспарға сәйкес осы ауылға және Қарасуға ауызсу жүргізілу керек болған. Міне, Шұбаршиге су құбыры тартылды, ал Қарасуға ауызсу келер жылы жеткізілмек. Өкінішке қарай, Көптоғай ауылдық округінде газ жоқ. Ауыл тұрғындарының ендігі тілегі — ауылдарға көгілдір отынның келуі, — дейді округ әкімі.

Айта кету керек, жуырда Көптоғай, Амангелді елді мекендеріндегі дәрігерлік амбулаторияларға жедел жәрдем көлігі де сыйға тартылды.

 Д.ҚАЗИХАН,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button