Мәдениет

Қайсар жандардың жетістігі

Өнер

Қалалық мәдениет үйінде қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі және қалалық қазақ саңыраулар қоғамы мәдениет үйінің ұйымдастыруымен шығармашылық ұжымдардың «Өнер — өмір өзегі» атты есеп беру кеші өткізілді. Осы мәдени шара аясында қалалық саңыраулар қоғамы мәдениет үйінің директоры Гүлвира Біржановамен өнер ұжымының жетістіктері туралы әңгімелескен едік.

Г.Біржанованың айтуынша, қазақ саңыраулар қоғамы биыл есту мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған көптеген байқау ұйымдастырған.

Биыл қазақ саңыраулар қоғамына — 86, қалалық қазақ саңыраулар қоғамы мәдениет үйіне 46 жыл толып отыр. Осыған орай республикалық, халықаралық байқаулар өткізілді. Мәдениет үйінде 11 үйірме жұмыс жасайды. Ұжымда «халықтық» атағын алған үш өнер ұжымы бар. Олар — «Жалын би» ансамблі, «Мы вас любим» клоунада театры және ым-ишара тілінде ән айтатын «Поющие руки» ансамблі. Биыл халықтық «Поющие руки» ансамблі 15 жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр. Сондай-ақ осы жылы қазақ саңыраулар мәдениет үйінің жұмысы жанданып, «Калейдоскоп», «Кидс Ког», «Аспаптар үні» сынды ән-би ансамбльдері ашылды, — дейді Гүлвира Біржанова.

Үлкен сахналарда өнер көрсетіп жүрген халықтық «Поющие руки» ансамблінің мақтанышпен айтар жаңалықтары да баршылық.

Алғашында қазақ саңыраулар қоғамы мәдениет үйі жанынан құрылған әжелер ансамблінде өнер көрсеттім. Кейін «Поющие руки» ансамблі ашылып, сол ансамбльге ауыстым. Зейнет жасында болсам да, жастармен жұмыс жөнінде әдіскер қызметін де қоса атқарамын. Өз ісін білетін әрі оны сүйетін жандармен жұмыс істеу маған шабыт сыйлайды. Биыл Татарстан Республикасына өнер көрсетіп қайттық. Алдағы жылы Семей қаласында өтетін республикалық байқауға жолдама алдық, өнер ұжымы қызу дайындық үстінде, — дейді ансамбль мүшесі Светлана Жеңісбаева.

Өнер ұжымы жыл сайын «Поющие руки» атты ән байқауын өткізеді. Оған 17 жастан асқан есту қабілеті шектеулі мектеп-интернатының оқушылары қатысты.

Байқаудың негізгі талабы бойынша әр қатысушы жұп болып ән шырқады. Ән ым-ишара тілінде орындалды. Музыкалық нөмірдің бимен көркемделуін, лэд экранға видео-фото материалдарын орналастыруды қатысушылар өздері қамтамасыз етті. Қатысушылар бір ай көлемінде дайындық жүргізді. Дайындық кезеңде ұйымдастыру алқасы тағайындаған сурдоаудармашылармен жұмыс жасады. Байқауға 7 жұп қатысып, ерекше өнерімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді, — дейді қалалық қазақ саңыраулар қоғамы мәдениет үйінің директоры Гүлвира Сәбетқызы.

Мәдениет үйінің шығармашылық ұжымы жанынан құрылған «Космос» командасы жақында Татарстан Республикасының Қазан қаласында ұйымдастырылған «Казань насмешит» атты көңілді тапқырлар ойынына қатысып, жүлделі 3-орынды жеңіп алған. Бұл — өнер ұжымының көңілді тапқырлар ойындарындағы алғашқы жүлдесі екен.

Халықтық «Мы вас любим» клоунада театрының актерімін. Бұрын Мәдениет үйінде көңілді тапқырлар клубы болмаған еді. Қазан қаласынан шақырту түскен кезде «Космос» командасын жасақтап, аяқ астынан байқауға қатыстық. Көңілді тапқырлар ойындарына алғаш рет қатысқанымызға қарамастан, тәжірибелі ойын көрсеттік. Зомбилардың үйі туралы қойылымымыз көрерменнің көңілінен шықты. Қазан қаласындағы ым-ишара тілінде өткен әзілкештер басқосқан іс-шараның соңы қазақ саңыраулар қоғамы мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Жүректен жүрекке» атты концерттік бағдарламасымен аяқталды, — дейді халықтық «Мы вас любим» театрының актері Әлібек Қоңырбаев.

«Поющие руки» ансамблінің 15 жылдық мерейтойына арналған «Өнер — өмір өзегі» атты шығармашылық ұжымдарының қорытынды есеп беру концертінде қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысы Гүлжайна Бисенғалиева, Қазақ саңыраулар қоғамы қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облыстық ұйымының төрағасы Зинаида Телеушева, Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақтөбе облысы хатшылығының меңгерушісі Маржан Қорғанбаевалар құттықтау сөз сөйлеп, сый-сияпаттарын тарту етті. Іс-шарада қалалық қазақ саңыраулар қоғамы мәдениет үйінің шығармашылық ұжымдарынан басқа, есту қабілеті шектеулі мектеп-интернатының оқушылары да өнер көрсетті.

Биыл қазақ саңыраулар қоғамы мәдениет үйі «Театр — ұлттың айнасы» атты IX республикалық клоундар байқауын және «Сәукелелі ару» атты I халықаралық байқауын жоғары деңгейде ұйымдастырды. Оған еліміздің өзге облыстарымен қатар, халықаралық деңгейдегі өнер ұжымдары қатысып, нәтижелі өнер көрсетті. Есту мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетіп, өнерпаздардың шығармашылық қабілетін шыңдап жүрген қазақ саңыраулар мәдениет үйінің ұжымына шығармашылық табыс тілеймін, — дейді Гүлжайна Бисенғалиева.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button