Этножурналистиканы дамыту — заман талабы

22-24 қарашада Алматы қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы Журналистер клубының көшпелі отырысында Ассамблеяның қызметі мен этносаралық қатынастарды насихаттау, шынайы ақпарат таратудың маңыздылығы мен БАҚ өкілдерінің мәртебесін айқындау мәселелері талқыланды.

Көшпелі отырыс көтерген мәселелер
Алматы қаласындағы Достық үйінде өткен жиынға Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов, Президент әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының инспекторы Мұхтар Күлжан, «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Әлия Сапарова, сондай-ақ әр өңірден жиналған журналистер мен «Қоғамдық келісім» мекемесінің баспасөз хатшылары қатысты.
Шарада алдымен сөз сөйлеген Қанат Ысқақов Қазақстан халқы Ассамблеясы Журналистер клубын құрудағы мақсат — қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту және осы бағытта қалам тартатын БАҚ өкілдерінің күш-жігерін біріктіру, мұндай басқосулардың журналистерге берері мол екенін жеткізді.
— Ассамблеяның жұмысы мен этносаралық қатынастарға қатысты ақпарат таратуда аталған органның баспасөз хатшылары мен өңірдегі журналистердің рөлі ерекше. Өйткені сіздер қоғамдық пікір қалыптастырып, ақпаратты шынайы әрі нақты дәйектермен жеткізесіздер. Жалпы, қазіргі таңда қай салада болсын, ақпараттық жұмыссыз нақты нәтиже жоқ. Осы тұрғыда бүгінгідей басқосуда сіздермен пікір алмасудың, алға қойылған мақсаттарды орындаудың маңызы зор. Бүгінде бізге ортақ міндет — Ассамблея жанынан құрылған журналистер клубын ашық жұмыс алаңы ету, — деді ол.
Өз сөзінде вице-министр бүгінде елімізде клуб жұмысын жандандыруда, жалпы БАҚ өкілдерінің қарым-қабілетін бағалауда, оларға жан-жақты қолдау көрсетуде бірқатар олқылықтар бар екенін, алдағы жылы елімізде БАҚ туралы заң күшіне енсе, журналистер қауымының мәртебесі артып, олардың әлеуметтік және құқықтық тұрғыдағы мәселелері шешілетінін атап өтті.
— Біз қашан да журналистерге, баспасөз хатшыларына зор үміт артамыз. Өз тарапымыздан барлық қажетті әдістемелік құралдарды, ұсынымдарды әзірлеп, сіздерге көмек көрсетуге дайынбыз. Сондай-ақ сіздерді әрқашан халыққа шынайы, тексерілген ақпарат таратуға шақырамыз. Өйткені ішкі саяси тұрақтылықты сақтау, бұл саладағы проблемаларды жұртшылыққа жеткізу өте маңызды.
Мемлекет саясатының ең бірінші басым бағыты — осы этносаралық қатынастардың тұрақты дамуы. Өздеріңіз көріп отырғандай, қазіргі жаһандық жағдайда ақпараттық кеңістіктің жылдам өзгеруі, кей жағдайларда фейк ақпараттар мен ақпараттық манипуляциялардың таралуы біздің елімізге де қауіп-қатер әкелуі мүмкін. Біз үшін қазір басты құндылық — елдегі тыныштық пен тұрақтылық, — деді вице-министр.
Бұдан кейін шарада сөз сөйлеген Президент әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының инспекторы Мұхтар Күлжан Ассамблея жанындағы Журналистер клубы мүшелерінің жыл сайын бас қосуына, олардың өзара тәжірибе алмасуына хатшылық қашанда қолдау көрсететінін атап өтті.
— Көпшіліктің көкейінде «Журналистер клубы не береді?» деген сауал туындауы мүмкін. Бұл орган осы салада жұмыс істеп жүрген азаматтардың басын біріктіреді, өзара бірлесіп еңбек етуіне ықпал етеді, Ассамблеяның қызметін, әр өңірдегі этномәдени бірлестіктердің жұмысын насихаттайды. Бір сөзбен айтқанда, клуб мүшелері елдегі тұрақтылықтың, ынтымақтастықтың, ұлтаралықтың келісімнің сақталуына өз үлесін қосады. Шынын айту керек, қазір қоғамда кейбір адамдар Ассамблея құрамындағы бірлестіктердің жұмысы тек концерттік бағдарламалар мен көрме-жәрмеңке өткізумен шектелетіндей көреді, түптеп келгенде, бұл жұмыстардың барлығы осы елімізде тұратын барлық ұлт пен ұлыстың мәдениетін, тұрмыс-тіршілігін насихаттауға бағытталады. Сондықтан Ассамблея тарапынан ұйымдастырылған іс-шараларға тек біржақты қарауға болмайды, — деді ол.
Мұхтар Күлжанның айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы этносаралық және конфессияаралық диалог, қоғамдық келісім мен халық бірлігіне негіз болуда. Сондықтан қазақ елі үшін бүгінде бір шаңырақтың астындағы түрлі этнос өкілдерінің достығы мен өзара ынтымақтастығы қашанда құнды.
- Қазақстан аз уақыттың ішінде әлемдік қоғамдастықтың алдыңғы қатарлы көшіне қосылды. Еліміздегі халықтар достығы қазақ халқының көңілінің дарқандығы, пейілінің кеңдігі арқасында әлемге үлгі болып отыр. Бұл орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында халықтар достығы— бейбіт өмірдің кепілі екенін айтқан болатын. Қазір біз алмағайып уақытқа тұспа-тұс келіп отырмыз. Қазіргі халықаралық ахуал Қазақстанға да әсер ететіні анық. Бірақ заман қаншалықты күрделі болса да, біз өз бағдарымыздан айнымаймыз. Өткеннен тағылым алып, келешекке сеніммен қадам басуымыз керек. Осы жолда, ең алдымен, ауызбіршілік керек. Сіздер, журналистер қауымы, ақпарат саласының майталмандары, осы құндылығымызды халыққа, жас ұрпаққа жеткізуде зор рөл атқарасыздар. Сондықтан қазіргі таңда елімізде этножурналистиканы дамыту өте маңызды, — деді Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының инспекторы.
«Ақтөбенің» анықтамасы
Қазақстан халқы Ассамблеясы Журналистер клубы 2009 жылы құрылды. Негізгі мақсаты — этносаралық тақырыпта жазатын ел аумағындағы БАҚ өкілдері мен блогерлер қауымының, әлеуметтік желі белсенділерінің іс-әрекетін үйлестіріп, шынайы әрі жылдам жан-жақты ақпарат алуына ықпал ету, қолдау көрсету.
Бүгінде өңірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясы Журналистер клубына 10-ға жуық журналист мүше. Аталған клубтың төрағасы — «Aqtobe» телеарнасы тақырыптық бағдарламалар бөлімінің шеф-редакторы Бибігүл Биманова.
Басқосуда бір топ журналист этносаралық келісім мәселелері бойынша контентке аудиторияның қызығушылығын ояту, қоғамда резонанс тудырып жатқан оқиғаларды жеткізуде шынайы ақпараттар жариялау, журналистердің мәртебесін анықтау, Қазақстан халқы Ассамблеясы Журналистер клубы мүшелерінің жұмысын жандандыру, т.б. мәселелер бойынша өз ұсыныс-тілектерін ортаға салды. Сондай-ақ вице-министрге бірқатар сауалдар қойды.
— Қазіргі таңда біз жаһандық геосаяси жағдайда, күрделі кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан қай-қайсысымыз да ұлтаралық мәселелерге өте ұқыпты қарап, терең талдау жасауымыз керек. Ақпаратты шынайы жеткізуге тиіспіз. Сондай-ақ алдағы уақытта мұндай форматтағы отырыстарды тек Астана, Алматы қалаларында ғана емес, басқа да өңірлерде өткізу керек, — деп Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы журналистер мен блогерлер клубының төрағасы Талғат Балтабаев өз ұсынысын білдірсе, «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Назарбек Қосшиев өңірлердегі басылымдардың қазіргі жайы, оқырмандардың газет-журналдарға жазылу белсенділігі, сондай-ақ журналистердің кәсіби біліктілігін көтеру жөніндегі келелі мәселелерге тоқталды.
- Жылдан-жылға облыстық газеттердің таралымы азайып барады. Жалпы, қазір қоғамда газет-журнал, кітап оқитындардың қатары сиреп келеді. Баспасөз тек ақпарат таратушы емес, идеологиялық құрал. Егер біз болашақ ұрпақтың, бүгінгі жастардың білімді болуына жағдай жасайтын болсақ, алдымен осы мәселеге назар аударуымыз керек. Газет, кітап оқымайтын ұрпақтыңболашағы бұлыңғыр екенін көре тұра, бұған араша түспеу — үлкен қателік, — деді ол.
Жиынды қорытындылаған Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов журналистер көтерген мәселелер алдағы уақытта министрліктің тікелей назарында болатынын айтып, журналистер клубының төрағаларына орган жұмысын жандандыруда жаңа идеялар мен бастамаларды жүзеге асыруды тапсырды.

Тегін тренинг және мол тәжірибе
Үш күнге созылған іс-шара аясында журналистер клубының мүшелері мен «Қоғамдық келісім» мекемесінің баспасөз хатшылары белгілі медиа менеджерлер мен басылым басшыларының ұйымдастырған тренингтеріне қатысты. Мәселен, журналист, медиаменеджер Руслан Ыдырысов жиналғандарға «Тең диалог: қатал қарсыластар қоғамында. Этносаралық келісім мен Қазақстан халқының бірлігін нығайту» тақырыбында тренинг өткізсе, республикалық «DEUTSCHE ALLGEMEINE ZEITUNG» неміс газетінің бас редакторы Олеся Клименко этножурналистика саласының ерекшеліктері туралы әңгімелеп берді.
Журналистер қауымының ерекше қызығушылығын тудырған кездесу мобилограф, СММ маманы Ақылбек Жақсыбаевтың өткізген шеберлік сағаты болды. Жас та болса білімі мен білгені көп мобилограф БАҚ өкілдеріне Instagram, Facebook, Tik-Tok алгоритмдерімен жұмыс жүргізудің артықшылықтары мен мемлекеттік тіл және этносаралық келісім тақырыптары бойынша авторлық контент құру, оны дамытудың құпияларымен бөлісті. Заман талабына сай бейнероликтер түсірудің тәсілдерін үйретті. Сондай-ақ белгілі блогер, «Алға, Петербург!» жобасының жүргізушісі Иван Червинский «Қазақстан аудиториясы үшін контент құру» және «Voice Power» агенттігінің жаттықтырушысы Әлия Текенова «Факт-чекинг Қазақстан Халқы Ассамблеясы имиджін ақпараттық дамыту және қорғау құралы ретінде» тақырыбында тренинг ұйымдастырды. БАҚ өкілдері медиа менеджерлерге өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойды.
Іс-шараларды қорытындылау кезеңінде «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Әлия Сапарова көшпелі отырысқа қатысқан журналистерге өз ризашылығын жеткізіп, қатысушылардың барлығына салтанатты түрде сертификаттар табыстады.
Айта кету керек, көшпелі отырысқа қатысқан БАҚ өкілдерінің қатарында әріптестеріміз — облыстық «Ақтөбе» газетінің бөлім меңгерушісі Данагүл Қазихан, облыстық «Актюбинский вестник» газетінің тілшісі Татьяна Виноградова, облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің баспасөз хатшысы Бекзат Молдакешовалар бар.
Д.АЙДАР.



