Мәдениет

«Алақайдың» бір жылы

Театр

«Алақай» қуыршақ театрына жыл басынан 75 мыңға жуық көрермен келіп, 430 қойылымды тамашалаған. Мәдениет мекемесінің 11 айда атқарған жұмысы туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

Аталған театр директоры Әсия Құрманалинаның айтуынша, келер жылы мәдениет ошағыкемінде 82 мыңнан астам адамға қызмет көрсетуді жоспарлап отыр.

2024 жылы дәстүрлі VII халықаралық «Ассалаумағалейкум» қуыршақ театрлар фестивалін, VI облыстық «ЕркеТеатрAqtobe» балалар театр фестивалін ұйымдастырамыз. Сондай-ақ Өзбекстан, Татарстан Республикасы және Байқоңыр, Астрахань қалаларына гастрольдік сапармен баруды жоспарлап отырмыз. Көрермен назарына «Ат тұяғын тай басар» және «Тізгініңді босат та, құстай самға» қойылымдары ұсынылады. Биыл жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме» повесі бойынша сахналанған қойылым алғаш рет көрсетілді. Қойылымның режиссері — ресейлік театр режиссері және продюсер Давид Бурман. Сондай-ақ осы жылы V облыстық «ЕркеТеатрAqtobe» балалар театр фестивалі өткізіліп, фестиваль қатысушылары «Ең үздік актер», «Ең үздік актриса», «Ең үздік сценография», «Ең үздік көркемдік жетекші» номинациялары бойынша марапатталып, үздіктер анықталды. Қазіргі уақытта театрда 62 қызметкер, 16 актер қызмет атқарады, — дейді театр директоры.

Театр актрисасы Гүлнар Баймағанбетованың айтуынша, театрдың қуыршақтарын арнайы тігін шеберханасы, яғни бутафор цехы жасайды. Олар қуыршақтың қимыл-қозғалысына сәйкес тапсырыспен жасап шығарады. Қуыршақ театры тікелей балалармен жұмыс жасайтындықтан, қуыршақ тартымды әрі ұстауға ыңғайлы болуға тиіс екен. Театр маманы қуыршақ театрының осы жылы жеткен жетістіктерін айтып берді:

Биыл театр сахнасында кішкентай балақайларға арналған қызықты қойылымдар сахналанып, актерлеріміз үздіктер қатарынан көрінді. Мәселен, мамыр айында VI халықаралық «Ортеке» қуыршақ театрларының фестиваліне Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме» қойылымымен қатысып, қойылым суретшісі әрі театр директоры Әсия Құрманалина «Ең үздік қуыршақ суретшісі» номинациясымен марапатталды. Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай өткізілген салтанатты жиында актрисамыз Гаухар Оралбай «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталса, актер Дәурен Рысбеков облыс әкімінің, театр әкімшісі Гаухар Қалдина мен Әлішер Орынбасаров облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының арнайы Алғыс хатына ие болды. Сонымен қатар«Алақай» қуыршақ театры 13-18 қазан аралығында Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының ұйымдастыруымен өткен«Puppetland» І халықаралық қуыршақ театрлар фестивалінде режиссер Антон Зайцевтің «Собака» қойылымын көрермен назарына ұсынды. Ауқымды іс-шарада Армения, Өзбекстан, Қырғызстан, Польша мемлекеттері және елімізге белгілі қуыршақ театрлары өнер көрсетті. Бұл фестивальде «Собака» қойылымының суретшісі әрі театр директоры Әсия Құрманалина «Ең үздік суретші жұмысы» номинациясына ие болды, — дейді театр актрисасы.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button