Басты жаңалықтар

Қала тыныштығы — өз қолымызда

Ақтөбе қаласында құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде биыл қылмыс саны өткен жылмен салыстырғанда 9,8 пайызға төмендеген. Осы тақырып төңірегінде Ақтөбе қалалық полиция басқармасының бастығы Әсет Қалиевпен әңгімелескен едік…

Интернеттегі алаяқтық азамай тұр…

Әсет Қалиевтің айтуынша, биыл 4536 қылмыстық дерек тіркелген. Оның ішінде онша ауыр емес қылмыс саны 723-ке жетсе, орта ауырлықтағы қылмыс саны — 1979 болған. Соның ішінде қарақшылық — 8, тонау — 114, алаяқтық — 1390, интернет-алаяқтық — 782, қоғамдық орындарда жасалған қылмыс — 1378, тұрмыстық қылмыс — 14, мас күйінде жасалған 248 қылмыстық дерек тіркелген.

Осы жылдың 30 қарашасына дейінгі дерек бойынша 102 жедел желісіне 206890 қоңырау келіп түсті. Күн сайын жедел желіге 250-ден астам хабарлама келеді. Қалада 170-ке жуық полиция жасағы қоғамдық тәртіпті жіті қадағалайды. Қылмыстың басым көпшілігі адамдар көп оқшауланатын жерлерде тіркелетіндіктен, аталған қылмыстарға талдау  жасау үшін рейдтік іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында қала бойынша жедел басқару орталығына тиесілі 208 бейнебақылау камерасы жұмыс жасап тұр. Оның 88-і көше қиылыстарында, қоғамдық орындарда — 21, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының әкімшілік ғимараттарының жанында — 27, теміржол вокзалында — 27, автовокзал мен әуежайда — 3, білім беру мекемелерінде — 16, қару-жарақ қоймаларында — 3, денсаулық сақтау мекемесінде — 1, ғибадат орындарында — 7, үй аулаларында 42 бейнебақылау камерасы орнатылды. Олардың арқасында жол ережелерін бұзушыларды ғана емес, сонымен қатар автомобильдердегі жалған нөмірді де байқауға болады. Жыл соңына дейін 3000-ға жуық бейнебақылау құрылғысы орнатылады. Жыл басынан бері бейнебақылау камераларының көмегімен 94 қылмыс пен 13 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталды, — дейді ол.

Қазіргі таңда алаяқтықтың көптігі ерекше алаңдаушылық тудырып отыр. Заманауи технологиялар дамыған сайын интернет-алаяқтыққа тұсау болмай тұр. Қазақстанда интернет-алаяқтық 2020 жылдан бастап көбейген. Жыл басынан тіркелген алаяқтық дерегінің 782-сі интернет-алаяқтыққа қатысты.

Полиция басқармасының дерегі бойынша алаяқтықтың жиі кездесетін түрі —интернетке жалған хабарландыру орналастыру. Әккі хакерлер аккаунт ашып, сайт жасап алады. Және әлеуметтік желілердегі парақшаларын жиі өзгертіп отырады. Ең жиі кездесетін интернет-алаяқтықтың түрлері — интернет арқылы сауда жасау және өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерін иемдену, сонымен қатар бөтен адамның атынан онлайн-несие рәсімдеу.

Заманауи технологиялар дамыған сайын интернет-алаяқтық та көбейіп отыр. Интернет алаяқтық бойынша қылмыстың 16 пайызы анықталып, әккілер жазаланды. Интернет хакерлері кез келген жерде отырып, адамдарды онлайн түрде еш қиналмастан үптеп кете алады. Қазір алаяқтардың телефон арқылы өзін құқық қорғау саласының немесе банк қызметкері ретінде таныстыруы жиі кездеседі. Алаяқтар әртүрлі нөмірлерден қоңырау шалады. Олар байланыс нөмірлерін жиі ауыстырып отырады. Кей жағдайда студенттер, жағдайы жоқ жандар резервтік шотын хакерлерге сатады. Алаяқтардың тілімен айтқанда, банк карталарын, есепшотын сататындарды «дропер» дейді. Кейде телефонымызға беймәлім абоненттен: «Сіз ұтыста жеңімпаз атандыңыз, айфон 13-ті алу үшін мына сілтемеден өтіп, деректерді толтырыңыз», —  деген сияқты жалған хабарландырулар келеді. Осындай хабарландыруларға сеніп, банк шотының деректемелерін айтып, сан соғып қалған жандардың қатары көбеймесе азаяр емес. Осы тұста тұрғындарды күмәнді ақша аударымынан сақ болуға шақырамыз, — дейді басқарма бастығы.

Ақтөбе қалалық полиция басқармасының бастығы Әсет Қалиевтің айтуынша, танымал адамдардың атынан инвестиция жасауға шақыратын хабарландырулар да көбейген. Халық банкінің атынан хабарласып, инвестиция ашуға несие рәсімдеген де жағдайлар кездескен.

Онлайн алданған жәбірленуші нені ескеруі керек:

Интернет арқылы бопсалаушылардың талаптарын орындамаған жөн. Егер сіз интернет-алаяқтардың құрбаны болсаңыз, ізін суытпай 102 телефонына хабарласыңыз.

— Жеке деректерді, жеке куәлік деректерін, банк карталарының деректерін және тағы басқа мәліметтерді қамтитын құжаттарыңыздың көшірмелері мен банк картасының суретін ешкімге жібермеңіз.

— Күдікті интернет-ресурстар немесе ақшалай пайдаға үміттендіретін сілтемелер жіберген жағдайда KZ-CERT қызметіне немесе Telegram мессенджеріндегі  «ҚР ақпараттық қауіпсіздігі» тобына жеке хабарлама жіберу арқылы  хабарласыңыз.

Полиция басқармасының дерегі бойынша алаяқтық пен қылмыстық құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында қала тұрғындары үшін WhatsApp желісінде 300-ден астам чат ашылған. Бұл чаттарды құру азаматтармен жедел ақпарат алмасуға, қылмыстық және әртүрлі әкімшілік құқықбұзушылықтардың жолын кесуге, жалған ақпараттың таралмауына көмегін тигізіп отыр.

Ішкі істер қызметкерлерінің айтуынша, қазіргі хакерлер әлеуметтік желінің мүмкіндігін пайдаланып отыр. Алаяқтар кез келген адамның әлеуметтік желідегі парақшасынан суретті алып, WhatsApp арқылы оның таныстарынан ақша сұрауы әбден мүмкін. Сондықтан ең бірінші таныстарыңызға қоңырау шалып ақпараттың растығын сұрап алған жөн.

Тағы бір ескере кететін жайт — адамдар құпия ақпараттарды, әсіресе банк шоттарын әлеуметтік желілерге жарияламауы қажет.

Алданғандардың дені ішкі істер қызметкерлеріне арыз түсірмейді екен. Сол себепті қулығына құрық бойламайтын тәжірибелі ұрылардың  қатысуымен болған оқиғалар тіркелмей қалады.

Полиция басқармасы банк қызметкерлерімен жиі кездесулер өткізіп тұрады.  Азаматтардың көпшілігі шағын-кредиттік ұйымдар арқылы қалай несие рәсімдегенін білмей де қалып жатады. Әсіресе тауарды нарықтағы бағасынан әлдеқайда төмен сататын жарнамаларға сенбеулеріңізді сұраймыз. Instagram әлеуметтік желісі, Колеса KZ, OLX сайттарындағы тауарлардың арзан бағамен сатылатынын баяндайтын ақпарат көрсеңіз, тауарды қолыңызға алмайынша ақша аудармаңыз. Көп адамдар осы интернет-алаяқтықтың құрбаны болып отыр, — дейді ол.

Басқарма басшысының айтуынша, қылмыстың тағы бір түрі — қалта ұрлығы. Биыл 20-дан астам қалта ұрлығы дерегі тіркелген. Қалта ұрлығы көбіне қоғамдық көліктерде жиі кездеседі. Осы орайда адамдар көп шоғырланатын жерлерде ұрылардан сақтану жолдары туралы ақпараттық үгіт парақшалары  таратылып, қоғамдық көліктерге қалта ұрыларының суреттері ілініп жатыр.

Кез келген адам қоғамдық көлікте заттарына мұқият қарауы керек. Алаңғасарлық танытсаң, ұялы телефоныңнан да айырылып қаласың.

Қала тұрғындарының адам көп жиналатын жерлерде заттарына мұқият болуын ескертеміз. Егер затыңыз ұрланса, дереу 102-ге қоңырау шалып, полиция қызметкерлерін күтіңіз.

Арнайы штат қызметкерлері тәулігіне үш рет қауіпсіздікті қадағалайды. Таңертең 7.00-9.00, 12.00-14.00, 17.00-20.00-ге дейінгі аралықта көліктегі қалта ұрлығының алдын алу үшін рейдтік іс-шаралар жүргіземіз, — дейді Әсет Қалиев.

Қадағалау және түсіндіру

Құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында учаскелік полиция инспекторлары өзіне берілген учаскелердегі тұрғын үйлерді аралап, қадағалау жұмыстарын жүргізеді. Әсіресе кей адамдардың отбасылық кикілжіңдерді жасырып, көршілеріне жайсыздық тудырған жайттар анықталып жатыр. Ішімдікке сылқия тойып алған адамдардың қатысумен болатын деректерді болдырмау үшін учаскелік полиция қызметкерлері ерекше бақылаудағы отбасылардың үйін ай сайын тексеріп тұрады.

Қалада 187 учаскелік полиция қызметкері әрқайсысы өзіне берілген аймақтағы қауіпсіздікке жауапты. Қазіргі таңда аумақ бойынша WhatsApp чаттар құрылып, оған тұрғындар енгізілген. Учаскелік полиция инспекторлары қылмыстарды болдырмау мақсатында аумақ бойынша тұрғындармен кездесулер өткізіп тұрады.

Қала бойынша 25 учаскелік полиция бекеті бар. Сонымен қатар қылмыс жиі болатын аумақтарда 7 жылжымалы стационарлық пост жұмыс жасайды.

Биыл кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс саны 73-ке жеткен. Түнгі рейдтік жедел-профилактикалық іс-шаралар нәтижесінде 2472 дерек анықталған. Оның 108-і ата-ана қарауынсыз қалған жасөспірімдердің қатысуымен тіркеліп отыр.  Мәселен, түнгі уақытта ойын-сауық орындарында кәмелетке толмағандарды тыйым салынған жерлерге кіргізіп, алкогольдік ішімдіктерді сатқаны үшін 97 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полиция басқармасының айтуынша, құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары жүйелі түрде жүргізілуі керек. Әсіресе жасөспірімдерге байланысты бұзушылықтарды анықтауда ата-аналармен бірлесе жұмыс жасау өте маңызды.

Биыл кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияның шешімімен 17 адам ата-аналық құқығынан айырылса, 135 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ата-ана жауапкершілігі — бала қауіпсіздігінің, оның құқықтық тәртіпті сақтауының негізі. Ата-аналардың жауапкершілігін арттыру керек. Біз жасөспірімдер арасында қатыгездік пен күш көрсету оқиғаларын тоқтатуға міндеттіміз. Қоғамдық тәртіпті сақтау, құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажет. Соңғы жылдары аталған мәселенің алдын алу мақсатында облыс орталығында арнайы рейдтер, тексеру шаралары жиі ұйымдастырылып келеді. Биыл 50-ден астам профилактикалық іс-шара ұйымдастырылып, жергілікті полиция басқармасының әлеуметтік желідегі парақшасында ақпараттық түсіндірме материалдары жарияланды, — дейді ол.

Құқық қорғау органдары мамандарының айтуынша, қылмыстың алдын алу, жасөспірімдердің теріс жолға түспеуі, ең алдымен, ата-ананың, одан кейін білім беру мекемелерінің, құқық қорғау органдарының бірлескен іс-қимылына тікелей байланысты.

SOS дабыл түймелері орнатылып жатыр

Ақтөбенің бірқатар бөлігінде қауіпсіздіктің алдын алу мақсатында SOS дабыл түймелері орнатылып жатыр. Полиция қызметіне заманауи цифрлық технологияларды енгізу қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді неғұрлым тиімді және сапалы атқаруға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында «Полиция  — қадамдық қолжетімділікте» тұжырымдамасы шеңберінде цифрлық инновацияларды енгізу және дамыту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіліп келеді. Ақтөбеде адамдар көп жиналатын 10 жерге полицияны шұғыл шақыру үшін арнайы SOS дабыл түймелері орнатылды.

Бұл орындар криминогендік жағдайды ескере отырып анықталған. Алдағы уақытта SOS дабыл түймелері халықтың пікірін ескере отырып, бірқатар аумақтарда орнатылатын болады.

Құқықбұзушылық немесе төтенше жағдай туындаған жағдайда азаматтар осы құрылғының  батырмасын басу арқылы Жедел басқару орталығының полиция қызметкерімен дереу байланысқа шыға алады.

Оқиға бейнекамераларға жазылып, орнатылған динамиктер полиция қызметкерімен байланыста болуға мүмкіндік береді. Барлық деректер жүйе арқылы автоматты түрде бекітіледі. Мұндай жаңалық азаматтардың өтініштеріне жедел ден қоюға мүмкіндік береді.

SOS дабыл түймелері Орталық стадион алаңы, Назарбаев Зияткерлік мектебі, «Керуен Сити» сауда орталығына, «Пушка» ескерткіші маңына және ірі сауда желілері мен үлкен көшелердің қиылыстарына орнатылған.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button