Басты жаңалықтар

Ұлт мәдениетінің әлемдік абыройы немесе Президенттің сайлауалды бағдарламасы қалай орындалып жатыр?

Әр ұлт қай заманда да дәстүрімен, мінезімен, болмысымен, мәде­­ниеті­мен ерекшеленеді. Әр халықтың тарихтан тамыр тартатын ұлттық бояуы, айшықты мұралары болатыны да сөзсіз. Бұл мұралар сол елдің мәдени байлығы.

Мәселен, бүгінде қазақтың мәдени құндылықтары күллі әлемге аян. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін бұл салаға ерекше назар аударылып, тарихи-мәдени мұраларымы­з­ды сақтау, дамыту, насихаттау жұмыс­тары қарқынды жүргізілгені белгілі. Мұны халықара­лық дең­гей­де жүзеге асыру мақсатында әлем­дік конвенцияларға қосылып, нәти­жесінде ЮНЕСКО-ның мәдени мұра­лар тізімін өз мұ­раларымызбен толықтырып келеміз.

Айталық, осы уақытқа дейін ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізі­міне елімізден оннан аса тарихи ескерт­кіш және Адамзаттың материал­дық емес мәдени мұра­сының көрнекі тізі­міне де бірқатар рухани мұра енгізілді.

Қазіргі таңда да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасының бірегей объектілерін ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне номинациялау бо­йынша жұмыс жүргізуді басты назарда ұстап отыр. Осы орайда күні кеше ғана Парижден «жыл құсындай жаңалық» жеткенін де айта кетейік. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің мәлім­де­уінше, еліміз 2023-2027 жыл­дар­ға Дүниежүзілік мұралар комитетінің мүшесі болып сайланды.

«ЮНЕСКО Бас конференциясы жұмысының соңғы күні Қа­зақ­стан 2023-2027 жыл­да­р­ға Дүниежүзілік мұралар коми­те­ті­нің мүшесі болып сайланды. Құрамына 21 мемлекет кіретін Дүниежүзілік мұралар комитеті — ЮНЕСКО-ның аса маңызды әрі беделді басқарушы органы. Бұл комитеттің нысандарды Дү­ние­жүзілік мұралар тізіміне ен­гізуге және алып тастауға ай­рық­­ша құ­қығы бар» делінген жазбада.

Еліміздің Дүниежүзілік мұра­лар комитетіне мүше болып сайлануы, ең алдымен, бірегей мәдени және табиғи мұраларымызды сақ­тауға қатысты белсенді жұ­мы­­сымызды халықаралық қа­уым­­дастықтың мойындайты­нын көрсетеді. Сондай-ақ бұған дейін ЮНЕСКО-ның Ал­ма­­ты­дағы кеңсесіне Орталық Азия мемлекеттерінен бөлек, Ауған­стан, Пәкістан және Иран мем­ле­кеттерін қамтитын Көп­сек­торлы аймақтық кеңсе (Бюро) мәр­тебесін беру туралы шешім қа­былданған болатын.

Әлқисса

Уақыт арнасынан сәл кейінге шегінсек, сонау 1972 жылы ЮНЕСКО ұйымы дүниежүзіндегі мәдени және табиғи мұраларды қорғау туралы қарар қабылдаған болатын. 2010 жылы бұл қарарды БҰҰ-ға мүше 187 мемлекет ратификациялады. Соның ішінде Қазақстан да бар. Содан бері жыл сайын тұрақты түрде Әлемдік мұра комитеті сессиясы өтіп, «әлем­дік мұра мәртебесін беру» мә­селесі талқыға салынады. Не­гіз­гі тізім аясында Әлемдік мұра ретінде жоғалу қаупіндегі ес­керт­кіштер бар. Еліміз бұл ұйым­ға ТМД елдерінің (Балтық бойы елдерін есептемегенде) арасынан бірінші болып енді. Яғни 1992 жылы 22 мамырда мүше болып, ЮНЕСКО-мен белсенді әріптестікке қол қойды. 1993 жылы ұйыммен өзара қарым-қатынаста негізгі бағыттарды анық­­тайтын СІМ жанынан ЮНЕСКО ісі бойынша Ұлттық ко­мис­сия құрылғанын да білеміз.

Осы ретте халықаралық қа­уым­­дастық алдындағы мін­де­тін орындау мақсатында Мә­де­ниет және спорт министрлігі «Мә­дениет­терді жақындастыру ор­та­лығы» мемлекеттік музейі» рес­­пуб­ликалық мемлекеттік қа­зы­налық кәсіпорнын құрды. Бұл орталық жұмысы ұлттық мұраны сақтау және пайдалану саласындағы жобаларды, қол­дан­балы және ғылыми зерт­теу­лерді жүзеге асыруға, ха­лық­аралық ын­тымақтастықты нығай­ту­ға бағытталған.

«Әлем естелігіне» нелер енді?

Сонымен, ЮНЕСКО-ның «Әлем естелігі» халықаралық құ­жат­тық мұра реестерінде Қа­зақ­станнан Қожа Ахмет Яссауи және оның шәкірттерінің қол­жаз­басы, «Невада-Семей» ядро­ға қарсы халықаралық қоз­ға­­лысының архивтік материалдары, сондай-ақ «Арал теңі­зі­нің архивтік қорлары» бар. 2012 жылы А.Фирдоусидің «Шахнама» қолжазбасының тү­рік нұсқасы ұсынылды. Қазақ­с­тан­ның ұсынысымен ұйым «Мә­дениеттердің 2013-2022 жыл­дарға арналған халықаралық он­жылдығы» атты жоспарын қа­былдады. Елімізде ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған тарихи ескерткіштердің қатарына Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен басқа Таңбалы археологиялық ландшафындағы петроглифтер, «Жібек жолы», Сарыарқа және Солтүстік Қазақстанның даласы мен көлдері енгізілді. Нақтырақ айтсақ, «Жібек жолының» қа­зақ­стандық бөлігі бойынша Алматы, Жамбыл облыстарының аумақ­тарындағы Қойлық, Қа­ра­мерген, Талғар, Ақтөбе, Ақыр­тас, Құлан, Қостөбе, Өрнек се­кіл­ді ортағасырлық сегіз нысан енгізілді. Сарыарқа даласы мен Солтүстік Қазақстанның көлдері жалпы атауының ішінде Қорғалжын және Наурызым қо­рық­тары да тізімге кірді. Ал ма­териалдық емес құндылықтар тізіміне домбырамен тартылған күйлер, қазақ пен қырғыздың киіз үйлерін тігу шеберліктері қосылған еді. Әлемдік ауқымдағы тарихи құндылықтарға Олжас Сүлейменовтің ұсынысымен «Ха­лықтардың алғашқы ұлы көш­кіні» конференциялар тізімі ен­гізіліп, ол адамдардың ғалам­шар­дағы қазіргі қоныстану ерек­шеліктеріне дейінгі кезең­ді қам­титын болды. 2014 жылғы қара­ша­да Адамзаттың ма­териал­дық емес мәдени мұра­сының реп­резентативтік тізіміне ал­ғаш­қы ұлттық өтінім «Дом­бы­ра күйін орындау өнері» және Қыр­ғыз­стан­мен бірлескен «Киіз үйді жасау машықтары» аталымы енді. 2015 жылғы 2 желтоқсанда Репрезентативтік тізіміне қазақ-қырғыз бірлескен «Айтыс/Ай­тыш, суырып салма өнері» аталымы кірді. Одан бөлек, елімізде ЮНЕСКО-ның қорғалуына алын­ған материалдық емес құн­ды­лықтардың қатарына «Қазақ күресі» спорты, «Наурыз» ме­рекесі, «Сұңқармен аң аулау» секілді саятшылық өнері, асық ату ойыны және басқа да ұлттық нақыштар енді.

Осыдан бірер жыл бұрын «Қор­қыт ата» түркі эпосы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәде­ни мұралар тізіміне қо­сыл­­ғаны да мәлім. Бұл шешім Ма­­териалдық емес мәдени мұра­ны сақтау жөніндегі үкімет­аралық комитетінің Маврикий республикасындағы Порт-Луи қаласында өткізген отырысын­да қабылданды. Ал биыл Алтын Емел мен Барсакелместің шөлді экожүйелері ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра тізіміне енді. Сондай-ақ Мароккода өткен 17-отырыста қазақтың «Ортеке» музы­калық-қуыршақ өнері мен Қожа­насыр туралы әзіл-оспақ әңгімелерін ЮНЕСКО тізі­міне енгізу туралы шешім қабыл­дан­ды.

Бүгін мен ертең: жоспар мен жоба

Бүгінде ел Президентінің «Әді­летті Қазақстан: бәріміз және әрқайсысымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағ­дар­ламасының «Қазақс­тан­ның тарихи-мәдени мұра­сы­ның бірегей объектілерін ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне номинациялау бо­йынша» 116-тармағын іске асыру бойынша бірқатар жұмыс атқа­рылып отыр. Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Сейітованың айтуынша, еліміз 1989 жылы басталған ежелгі Ұлы жібек жолының тарихи-мәдени мұрасын жаңғырту жөніндегі ЮНЕСКО бағ­дар­ламасына бел­сенді қаты­сып келеді. Жобаға аумағы бо­йынша Жібек жолы өткен және соның арқасында Азия мен Еуропаның түрлі елдерінің экономикасы, мәдениеті және жалпы өзара тиімді ынты­мақ­тас­тығы өркендеген барлық ел қатысады. Жалпы, аталған жоба әртүрлі елдердің тарихи-мәдени мұра объектілерін ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне ұсыну мақсатын көздейді.

«Министрлік 2007 жылы «Жібек жолы Орталық Азия мен Қытайда» сериялық номинациясын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне дайындау бойынша жұмыстарын бастады. Мұның бастапқы нәтижесі 2014 жылы «Ұлы Жібек жолы: Чанъаньнан Тяньшаньға дейін» трансұлттық номинациясы шеңберінде Қазақ­стан, Қытай және Қырғыз­стан тарих және мәдениет ескерт­кіштерін ЮНЕСКО тізі­міне сәтті енгізу болды. Қа­зіргі уақытта «Сырдария» өзені­нің іргелес аумағында орналасқан және Ұлы Жібек жолына «Ферғана-Сырдария дәлізі» ретінде жататын тарихи-мәдени мұра объектілері бойынша номинациялық құжат­тар әзірленіп жатыр. Бұл транс­ұлттық номинацияға 4 елден 30-ға жуық объект кіреді: Қазақстан, Қырғызстан, Тәжік­стан және Өзбекстан», — дейді комитет басшысы.

Сондай-ақ ол «Ферғана-Сыр­дария дәлізі» номинациясы бо­йынша еліміздің екі облысында орналасқан 6 нысан — Қызылорда облысынан Жанкент, Сығанақ қала­шықтары, Жетіасар оазисінің ескерткіштері, Түркістан облысынан Яссы-Күлтөбе, Сауран, Отырар қалашықтары кіретінін айтты.

«2023 жылы республикалық бюд­жеттен қарастырылған қара­жат шеңберінде Яссы-Күл­төбе, Сауран қалашықтары бо­йын­ша ғылыми құжаттамалары дайын­­далып жатыр. 2024 жылы әзір­­ленген құжаттаманы ЮНЕСКО-ның стандарттарына сәйкес­тен­ді­ру, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан объек­тілеріне барумен жалпы кар­тографиялық құжатты дайындау, номинацияны бағалау үшін ЮНЕСКО-ның сарапшылары шақырылады. Ал 2025 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра орталығының қарауына номинацияны енгізу жоспарланып отыр», деді Күміс Сейітова.

Сондай-ақ алдағы жылдары қазақтың көрнекті тұлғалары Бердібек Соқпақбаев пен Нұрғиса Тілендиевтің мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтпек. Ақжолтай хабарды жуыр­да ғана Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жариялаған еді.

«ЮНЕСКО Бас конферен­циясының 42-сессиясында ЮНЕС­КО-ның атаулы күндері тізбесіне 2024 жылы танымал жа­зушы Б.Соқпақбаевтың және 2025 жылы әйгілі композитор, күйші Н.Тілендиевтің 100 жылдығын енгізу туралы Қазақстанның ұсынысы қол­дау тапты. Қазақстан, Әзер­бай­жан, Қырғызстан, Түр­кия, Түрікменстан және Өзбек­стан­ның «Диуани лұғат ат-түрк» атты түркі тілдерінің тұңғыш энциклопедиялық сөзді­гінің 950 жылдығын атап өту тура­лы бірлескен ұсынысы да қабыл­дан­ды. Сөздікті Махмұд әл-Қашқари 1074 жылы жазған. ЮНЕСКО Бас конферен­ция­сы­ның бұл шешім­дері қазақ мәдениетінің дүние­жүзінде дә­ріп­телуіне сеп­тігін тигіз­ері сөз­сіз», деп жазды Е.Қарин.

Ұлт мәдениетінің мәйегі сана­латын тұлғалар мен еңбек­тер­дің әлемдік деңгейде баға­ланып, насихатталып жатқаны — үлкен олжа. Әлі де болса, қазақтың мың бояулы мәдени айшықтарын, ұлттық құнды­лық­тарын халықаралық алаңда таныта түсіп, адамзаттық өрке­ниет­ке қоса алуымыз қыр­уар жұ­мысты қажет етеді. Халқы­мыз­­дың рухани-мәдени жаңғыру ке­зеңі жаңа леп, жаңа тыныспен жалғаса бермек.

Маржан ӘБІШ,

«Egemen Qazaqstan».

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button