Кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп келеді
«Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуы керек».
ҚР ПрезидентіҚасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған
«Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауынан.
Қазір бизнеске бет бұрып, өз ісін дөңгелентуге ниетті азаматтар баршылық. Олардың арасында тың жобасын ұсынып, қайтарымсыз грант алып жатқандар да кездеседі. Дені — жастар. Осы орайда «Ауыл аманаты» бағдарламасының арқасында кәсіпкерлікке ден қойғандар аз емес.
Бүгін біз «Ауыл аманаты» бағдарламасының Темір ауданында қалай жүзеге асырылып жатқанына тоқталмақпыз.
Ақмаралдың тәттісі
Темір ауданына қарасты Сарыкөл ауылының тұрғыны Ақмарал Табынбаева сүйікті ісі — торт пісірумен айналысқанына 7 жыл болған. Декреттік демалысын оңтайлы пайдаланған кейіпкеріміздің кәсібі бүгінде негізгі табыс көзіне айналыпты.
— Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе университетін мектепке дейінгі тәрбие ісі мамандығы бойынша тәмамдадым. 5 жыл балабақшада тәрбиеші болдым. 2016 жылы бала күтіміне байланысты демалысқа шыққанымда «Неліктен үйден тәттілерді дайындап, ауылдастарыма сатпасқа?!» деген ой туды. Бастамам үлкен қолдау тапты. Тәттілердің бірнеше түрін әзірлеуге көштім.
«Ауыл аманаты» жобасының басталғанын естіп, құжаттарымды тапсырдым. 2,5 пайызбен 4,8 миллион теңге несиеге алдым. Басында несиені өтеу үшін ай сайын 146 мың теңге төледім, кейіннен 97 мың теңгеге түсті. Бұйыртса, қарызымнан 5 жылда құтыламын.
Аталған қаражатқа торт қоюға арналған сөрелер, тоңазытқыш, 2 пеш, басқа да керек-жарақтарды сатып алдым, — дейді көпбалалы кәсіпкер.
Тамыз айында кондитерлік цех-дүкенін ашқан Ақмарал келушілердің сұранысына қарай түрлі дәмді дайындайтынын айтты. Қызы мен көмекшісі — үшеуі тәттілердің 40-тан астам түрін ұсынады екен. Сондай-ақ той, туған күн сияқты қуаныштарға да тапсырыс қабылдап, дастарқанға қажетті тағамның түр-түрін әзірлейтінін білдік.
«Қазір келушілердің сұранысы жоғары. Торттың оннан астам түрін пісіреміз. Бағасы — 3-50 мың теңгенің аралығында. Күніне қанша тәтті тағамдар дайынсақ та, кешқұрым ешқайсысы қалмайды. Барлығы лезде өтіп кетеді», — дейді ол.
Кәсіпкер «Ақмарал кекс» кондитерлік дүкенінің өкілдігін енді Кеңқияқ, Темір ауылдарында ашуды жоспарлап отыр. Өйткені көршілесауылдардан келіп, сатып алатындар да көп екен. Олар үшін жеткізіп беру қызметі де бар.
— Соңғы жылдары Үкімет тарапынан кәсіпкерлік саласына, жалпы ауылды дамытуға жақсы көңіл бөлініп келе жатыр. Соның айқын көрінісі ретінде осы «Ауыл аманаты» жобасын айта аламын. Несиенің пайыздық үстемесі де, бағдарламаның шарты да халыққа қолайлы. Қалтаға соншалықты салмақ түсірмейді. Бұл — өз кәсібімді ашамын болмаса кеңейтемін дегендерге тамаша мүмкіндік.
Қазір жасым — 38-де. 5 баланың анасымын. Олар да маған қолғанат болып, кәсібімнің жұмысын одан әрі жандандыруға үлес қосып жүр. Сондықтан болашақта бизнесімді дамытып, жаңа деңгейге шығарғым келеді, — деп жоспарымен бөлістіАқмарал Табынбаева.
«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ
«Ауыл аманаты» жобасына ісін енді бастаған кәсіпкерлер де қатыса алады. Жылдың 2,5 пайыздық үстемемен берілетін несиеде өсімдік бағытын дамыту, мал және құс шаруашылықтары, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау және шағын бизнестің еңсесін тіктеуге айрықша назар аударылады. 5 жылға дейін рәсімделетін несиеге қазірдің өзінде сұраныс айтарлықтай, қызығушылық зор. Өйткені бұрынғыдай емес, енді шалғайдағы елді мекендердегі мүлікті кепілге қою мүмкіндігі бар.
Жұртшылықтың ауылда еңбек етіп, тиісінше тұрақтауына бағытталған жобаны іске асыружөніненАлға, Қарғалы, Қобда, Мәртөк, Ойыл және Хромтау аудандарының қарқыны жақсы.
— «Ауыл аманаты» бойынша біздің облысқа Үкіметтен былтыр қараша айында 3 миллиард теңге, биылғы ақпан айында 3,5 миллиард теңге қаражат аударылды. Қыркүйектің соңында қосымша 12,5 миллиард теңге бөлінді.
27 қараша күнгі дерекке сәйкес7,3 миллиард теңгенің 1659 жобасы мақұлданды, — дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Бағдат Қожамұрат.
Оның айтуынша, несие құс шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы және ауылдық елді мекендердегі шағын бизнес түрлеріне берілген.
Отбасылық кәсіпті өрге сүйреген
Нұрлыбек Қолғанатов — бірнеше бизнесті қатар үйлестіріп отырған тәжірибелі кәсіпкер. Шұбарши ауылына іскерлігімен белгілі ол «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысып, тағы бір кәсіпкерлік нысанын ашқан.
— Ет өнімдерін сататын дүкенім 2020 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатыр. Былтыр наубайханамды ашсам, биыл көлік жуу орталығым іске қосылды. Осымен тоқтап қалмайын деген ниетпен көктемде «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несиеге 6,7 миллион теңге алып, жартылай дайын өнімдерді дайындап, сататын дүкенімді пайдалануға бердім. Қарамағымда 2 адам жұмыс істейді, — дейді 44 жастағы Нұрлыбек.
II топтағы мүгедек болғанына қарамастан, осылайша кәсіпкерліктің бірнеше саласын игеріп отырған әңгімелесушіміз өткен жылы мемлекеттік грантқа да ие болған. Оған пеш сатып алыпты.
Зайыбы Кәмила екеуі 8 баланы тәрбиелеп отырған ерлі-зайыптылар «Ауыл аманаты» бойынша 5 жылға несие рәсімдеген. Соның арқасында ет өнімдерін өңдеуге қажетті қондырғыларды жаңартып, өзге де қажетті бұйымдарды сатып алған.
— 15 қараша күні кенжеміз өмірге келді. Үлкеніміз — 17 жаста. Балаларымыздың барлығы көмектесіп, сабақтан тыс уақытта дүкенде тұрады. Әрине, бұл — бізге едәуір қолдау, — дейді отанасы Кәмила.
Темір ауданы: 121 жоба мақұлданды
Темір аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Есенбол Жолдығариннің айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша барлығы 137 жоба ұсынылыпты. Соның 121-і арнайы комиссияның шешімімен мақұлданған.
— Бұлардың жалпы құны — 573 миллион теңге. Қазіргі таңда 106 жоба бойынша несие берілді. Бағыттарына тоқталсақ, құс өсіру бойынша — 32 жоба, бау-бақша бойынша — 20 жоба, жылыжай салуға қатысты — 5 жоба, ет өңдеу бойынша — 9 жоба, сүт өңдеуге қатысты — 5 жоба, сондай-ақ кондитерлік өнімдер, қоғамдық тамақтану, жиһаз өндірісі, наубайхана, тігін ісі, басқа да жобалар бар. Арасында дәстүрлі емес шаруашылықтар да кездеседі, — дейді ол.
Одан белгеніміздей, жұмыссыз, несие төлемін жүргізуге мүмкіндігі төмен отбасыларды бағдарламаға тарту мақсатында жыл басынан бері 23 отбасына 331 мал тауарлы несие ретінде беріліпті. Атап айтсақ, 2 отбасы 15 жылқы, 8 отбасы ірі қара, 13 отбасы 260 қой алған. Жалпы, 173 жоба бойынша 1086 ірі қара, 2725 қой,178 жылқы сатып алуға ниеттілер тізімі жасақталды. Округтер бойынша Алтықарасу, Шұбарқұдық ауылдарының белсенділігі жақсы екенін айта кеткен ләзім.
— «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша алғашқы лекте несие алғандардың арасында Жақсымай ауылдық округінің тұрғыны Максим Чирковтың жобасын ерекше атап өтуге болады. 150 шаршы метрлік жылыжайда қияр, аскөк, өзге жасыл желектер өсіріліп жатыр. Үздік жобалардың қатарында Кеңқияқ ауылдық округінің тұрғыны Разия Табылованың кәсібі де бар. Ет өнімдерін өңдеу жобасы бойынша 6,6 миллион теңге несие алған ол қажетті құрылғыларды сатып алып, қазіргі таңда жартылай дайын өнімдерді табысты шығарып отыр. Таза, табиғи өнім ерекше сұранысқа ие. Ал құс өсіру бойынша ақсайлық Тұрған Жұбаназаров, сарыкөлдік Сандуғаш Әбдіғазы, Сабыржан Қайырбековтерді айрықша атауға болады. Олар ауылдастарына табиғи құс етімен жұмыртқаны қолжетімді бағада сатып отыр. Кондитерлік өнімдерден сарыкөлдік Ақмарал Табынбаеваның да жобасы жақсы. Бұл жергілікті тұрғындарға да қолайлы, енді азық-түлік сатып алу үшін аудан орталығына қатынамайды. Жалпы, соңғы айларда «Ауыл аманаты» жобасына қызығушылық танытып, кәсіпкер боламын деушілер көбейді,— деп атап өтті.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.