Адал болу міндетің
Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай Аққағаз Досжанова атындағы конференц-холда салтанатты іс-шара өтті.
Оған облыс әкімі Асхат Шахаров, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Есқали Саламатов, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор басшылары, қоғамдық және жастар ұйымдары, БАҚ өкілдері қатысты.
Салтанатты шара басталмас бұрын жиналған қонақтар балалардың адалдық, әділдік және жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік тақырыбында салған суреттеркөрмесімен танысты.
— Жемқорлық — еліміздің дамуына кедергі келтіріп, болашағына зиянын тигізетін індет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлықтың тамырына балта шауып, түбегейлі жою қажеттігін айтып, бұл дертпен бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірлесіп күресуге шақырды.
Өкінішке қарай, біздің өңірде де сыбайлас жемқорлық фактілері тіркелген. Бірақ бұнымен күресіп, үлкен жұмыстар атқарып жатқан азаматтар барын да айта кеткен жөн. Адал еңбек әрқашан бағалануға тиіс.
9 желтоқсан — Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні қарсаңында оларға үздіксіз еңбегі үшін алғыс айтып, ризашылығымды білдіремін, — деген облыс әкімі бірқатар азаматқа Алғыс хат табыстады.
Содан кейін сахнаға шыққанЕсқали Саламатов қазіргі таңда департамент үшін анықталған қылмыс пен сотталған шенеуніктің саны емес, жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету және қылмысқа апаратын тетіктерді түбегейлі жою маңызды екенін айтты. Сондай-ақ ол биыл агенттік бастамашылық еткен «Бизнеске жол» және «Волонтерлік» жобаларын ерекше атап өтті.
Салтанатты шарада өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға белсене қатысып, айрықша үлес қосқан ақтөбеліктер мен осы тақырыпта сурет салып, эссе жазып, үздік шыққан жастар марапатталды.
Марапаттау рәсімінен соң үлкен экранда «Жемқордың тағдыры» атты бейнеролик көрсетілді.Бұдан соң сахнада Абайдың қарасөздері оқылды.
Шара соңы Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония әншілерінің мерекелік құттықтауымен жалғасты.
Ақерке САТЫБАЛДЫ.