Спорт

Ойлылардың ойыны

Ақтөбеде тоғызқұмалақтан ел чемпионаты өтіп жатыр

Ақтөбеде тоғызқұмалақтан әйелдер арасындағы ел чемпионаты басталды. 5-11 желтоқсан күндері өтетін чемпионатқа еліміздің түкпір-түкпірінен 10 қоманда қатысуда.

Жарыстың ашылу салтанатына облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров, тоғызқұмалақтан мемлекеттік жаттықтырушы Дәулет Ұзаққалиұлы, тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының аға жаттықтырушысы Айнұр Жақапбаева қатысып, ойыншыларға сәттілік тіледі. Іс-шара барысында ұлттық зияткерлік ойындар спорт мектебінің директоры Жанар Сағызбаева «Тоғызқұмалақ қайраткері» медалімен марапатталды. Тоғызқұмалақтан өткен Қазақстан чемпионаты 11 желтоқсанда қорытындыланып, жарыс жеңімпаздарына спорт басқармасының дипломы табысталады.

Төрт мың жылдық тарихы бар тоғызқұмалақ — ақыл-ойды дамытатын қазақтың ұлттық ойындарының бірі. Бабаларымыз ойлап тапқан зияткерлік спорттың адамзат өркениетінен алар орны ерекше. Қазіргі таңда тоғызқұмалақ ойыны әлемнің түкпір-түкпірінде танымал спорт түріне айналды. 2019 жылы ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енді. 2010 жылы бірінші әлем чемпионаты Астана қаласында ұйымдастырылса, өткен жылы VI әлем чемпионаты Ақтөбеде ұйымдастырылды. Облыста кәсіби тұрғыда қарқынды дамып келе жатқан спорт түрімен шамамен 20 мыңнан астам адам шұғылданады.

Осы жылы тартысты ойынға Алматы, Абай, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан, Ақтөбе облыстарынан келген 70-тен астам тоғызқұмалақшы қатысып жатыр. Жарыс ережесі бойынша ойын айналмалы жүйемен өткізіледі. Әзірге ақтөбелік команда 11 ұпаймен көш бастап тұрмыз. Сайысқа қатысушылар арасында Диана Кенина, Мөлдір Серікқызы, Алмагүл Такишева, Әйгерім Нұрмедин сынды мықты ойыншыларымыз бар. Споршылар тоғызқұмалақтың классика және блиц түрлерінен сайысады, — дейді, жарыстың бас төрешісі Бауыржан Төлегенов.

Балалар мен жасөспірімдерді бұқаралық спорт түріне даярлап жүрген Бауыржан Төлегенов 2002 жылдан бері интеллектуалды спорт түрлері бойынша облыстық мамандандырылған балаларжасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Аға жаттықтырушы тоғызқұмалақ ойынының артықшылығын айтып берді:

Тоғызқұмалақ — ойлылардың есеп ойыны. Ойында басты назар аударатын нəрсе — өзіңдікін жұп қылып, қарсыласыңның құмалақтарын тақ қылып ұстап отыруға, тұздық бермеуге тырысу қажет. Тұздық деген — өзіңнің бір отауыңнан айырылу. Яғни тұздық берген жағдайда сен сегіз отаумен, ал қарсыласың он отаумен ойнайды. Тоғызқұмалақшы ең алдымен құмалақтарын шабуылға ыңғайлы етіп ұйымдастырып, қорғанысқа көңіл бөледі. Қарсыластың нені ойлап отырғанын психологиялық тұрғыда жіті бақылап отыруы керек. Он жүрістен кейін тоғызқұмалақта миллиардтан астам нұсқа кездеседі. Əрине, оның барлығын есте сақтау мүмкін емес. Тоғызқұмалақтың өзіндік тактикалары арқылы мүмкін болатын нұсқаларды жіті есептеп отырған абзал, — дейді аға жаттықтырушы.

Оның айтуынша, Қазақстан тәуелсіздік алған жылдан бері тоғызқұмалақ спорты жылдан-жылға дамып келеді. Бұл жерде тоғызқұмалақ федерациясының ықпалы зор. Қазіргі таңда облыстық тоғызқұмалақ федерациясының президенті Лаура Қарабасова бұқаралық спортты дамыту жөнінде жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтады:

Логикалық ойлауды дамытатын тоғызқұмалақ ойынын насихаттау жұмыстары Құдайберген Жұбанов атындағы өңірлік университетінде де ұдайы жүргізіледі. Мәселен Бақтыбай батыр Төлесұлы атындағы зияткерлік ойындар кабинеті облыстық федерациямен бірлесе отырып, облыстық және республикалық турнирлерді сәтті өткізіп келеді. Қазір алдағы жылы Түркия мемлекетінде өткізілетін VII әлем чемпионатына қызу дайындық үстіндеміз, — дейді ол.

Тоғызқұмалақ ойыны Ақтөбеде жақсы жолға қойылған. Облыстық мамандандырылған балаларжасөспірімдер спорт мектебінде интеллектуалды спорт түрлері бойынша 6 жаттықтырушы жұмыс істейді. Олардың дені — халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері. Қазір мұнда 200-ден астам жас тоғызқұмалақшы жаттығады.

Облысымызда 1980 жылдары тоғызқұмалақ ойыны қарқынды дами бастады. Сол жылдары облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде шымкенттік Бақыт Момбеков өңірімізде алғашқы болып тоғызқұмалақ үйірмесін ашты. Одан кейін 1991 жылдан бастап марқұм Қабидолла Нұршин мектептегі мұғалімдік қызметімен қатар, тоғызқұмалақ ойынын дамытуды қолға алып, облыста жаттықтырушы болып жұмыс жасады.

Ойыншылар не дейді?

Жәмила БАИЛДЯШЕВА,

халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

— Мен ел чемпионатына Павлодар облысының атынан қатысып жатырмын. Тоғызқұмалақ ойыны сыни ойлауға көмектесіп, логиканы дамытады. Өмірде де ойындағыдай өз жоспарларымды алдын ала жасауға дағдыландым. Соның арқасында математикалық қабілеттерім артты деп те айта аламын. Жыл сайын өткізілетін жарыстарға қатысып тұрамын. Осы жарыста алғашқы қарсыласымыз алматылық мықты команда болды. Соған қарамастан, тартысты ойында жеңіске жеттік. Жаттықтырушыларымның үмітін ақтап, жүлдегерлердің қатарынан көрінуді мақсат етіп отырмыз.

Мөлдір СЕРІКҚЫЗЫ,

тоғызқұмалақтан ұлттық құрама ойыншысы:

— Тоғызқұмалақ — ұлттық зияткерлік ойындардың ішіндегі ең күрделісі. Бұл ойыннан бірнеше турнирлерге де қатысып үлгердім. Ел біріншілігінде Ақтөбенің намысын қорғап, командалық есепте чемпион атанған сәттеріміз де болған. Тоғызқұмалақтың блиц түрін ойнағанды жақсы көремін. Жалпы тоғызқұмалақтың кез келген түрі адамға сабырлылықты, қайсарлықты, тәуекелшілдікті, шыдамдылықты, әрқашан дұрыс шешім қабылдауды үйретеді. Спорт болған соң жеңіс те, жеңіліс те болып тұрады. Командалық ойын әрдайым бізді жеңіске жетелейді. Осы жылғы жарыста да жеңіс тұғырынан көрінгіміз келеді.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button