Мәдениет

Өнерліге өріс кең

Қала

Өнер— сұлулық. Өнер адамды сезімталдыққа, ұқыптылыққа, жауапкершілікке тәрбиелейді, сондай-ақ шығармашыл тұлға етіп қалыптасуына ықпал етеді. Бүгінде осыны түсінген көп ата-ана баласының бос уақытын тиімді пайдаланып, жастайынан музыкалық білім мен қолөнерге бағыттауға тырысыды. Олар белгілі бір салаға қызығушылығы оянған бала болашағына дұрыс бағдар жасап, теріс жолға түсіп кетпейді деп сенеді. Ақтөбе қаласында осы бағытта шәкірт тәрбиелеп жатқан қосымша білім беру ұйымдары жетерлік. Солардың ішіндегі бірегейі — алдағы жылы құрылғанына 20 жыл толатын Қазанғап атындағы балалар өнер мектебі. Біз аталған мектептің директоры Жалғас Құдайбергеновпен әңгімелескен едік…

Бөлімдер мен ұжымдар

Арайлы Ақтөбеміздің қақ ортасында орналасқан Қазанғап атындағы балалар өнер мектебі 2004 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Сол жылы мектепке композитор-домбырашы жерлесіміз Қазанғап Тілепбергенұлының есімі берілді.

 

Алдағы жылы Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінің құрылғанына 20 жыл толады. Бұл шаңырақта бүгінде 1600 бала тәрбиеленіп жатыр. Жалғас Құдайбергеновтің айтуынша, өнер мектебі 8 бөлім, 31 мамандық бойынша эстетикалық, музыкалық, шығармашылық бағытта сапалы білім береді.

— Мәселен, оқушы ұлт аспаптар бөлімінде — домбыра, қобыз, жетіген, қыл қобыз, домбыра-приманы, классикалық музыка бөлімінде — фортепиано, скрипканы, эстрадалық-джаз бөлімінде синтезатор, гитара, саксофон, гобой, кларнет, флейтаны үйренеді. Ал вокал және хор бөлімінде академиялық және эстрадалық вокал, дәстүрлі ән, жыр айтуды меңгереді. Көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер бөлімінде қолөнердің қыр-сырын біледі, журналистика негіздері бөлімінде жазуға, хореографияда би өнеріне машықтанады. Сонымен қатар мектепке дейінгі даму студиясы жұмыс істейді. Мектеп жанынан ашылған 3 филиалда да үйірмелеріміз бар, — дейді Жалғас Құдайбергенов.

Өнер мектебінде оқушыларға білікті 103 маман дәріс береді. Оның 85-і — жоғары білімді, 5-еуі — магистр, 13-інің орта арнаулы білімі бар. Білім сапасын жақсарту мақсатында педагог мамандар жыл сайын біліктілігін жетілдіріп отырады. Алдыңғы жылмен салыстырғанда оқытушылар саны артып, ұжым жас мамандармен толыққан. Мұнда да басқа білім беру мекемелері секілді тоқсан сайын ата-аналарға жиналыс өткізіліп, балалардың оқу үлгерімі мен мектеп тәртібі туралы мәселелер қаралады. Әр тоқсан соңында оқушылар мен ұстаздар лекция-концерттер, оқу жылының соңында жылдық қорытынды концерт ұйымдастырып отырады.

— Мектебімізде дарынды оқушылардан құралған 13 ұжымбар. Олар: халық аспаптар жәнеүрлемелі аспаптар оркестрлері, домбырашылардың «Бастау», қобызшылардың «Ай-Тұмар», жетігеншілердің «Асыл мұра» ансамбльдері. Сондай-ақ скрипкашылар, баян-аккордеоншылар, дәстүрлі әншілер, академиялық вокал, эстрадалық вокал ансамбльдері, би өнері бойынша «Шабыт», «Жұлдыз», «Қазына» ұжымдары бар.

Бүгінде аталған ұжымдар облыс, республикаға ғана емес, тіпті халықаралық деңгейде де танылып үлгерді, — дейді өнер мектебінің директоры.

Жобалар мен шаралар

Қазанғап атындағы балалар өнер мектебі оқу процесінен бөлек,халықаралық, республикалық деңгейдегі жобаларды да жүзеге асырып келеді. Мәселен, 2011 жылы Ақтөбе қаласы әкімдігінің қолдауымен қосымша білім беру ұйымдары арасында ең алғаш болып халықаралық «Ұлы мұра» жобасын қолға алған болатын.

— Жобаның мақсаты — қандастарымыз көп тұратын елдерменмәдени байланысты нығайту, кеңейту және оны дамыту, қазақтың мәдени мұрасын, салт-дәстүрін сақтай отырып, шетелдегі қазақ диаспораларымен рухани байланыс орнату. «Ұлы мұра» жобасы аясында екі жылда бір рет халықаралық байқау-фестивальдер, конференциялар, шеберлік сыныптар ұйымдастырылады, — дейді Жалғас Құдайберген.

Жоба аясында өткізілген іс-шараларға шолу жасасақ, халықаралық «Ұлы мұра» өнер байқау-фестивалі 2011, 2013, 2016 жылдары ұйымдастырылды. Фестивальге Қытай, Ресей, Түркия, Германия, Ұлыбританиядағы қазақ диаспоралары қатысып,өздері ұстанатын қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрлерін жоғарғы деңгейде көрсетті. Қазанғап Тілепбергенұлынаарналған «Түркі халықтарының мәдени мұрасы» және«Фольклор және аспаптық музыка — тұрмыстық ахуалдың қазіргі замандағы көрінісі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялары өтті. Конференцияда Санкт-Петербург, Мәскеу, Өзбекстан, Түркия, Әзірбайжан, Түрікменстан, Тыва, Татарстан, Башқұртстан және біздің елдің шебер орындаушылары түрік мұрасын дамыту, сақтау және оқыту секілді өзекті мәселелерді талқылады.

Ақтөбе облысының құрылғанына 85 жыл және халықаралық би күніне арналған  халықаралық «Шаттық әлемі-2017» атты хореография өнер байқау-фестивалін өткізді. Бұл байқауға 540 қатысушы қатысты. Болгария, Ресей, Қырғызстан, Башқұртстан және біздің елдің белгілі хореографиялық ұжымдары атсалысты.

Жалғас Құдайбергеновтің айтуынша, өнер ордасының республикалық деңгейде ұйымдастыратын іс-шаралары да жетерлік. Соның бірі — «Академиялық ұтқырлық» жобасы.

— Осыдан үш жыл бұрын қосымша білім беру ұйымдары арасында академиялық ұтқырлықты ұйымдастыру, өзара тәжірибе алмасып, ынтымақтастықты орнату үшін екі жақты меморандумға келісім жасалған болатын. Республикалық жобаға біздің өнер мектебінен басқа Астана қаласындағы №1 Өнер мектебі, Өскемен қаласындағы №1 балалар музыка мектебі, Екібастұз қаласындағы Естай атындағы балалар музыка мектебі қосылды, — дейді Жалғас Құдайбергенов.«Академиялық ұтқырлық» жобасы қолға алынғаннан бері республикалық деңгейде бірқатар семинар ұйымдастырылған. Былтыр

31 наурыз-1 сәуір күндері аралығында Қазанғап атындағы балалар өнер мектебі облыстық білім басқармасының қолдауымен «Академиялық ұтқырлық» жобасы аясында республикалық семинарын өткізді. Дәл осындай кезекті семинарларды биыл Астана, Өскемен, Екібастұз қалаларындағы өнер мектептері де ұйымдастырған.

Өңірімізде жыл сайын Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінің ұйытқы болуымен «Жаңа ғасыр таланттары» атты облыстық патриоттық әндер,«Әнші дауысы» жас термешілер, «Көктемім менің»атты ұлт аспаптар ансамбльдерінің дәстүрлі байқаулары өткізіледі. Сонымен қатар өнер мектебі жас өнерпаздар арасында қалалық деңгейдегі байқауларды да жиі ұйымдастырады. Мәселен, биыл Ақтөбе қаласы бойынша төтенше жағдайлар басқармасының қолдауымен «Мен және өрт қауіпсіздігі» атты қалалық жас суретшілер байқауы ұйымдастырылып, оған 223 ақтөбелік оқушы қатысты. Ал қазан айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің қолдауыменжас қылқалам иелерінің арасында «Біз жемқорлыққа қарсымыз!» атты ең үздік плакаттар байқауын өткізді. Оған қала мектептері мен қосымша білім беретін мекемелерден 10-15 жас аралығындағы 173 оқушы қатысты.

Үздік ұжым 

Былтыр қосымша білім беру мекемелері арасындажүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша Қазанғап атындағы балалар өнер мектебі үздік деп танылды. Жеңімпаз ұжым Ақтөбе қаласы білім бөлімінің, облыстық және қалалық білім беру қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының марапатына, яғни 500 000 теңгенің сертификатына ие болды.

Әңгіме арасында өнер мектебінің басшысы жыл сайын халықаралық, республикалық деңгейдегі байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүрген оқушыларының көптігін айтты.

— Мақтанышпен ауыз толтырып айтатын жас өнерпаздарымыз көп. Солардың бірі — «Бақытты бала-2018» халықаралық байқауының жеңімпазы Нарқыз Жанұзақова. Біздің мектептегі вокал класының оқушысы Димаш Құдайбергенмен бірге Лондон қаласында өткен турнеде ән салды. Вокал класының тағы бір оқушысы Жанерке Әбдірахманова — «Бақытты бала-2022» халықаралық байқауының жеңімпазы, Дубай елінде өткен «Golden palma» халықаралық байқауының супер бас жүлде иегері, «Қазақстан дауысы.Балалар» мегажобасының финалисті. Ал дәстүрлі ән класында оқитын Бибінұр Байбатша — Түркия елінде өткен «Мен де жұлдыз боламын» конкурсының жеңімпазы.Академиялық вокал класының оқушысы Аяна Байзулла — «Жас толқын» байқауының жеңімпазы.Бибінұр мен Аяна — «Қазақстан дауысы.Балалар» мегажобасының жартылай финалистері. Жас қобызшы Милана Мырзағалиева

— Ақтау қаласында өткен аймақтық «Жас толқын» байқауының жеңімпазы. Эстрадалық вокал класының оқушысы Шахислам Әбдіғазиз де «Қазақстан дауысы.Балалар» мегажобасының қатысушысы. Тізе берсем, дарынды оқушыларымыздың жетістіктері өте көп, — дейді мектеп басшысы Жалғас Құдайберген.

Шәкірттердің байқауларда топ жаруы ең әуелі өзінің еңбекқорлығына, сосын білікті ұстаздың тәрбиесіне, қамқор ата-ананың қолдауына байланысты.

— Әр шаңырақтың үміт күткен ұл-қыздары ұстаздардың білімі мен білігіне сеніп келеді. Нәтижелі еңбектің арқасында мектеп оқушылары әртүрлі  қалалық, облыстық, республикалық және  әлемдік байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жатыр. Әр ұстаздың өзінің педагогикалық ұстанымы мен шеберлігі ерекше болады, — дейді Жалғас Құдайберген.

Өнер ордасының соңғы жаңалықтарының біріне тоқталсақ, қараша айында Астана қаласында өткен «Astana Merey» халықаралық орындаушылар байқауында өнер мектебінің өнерпаздары мамандандырылған мектептердің оқушыларымен бақ сынасып, жүлделі орындарға ие болды. Атап айтсақ, жетіген аспабы бойынша К.Балмұратованың жетекшілігімен дайындығын пысықтаған Шамшырақ Қадыржан І орынды жеңіп алды. Дәстүрлі ән номинациясында Тихон КозловІІ орынға ие болды. Оның жетекшісі — В.Алматова. Б.Катарбаеваның жетекшілігімен дайындалған Айзат Мәлікқызы эстрадалық ән салу номинациясында ІІІ орын иеленді.

1 желтоқсанда Ресейдің Мәскеу қаласында өткен халықаралық «КТК-Талантливым детям» байқауында өзге елден келген қатысушылармен сынға түсіп, жас әнші Аяна Байзулла І орынға, жас қобызшы Милана Мырзағалиева ІІ орынға ие болды. Бұл оқушылардың кәсіби шеберліктерінің шыңдалуы мен өсуін көрсетеді. Әр жеңістің артында жетекші мен шәкірттің бірлескен нәтижелі еңбегі тұр.

Жапсарлас жаңа ғимарат ашылды

Биылғы оқу жылындағы басты жаңалықтардың бірі — өнер ордасының жанынан 2019 жылдан бастап бой көтерген жапсарлас ғимараттың ашылуы.

Жаңа ғимарат 1 қазанда салтанатты түрде ашылды. Мұнда 200 орындық мәжіліс залы, сахналық киімдер қоймасы, кең әрі жарық 3 хореография залы, 3 көркемсурет өнері, әдістемелік және оқу кабинеттері бар. Ғимарат ауласы кең, ата-аналарға ыңғайлы орындар мен көлік тұрағы да ойластырылған.

Жапсарлас ғимараттың ашылу салтанатына өнертану ғылымының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, қазанғаптанушы Әбдулхамит Райымбергенов, танымал күйші Еділ Басығараев, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, ардагер ұстаз Тельман Ермағамбетов, күйші, қазанғаптанушы Жайлау Асылханов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Али Ермекбаев, мәдениет саласының үздіктері Марат Әйтімов, Орал-Қосай Байсеңгірқатысты.

Жақында облыс әкімі Асхат Шахаров өнер мектебіне арнайы барып, қазіргі жай-күйімен танысты. Дарынды балалардың өнерін тамашалап, ата-аналар мен оқушыларға жылы лебізін білдірді.

Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінің ендігі мақсаты —  Юнеско клубы мүшесі құрамына ену. Бүгінгі таңда аталған клуб құрамына өту үшін отырыс өткізілген, ұжым енді шешімін күтіп отыр.

— Біздің түпкі мақсатымыз — мәдени мұрамызды ұлықтап, шетелдерге танымал ету.  Әлем бойынша түрлі мекемелердің басын біріктірген мәдени ұйымға мүше болу арқылы халықаралық деңгейдегі фестиваль-байқаулар, ғылыми-тәжірибелік конференциядар мен шебер-сағаттарын өткізіп,  аспаптарымызды, дәстүрлі өнерімізді дәріптеп, салауатты, рухани бай ұрпақ тәрбиелегіміз келеді, — дейді өнер мектебінің директоры Жалғас Құдайбергенов.

Арманы асқақ, болашағы зор өнер мектебіне қабылданатын балалар қатаң іріктеу сынынан өтеді. Тап-таза, тұп-тұнық кәусар бұлаққа бас қойған балалар бүгінде Ақтөбенің, оның ішінде Қазанғап атындағы өнер мектебінің атын әлемге паш етіп жүр. Материалдық-техникалық базасы жаңартылған думанды орданың  тәрбиеленушілеріне музыкалық аспаптар мен киім үлгілері аздық етеді. Мектеп басшылығы бұл мәселенің болашақта шешімін табатынына сенеді.

 P.S. «Өнер-білім берем десең басынан

Бер оқуға балаларды жасынан», — деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, өнер мектебінің негізгі ұстанымы — әр баланың жастайынан өнерге, білімге құштарлығын оятып, тәрбиелеу.Ендеше, осындай өнер мектебінің мүмкіндігін пайдаланып, балаңызға қандай да бір өнер түрін үйретуге асығыңыз!

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button