Басты жаңалықтар

Ақтөбе — инвестициялық әлеуеті зор өңір

Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев Ақтөбеге жұмыс сапарымен келді

Сапар аясында Президент облыстың экономикалық даму барысымен және жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобаларымен танысып, өңірдегі бірқатар әлеуметтікмәдени нысанды аралап көрді.

Мемлекет басшысының Ақтөбе облысына жұмыс сапары Мәртөк ауданы Саржансай ауылындағы спорт кешенінің жұмысымен танысудан басталды.

Бұл нысанның жалпы аумағы 1048 шаршы метрді құрайды. Мұнда спорттың бірнеше түрі бойынша үйірмелер жұмыс істейді.

Қасым-ЖомартТоқаев еркін күрес залы мен шағын футбол алаңын аралап көрді,

жас спортшылармен кездесті.

Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев спортпен шұғылданудың маңыздылығына назар аударды. Спорт адамның көзқарасын түзейді. Әсіресе жастарға күш-жігер береді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы футболға қолдау көрсетілетініне тоқталып, аталған спорт түрінің болашағына сеніммен қарайтынын жеткізді.

Экономикадағы ілгерілеушілік

Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында Президентке аймақ басшысы Асхат Шахаров өңірдің экономикалық әлеуеті мен перспективті инвестициялық жобалары туралы баяндады. Облыс әкімінің айтуынша, биылғы 10 айда өңір экономикасына 804,4 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,2 пайызға көп. Салынған қаржының негізгі бөлігі, яғни 725,5 миллиард теңге жеке инвесторларға тиесілі. Соның ішінде өңдеу өнеркәсібіне 62,6 миллиард теңге, металл кенін игеруге 145,6 миллиард теңге құйылған.

Биыл жалпы сомасы 57,2 миллиард теңге болатын 19 ірі жобаны іске қосу жоспарланған. Барлық инвестициялық жоба үшін жасыл дәліз қағидаты енгізілген.

Сондай-ақ Президентке бірқатар инфрақұрылымдық жоба әзірленгені туралы мәлімет берілді. Қазір Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын автожолының жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр.

Содан кейін Мемлекет басшысына Ақтөбеде кәріз жүйесін тазарту қондырғысын салу жөніндегі жоба таныстырылды. Құны 53,5 миллиард теңге болатын жобаны іске асыру үшін Еуропалық қайта құру және даму банкінен қаржы тартылмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ақтөбе қаласына «Бұхара – Орал» магистралды газ құбырынан үшінші желіні тарту жұмыстары жөнінде баяндалды. Жобаның жүзеге асырылуы қолданыстағы газ құбырларының жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы Ақтөбе облысының әкіміне экология мәселесін тез арада шешуді тапсырды.

— Бұл жұмысты міндетті түрде соңына дейін жеткізуіміз керек. Әйтпесе халыққа зияны көп. Экология мәселесі өте өткір әрі өзекті. Сондықтан бұл мәселеге баса мән беру қажет, — деді Президент.

Бұдан бөлек ірі компаниялардың өкілдері Мемлекет басшысына өздерінің инвестициялық жобаларын таныстырды.

Атап айтқанда, ERG бас директоры Серік Шахажанов Ақтөбе облысында Экологиялық стратегияның іске асырылуы жөнінде баяндады. Осы мақсатта 2030 жылға дейін 228 миллиард теңге көлемінде инвестиция құю жоспарланып отыр. Аталған Стратегия шеңберінде Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы №1, 2 балқыту цехтарының газ тазарту жүйесін жаңғырту жұмыстары аяқталды.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директоры Ли Шуфэн Қасым-Жомарт Тоқаевқа мұнай мен газды дайындау ісінде заманауи технологияның ең жоғары стандарттарына сай келетін Жаңажол мұнай-газ өңдеу кешеніне қарасты Үшінші газ өңдеу зауытының (ГӨЗ-3) бірінші, екінші және үшінші кезекте жүзеге асырылатын жобалары туралы айтты. Жалпы инвестиция көлемі — 3,5 триллион теңге.

«Eni Plenitude Arm Wind» компаниясының басқарушы директоры Алекс Стиллавато Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан аумағында іске асырылған жобалар туралы ақпарат берді. Атап айтқанда, кәсіпорын Ақтөбе облысында «Бадамша-1», «Бадамша-2» жел электр станцияларының, Түркістан облысы Шәуілдір кентінің жанында қуаты 50 МВт болатын бірінші күн электр станциясының құрылысын жүзеге асырған. Сондай-ақ ол Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының маңында «ҚазМұнайГаз» ҰК акционерлік қоғамымен бірлесіп, қуаты 250 МВт болатын Жаңартылатын энергия көздері+Газ гибридті электр станциясының жобасы әзірленіп жатқанын айтты.

KazFeltec ЖШС басшысы Ерлан Жаңабергенов Мемлекет басшысына қой жүнінен экологиялық таза әрі жылу сақтайтын материалдар шығаратын зауытты іске қосу жобасын таныстырды. Нысанға жалпы көлемі 5,3 миллиард теңге инвестиция салу көзделіп отыр.

AqtobeCem компаниясының бас директоры Станислав Щербаков Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ақтөбе облысында жалпы сомасы 70 миллиард теңге болатын цемент клинкер өндіретін зауыттың жобасын ұсынды.

«ҚазақБитум» компаниясының бақылаушы кеңесінің төрағасы Бекжан Мамыт Президентке сомасы 32,2 миллиард теңгені құрайтын битум зауыты-терминалын салу жобасы туралы айтты.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы кәсіпкерлердің қолға алған жобаларының табысты жүзеге асырылуына тілектестік білдірді.

«Ауыл аманаты» — тиімді жоба

Президентке Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасының іске асырылу барысы жөнінде баяндалды. Аталған бастама қолға алынғалы бері өңір бойынша 1471 жобаға 6,6 миллиард теңге көлемінде несие берілген. Сондай-ақ биыл қыркүйек айында қосымша 12,5 миллиард теңге қаржы бөлінген.

Мемлекет басшысына бағдарлама аясында аймақтағы 209,8 гектар алқапқа көкөніс және бақша дақылдары егіліп, жалпы аумағы 1 гектардан асатын 77 шағын жылыжай салынғаны туралы айтылды. Сонымен қатар 101 кондитерлік цех пен наубайхана, 129 шағын сүт өңдеу, 65 ет өңдеу жобасы іске қосылған.

Бұдан бөлек Ақтөбе облысында 1210 жаңа жұмыс орны ашылып, 1062 адам жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Бір ғана Мәртөк ауданының өзінде аталған бағдарлама шеңберінде ұсынылған 195 жобаға 902,5 миллион теңге несие берілген.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында іске асырылған жобалармен және аймақтағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімдерімен танысқаннан кейін жергілікті кәсіпкерлермен әңгімелесті.

Президент ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін «Ауыл аманаты» бастамасы қолға алынғанын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев жобаның тиімді тұстарын атап өтіп, мемлекет шаруаларға, шағын және орта бизнеске барынша қолдау көрсететініне назар аударды.

Заманауи өндірістік нысан

Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында Президент «Зерде-Керамика Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. Индустриалды аймақта орналасқан өндірістік нысанның аумағы — 15 гектар. Зауыт жылына 5 миллион шаршы метр өнім өндіреді.

Зауыттың атқарушы директоры Дәурен Битеміровтің айтуынша, мұнда шығарылатын керамогранит пен қыш плиталар Қазақстанның батыс өңірлерінің сұранысын толығымен өтейді. Сонымен қатар Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан елдеріне де экспортталады.

Өндірістің барлық жұмысы толықтай автоматтандырылған. Бұл зауыттың ерекшелігі саналады. Жүйе италиялық SACMI фирмасының заманауи қондырғысы арқылы басқарылады.

Нысанға 9,2 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылған. «Өндірісті дамыту қоры» акционерлік қоғамынан қондырғылар сатып алу үшін мемлекет 7,5 миллион еуро көлемінде несие алуға қолдау көрсеткен.

Жаңа театр салуды тапсырды

Мемлекет басшысы, ең алдымен, Тахауи Ахтанов пен Қуандық Шаңғытбаевтың ескерткіштеріне гүл шоғын қойды.

Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге жұмыс сапары аясында Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының жұмысымен танысты. Мемлекет басшысы бүгінде халықтың театрға қызығушылығы артып келе жатқанына тоқталды. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев өнер ордасы ғимаратының тозғанын айтып, облыс әкіміне жаңа театр салуды тапсырды.

Президент облыс жұртшылығы өкілдерімен әңгімелесу барысында елімізде заң үстемдігін сақтау және ұрпақ тәрбиесіне баса мән беру керек екенін атап өтті.

Мен қай жерге барсам да,заңның үстемдігі туралы айтып жүрмін. Бұл өте маңызды. Олай болмаса, табысты мемлекет құра алмаймыз. Жастармен кездескен сайын оларды еңбекқор, тәртіпті болуға шақырамын. Жалпы,жастарды тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлуіміз керек. Қазақстанды дамытухалықтың, мемлекеттің шаруасы, —деді Президент.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Ақтөбе облысын көркейтуге елеулі үлес қосып жүрген түрлі саланың өкілдеріне ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Ақтөбе қаласында жеке инвестициялар есебінен салынған Smart Bilim мектеп-гимназиясына барды.

Президент білім ошағындағы спорт залын, асхананы және шығармашылық ойлау жүйесін дамытуға арналған ArtLab кабинетін аралап көрді. Сондай-ақ 1-11 сынып оқушыларын негізгі ІТ бағыттар бойынша 3D-модельдеуге баулитын ArtNation.kz білім беру жобасымен танысты.Кәсіпкердің жеке қаражатына салынған бұл мектеп-гимназия биыл қыркүйек айында ашылды. Оның құрылысына 5,7 миллиард теңге жұмсалған. Нысанның аумағы — 122 мың шаршы метр.Бүгінде мектепте 3600 оқушы білім алып жатыр.Мемлекет басшысы мектеп оқушыларымен әңгімелесіп, олардың оқуда табысты болуына тілектестік білдірді.

Жетістігі мол оқу ордасы

Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында Президент жоғары оқу орнының білім беру және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен танысты. Білім ордасында еліміздің 9 өңірінен келген 300 студент оқып жатыр. Олардың 35 пайызы — ауыл мектептерінің түлегі, ал 42 пайызы — әлеуметтік жағдайы төмен санаттағы отбасылардың балалары.

Бұл филиал Мемлекет басшысының жоғары білім беру жүйесін қайта құру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің базасында ашылған.

Президентке берілген мәліметке сәйкес электр энергетикасы, мұнай инженериясы және энергетикалық менеджмент, компьютерлік инженерия мамандықтары бойынша кадр даярлау ісі ағылшын тілінде жүргізіледі.

Мемлекет басшысына студенттердің Heriot-Watt университетінің Малайзиядағы, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі, Шотландиядағы филиалдарында білімін жалғастыру мүмкіндігі бар екені жөнінде мәлімет берілді. Филиал түлектері Heriot-Watt University мен Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің дипломдарын бірге алады.

Ғылыми жетістіктерге арналған көрмені аралау барысында Президентке жоғары оқу орны ғалымдарының жаратылыстану, техникалық және гуманитарлық ғылымдар саласындағы әзірлемелері таныстырылды.

Сапар кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтөбе қаласындағы үстел теннисі орталығын аралап көрді. Президентке орталықтың директоры Әсет Сағымбаев нысанның жұмысы жайында мәлімет берді.Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша салынған бұл спорт кешені халықаралық стандарттарға сай келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздің батыс өңіріндегі ең ірі үстел теннисі орталығының мүмкіндіктері таныстырылды. Кешеннің барлық корты сертификатталған және құрал-жабдықтары Еуропадан әкелінген. Мұнда әртүрлі жастағы кәсіби спортшыларды дайындауға және халықаралық, әлемдік деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік бар.

Бүгінде орталықта 268 бала үстел теннисімен айналысады.

«Ақтөбе-ақпарат».

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button