Басты жаңалықтар

Сақтықта қорлық жоқ

Жылыту маусымында абай болыңыз!

Жыл басынан бері Ақтөбе қаласы бойынша 226 өрт оқиғасы тіркелген. Оның 98-і — тұрғын үй секторында, 86-сы көлік құралдарында болыпты. Тілсіз жаудың кесірінен 8 адам қайтыс болса, 11 ақтөбелік түрлі дене жарақатын алған.

Бүгінде Ақтөбе қаласының Астана және Алматы аудандарындағы төтенше жағдайлар бөлімі тұрғын үйлердегі өрттің алдын алу мақсатындағы қауіпсіздік ережелері туралы жан-жақты түсіндіру жұмыстарын қолға алды. Мамандар тұрғындардың қауіпсіздігі басты назарда екендігін айтады.

Жатақханаларда өрт қауіпсіздігі сақталған ба?

Жуырда республикалық «Жатақхана» жедел-алдын алу іс-шарасының аясында Ақтөбедегі жатақханалардың жай-күйі тексерілді. Мамандар өрттің алдын алу мақсатында жатақхана тұрғындарымен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

— Жатақханада өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау өте маңызды. Өйткені мұнда біреудің кесірі екінші адамға тиіп кету қаупі жоғары. Тұрғындардың салғырттығынан көршілері зардап шегіп жатады. Осындай олқылық алдын алу мақсатында 13-17 қараша аралығында қаладағы 20-ға жуық жатақханада рейд жүргіздік.

Тәжірибеде көрсеткендей, тұрғын үйлердегі өрттің көбі электр желілеріндегі ақаудан болады. Сондықтан біздің мамандар ең алдымен электр сымдарының техникалық нормаларға сәйкес келуіне және электр қалқандарында қолдан жасалған құрылғылардың болмауына назар аударды, — деген Алматы ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Аслан Арзымбетов қаладағы жатақханалардың көбі жөндеуді қажет ететінін айтты.

— Тұрғындардың көбі жатақханалардың іші-сыртын әкімдік жөндеуге міндетті деп ойлайды. Жергілікті билік тек оның төбесін жауып, ауласын абаттандырып береді. Ал ішкі электр жүйесіне тұрғындардың өздері жауапты. Байқағанымыздай, жатақхана тұрғындарының көбі электр желілерінде ақау болса, маман көмегіне жүгінбей, өздері жөндейді. Соның салдарынанарты өкініштіжағдайларға тап болып жатады. Рейд кезінде тұрғындарға қандай жағдайда да маман кеңесіне жүгіну керектігін түсіндіріп айттық, — деді ол.

Бөлім бастығы тексеріс кезінде студенттік жатақханалардан да көптеген заңбұзушылық анықталғанын айтты.  Кейбірінде эвакуациялық жолдың еденіне линолеум жабылса, енді бірінің едені майлы бояумен боялыпты.

Ережеге сәйкес дәліздің еденіне линолеум жайылса, оның отқа төзімділігі жоғары болуы керек және ол арнайы сертификатпен расталуы қажет. Көбінде бұл ереже сақталмаған. Сондай-ақ автоматты өрт дабылы, ескерту және эвакуацияны басқару жүйелері жоқ. Кей жатақхаларда тіпті өрт сөндіретін алғашқы құралдар да жоқ. Ал кейбірінде мұндай құралдар бар болғанымен, дұрыс жұмыс істемейтін болып шықты, — деді Аслан Арзымбетов.

«Ақтөбенің» анықтамасы

Биыл жыл басынан бері тіркелген өрт оқиғаларының 86-сы көліктерде болғанын айтқан төтенше жағдайлар департаментінің мамандары газ баллоны орнатылған көлік құралдарын жерасты автотұрағына қоюға болмайтынын ақтөбеліктердің есіне салды. Мамандар жабық паркингтерге, егер оның қабырғаларында жарылысқа төзімді арнайы бөгендер болмаса, газбен жүретін көліктер кіргізілмейді. Сондай-ақ көліктің жүксалғышында тез жанатын зат, май, газ баллондары болмауға тиіс.

Тәртіпке бағынбаған көлік иесіне бірінші кезекте ескерту беріледі. Егер бір жылдың ішінде қайталанса, айыппұл салынады.

Улы газды анықтайтын 200-ден астам дабыл құрылғысы орнатылған

Аслан Арзымбетов облыс орталығында әлі күнге дейін пеш жағып отырған үйлер барын айтты. Өрттің және улы газбен уланудың алдын алу мақсатында қалалық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері бау-бақша ұжымдарында рейд жүргізіп тұрады.

— Қала тұрғындарына жылыту маусымы кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша түсіндірме жұмыстарының бірінші кезеңі тамыз айынан басталып, қыркүйектің 15-іне дейін жалғасады. Ал қыркүйектің 15-інен жылыту маусымы аяқталған уақытқа дейін түсіндірме жұмыстарының екінші кезеңі жүреді. Осы уақыт аралығында біздің мамандар рейд өткізіп, тұрғын үй иелеріне улы газдың қауіпті екендігін ескертіп, улы және табиғи газбен улану оқиғаларының алдын алу шараларын түсіндіреді, — деген бөлім бастығы ақтөбеліктерді жылыту маусымында қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды.

— Ең бірінші түтін шығатын мұржаларды тазартып отыру керек. Сондай-ақ  пеш пен түтін мұржаларын қалағанда жарықтарды дер кезінде сылап, әктеп алған жөн. Тағы бір ескеретін нәрсе — пеш есігінің төменгі жағында еденде көлемі 50х70 сантиметрден кем емес темір төсеніш болуы қажет.Өрт қауіпсіздігі ережелерінің осы қарапайым талаптарын әрбір тұрғын сақтауға тиіс, — деген Аслан Арзымбетов биыл қала бойынша жеке тұрғын үйлерге улы газды анықтайтын 200-ден астам дабыл құрылғысы орнатылғанын айтты.

Маманның айтуынша, аталған құрылғылар адам өмірін сақтап қалуға үлкен мүмкіндік береді.

Бұл датчиктердің пайдасы — үйден улы газ иісі шыққан жағдайда дыбыстық сигнал береді. Сол себепті пеш жағып отырған отбасылар осындай құрылғыларды сатып алғаны жөн, — деді ол.

Біле жүріңіз

Өрт болған жағдайда дереу 101 немесе 102 телефон нөміріне қоңырау шалып, хабар беріңіз. Есіңізде болсын, эвакуациялау кезінде лифтті пайдалануға қатаң тыйым салынады.

Қауіпсіздікті сақта, бірақ ережеге бағын!

Көпқабатты үйлердің маңында көліктердің өтуіне кедергі келтіретін заңсыз қойылған қондырғыларды алып тастау мақсатында қала әкімінің тапсырмасына сәйкес арнайы комиссия құрылған болатын. Оның құрамында полиция, төтенше жағдайлар және қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің, тұрғын үй инспекциясының мамандары бар.

Сейсенбі күні кезекті рейд барысында олар Әбілқайыр хан даңғылындағы

№35А және №39 көпқабатты үйлердің ауласына барып, жолдың бойында жатқан көлік доңғалақтары мен кірпіштерді алып тастады.

Ақтөбе қаласы Астана ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Данарбек Иманғазин тұрғын үй маңына шлагбаум орнатудың да өзіндік ережелері барын айтады.

— Балалардың қауіпсіздігін ескерген тұрғындар көбіне көпқабатты үйлердің алдына блок қойып тастайды. Біреулер үлкен кірпіш, енді біреулері ағаш бөренелерді тастайды, кейбіреулері пульт арқылы жұмыс жасайтын шлагбаумдар орнатады. Бұның барлығы жедел жәрдем мен өрт сөндіруші көліктердің аулаға кіруіне кедергі келтіреді.Біз алдымен меншік иелері бірлестігі мен кондоминиум төрағаларына нұсқау беріп, жауапкершілікті ескертеміз. Бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл салынады.

Бекітілген ережеге сәйкес көпқабатты үйдің ауласына шлагбаум орнатудың екі әдісі бар: арнайы техникалық құралдарды қолданбай қолмен ашу және тәулік бойы кезекші жеке құрамы бар стационарлық постты ұйымдастыру, — деді Данарбек Иманғазин.

Қолдан жасалған блокты алып тастауға жүк көлігі келген кезде №39 үйдің Сәкен Сатыбалдиев деген тұрғыны шығып, бұл жолды тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жапқандарын айтып, қарсылық білдірді.

Бұрын бұл жерде қоршау болатын. Яғни жол тек жаяу жүргіншілерге арналған еді. Кейін қоршау бұзылып, шағын аумаққа асфальт төселді. Сөйтіп, көліктер жақын маңдағы балабақшаға жету үшін осы аула арқылы жүруді әдетке айналдырды. Әрі жылдамдықты шамадан тыс асырып кеп айдайды. Мына тас пен доңғалақтарды сол көліктерді өткізбес үшін қойдық. Карталарыңызға қараңыз, бұл көлік өтетін жол емес. Егер көлік жүретін жолды ашу керек болса, анау тұрған қоршауды алып тастаңыздар, — деп жолдың арғы бетіндегі үлкен темір қоршауларды көрсетті.

Тұрғынның бұл наразылығына қала әкімі аппаратының азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Бекзат Тұрғалиев кедергілерді жоюдан бас тарту жеке тұлғаларға ескерту және 10 айлық есептік көрсеткіш, ал қайталап бұзған жағдайда 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу қаупін тудыратынын ескертті.

Сіз көрсеткен аймақтарды суретке түсірдік. Көрейік, егер ол қоршау заңсыз орнатылған болса, оны алып тастаймыз, — деді әкімдік қызметкері.

Ұзақ пікірталастардан кейін бетон блоктар алынып тасталды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button