Біліксіз маман бүлдіреді…
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ,
«Ақтөбе».
Ойтүрткі
Дәрігерге дертке шипа іздеп барасың. Жаның алаң болып, беймаза күй кешкенде аузынан шыққан әр сөзін қалт жібермей тыңдап, көңіліңе тоқуға тырысасың. Жылы қабылдағанын қалайсың, жылы сөз естігің келеді. Әсіресеталдау қорытындыларын «оқыған» медицина қызметкеріне үлкен үміт артасың. «Бәрі керемет. Алаңдауға негіз жоқ» десе екен дейсің іштей. Дегенмен кей жағдайда ойың оңынан орала бермейді…
Жақында ғана жоспарлы тексеруден өту үшін ултрадыбыстық зерттеу жасатуға Ақтөбе қаласындағы белгілі ақылы емханалардың біріне бардым. Әрине, көңілде бір үміт, мың күдік. Емнің нәтижелі болғанын тіледім. Сөйтсем, зерттеу жүргізген медицина қызметкері бір зерттеудің жақсы, екіншісінің қауіпті екенін айтты. «Бұл жерден биопсия алынып па еді?» дегенде тіптен есім шықты. УДЗ маманы зерттеу қорытындысын да, түсірілген фотосын да берген жоқ. «Дәрігеріңіз дамумедтен қарайды», —деді. Бұған дейінгі зерттеулерде мамандар қорытындыны қолыма ұстатып жіберетін-ді. Санамды мың сан ой шырмапалды.
Бәрін жақсы ойлауға тырысып бағып, дәрігерге баратын күнді тағатсыздана күттім. Мұндайда күн өтпек түгіл, сағат жылжып болсын ба? Көңілді құлазытып, күздің сүреңсіз күндері баяу өтіп жатты. Сөйтіп,арада бір аптаға жуық уақыт өткен соң дәрігерге келдім. Соңғы үміт — сол кісіде. Дәрігер дамумедтегі зерттеу қорытындысын ашқан сәтте бірден: «Осы узистелді әбден шатастыратын болды-ау. Бұл қорытындыны тағы сол жазған ба?»— деп зерттеуді мұқият қарап шықты. «Мұнда келіңіз, мынасандарды қараңыз. Не ұқтыңыз?» деді. Нөл бүтіннен басталатын 4 саннан тұратын тізбек. Түк те ұқпадым, әрине. «Бұл қорытындыға сүйенсек, түйін бар, дегенмен көріп тұрғанымыздай көлемі түсініксіз. Түсірілген фотосы қайда?»— деді. Маған ешнәрсе бермегенін, «дамумедте тұрады»деп айтқанын айттым. «Фотосын қолға беру керек. Ол дамумедке тіркелмейді» деді. Енді не істеу керек? УДЗ-ғақайтадан түсіп, көңілімдегі күдікті сейілткім келетінін айттым. Содан дәрігер жарты сағаттан астам уақыт ултрадыбыстық зерттеу жүргізді. Біршама тексеріп, ешнәрсе таппады. «Түйін жоқ. Әріптесті жамандағанымыз емес, дегенмен осы маман бірнеше ақылы емханада жұмыс жасайды. «Нәтижесі» — осы. Ел-жұртты әбігерге салып қояды», —деді. Зерттеудің оң шыққанына қуанып қалдым.
Айтпағым, мемлекеттік емханалар пациенттеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін медициналық тексеру жүргізу үшін қызметін арзан ұсынатын ақылы емханалармен келісім жасайды. Ал «Арзанның дәмі татымасы» —атам қазақтың даналығы. Пациенттің халі: «Екі ортада шыбын өледінің» кері. Сонда жалақымыздан ай сайын медициналық сақтандыру үшін төленіп жатқанқ аржыға сай жоғары сапалы қондырғы, аппараттармен қамтылған емхнаның қызметін неге пайдалана алмаймыз?