Ауыл

Екі ауылға газ тартылды

Тәуелсіздік күні қарсаңында Қобда ауданындағы Бұлақ пен Қосөткел ауылдарына көгілдір отын — газ қосылды. Қос ауылдағы салтанатты шараға аудан әкімі Ізгілік Тынымгереев қатысып, тұрғындарды қуанышымен құттықтады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Елді газбен қамтамасыз ету — өзекті мәселе. Электр қуаты, жылу және су — тұрмысқа аса қажетті игіліктер»,— деп атап көрсетіп, жергілікті атқарушы органдарға тұрғындардың тұрмысының деңгейі  мен сапасын көтеру бойынша түрлі шаралар қабылдауды тапсырған болатын.

Бүгінгі Кеңес Одағының Батыры Әлия  Молдағұлованың туған ауылы — Бұлақ пен Иманғали  Білтабанов  ауылдық  округіне қарасты  елді мекен — Қосөткелге көгілдір газдың жетуі —  сол тапсырманың бір жемісі, — деді аудан әкімі.

Ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ.  Негізгі мектебі мен ауылдық клубы, медпункті, кітапханасы, Әлия Молдағұлова атындағы музей-үйі бар ауылға 2022 жылы бюджеттен қаржы бөлініп, кешенді блок-модуль қойылып, таза ауызсумен қамтамасыз етілді.

Бұл күні аудан әкімі Қосөткел ауылында да болып, салтанатты түрде газ құбырын іске қосты.

Алдағы жылдары  ең шалғай мекен — Сөгәлі ауылдық округіне қарасты барлық ауылға газ құбыры тартылады. Осылайша 2027 жылға қарай барлық ауыл ауызсуға және газға қол жеткізіп, аудан тұрғындары көгілдір отынмен 100 пайыз қамтамасыз етіледі, — деді Ізгілік Тынымгереев.

Бүгінде 31 елді мекені бар Қобда ауданы тұрғындарының 53 пайызы  көгілдір отынның игілігін көріп отыр.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ,

Қобда ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button