Жаңалықтар

Оқырман

  • Еңбек адамы

ӨНДІРІС АРДАГЕРІНІҢ ӘҢГІМЕСІ

Қарты бар елдің қазынасы бар. Ал өндірістің өткені мен бүгінін бағамдап, ақыл-кеңестерін айтар Ардагерлер кеңесінің болуы — алдыңғы қатарлы кәсіпорын үшін зор бақыт. Хромтаудағы Дөң тау-кен байыту комбинаты «Дөң» кенішінің механигі болған Қуаныш Шариповтің әңгімесі бүгінгі буынға үлгі болары хақ.

«Кәсіпорындағы еңбек жылдарымды сағынамын. Аялдамадан автобусқа отырып, кенішке баратын жолда әріптестеріммен әңгімелесіп бара жатқан сәттерді қайталағым келеді», —  деп бастады сөзін қария.

Қуаныш ақсақал бүгінде 73 жаста. Жақында зайыбы Биядамен алтын тойларын атап өтіп, бала-келін, немерелерінің ортасында шаттанып жүр. Елу жыл отасқан жұп өткен аптада ғана Ташкенттен келген. Комбинатта еңбек еткен барлық жылында Меркі, Сарыағаш, Алматы шипажайларына демалысқа барып үйренген қарияға жолдама бұл жолы балаларының атынан келіпті.

Өндіріс ардагері еңбек жолын 1996 жылы «Молодежная» шахтасының электр слесарі болып бастаған. Екі жылдан соң «Дөң» кенішіне механик болып ауысып, ашық әдіспен кен өндіру жолдарына шығатын бульдозер көліктеріне техникалық қызмет көрсету және жөндеумен айналысады. 7-9 текше шөміші бар бульдозерлер мен жүк тиегіш көліктерінің істен шыққаны болса жөндеп, тексерістен өткізу  Қуаныш Шариповтың негізгі міндеті болатын.

Біздің уақытта карьерлердің гүрілдеп тұрған кезі. Мен жол-үйінді техникаларының тау-кен учаскесінде қызметте болдым. Біздің ұжымда 100 шақты адам еңбек етті. Сол жүз адамның барлығы бір үйдің баласындай едік. Ауысымға асығып келіп, бір-бірімізді қолдай жүріп жұмысты шетінен бітіріп отырамыз. Сыйластық пен ауызбіршіліктің барында қызмет оңынан жүреді дейтінім сол, — дейді Қуаныш Муфтуллаұлы.

Ардагер көптің қарапайым деп санайтын механик, слесарь, дәнекерлеуші сынды кәсіптер талай жыл өтсе де, маңызын жоғалтпайтын мамандық екенін айтады.

Қариямен әңгімелесе келе, оның бала күнгі арманы дәрігер болу екендігін білдік. Алайда адам өміріне жауапты болмағанымен, ауыр техникалардың сақадай-сай болуын қамтамасыз етіп келген Қуаныш Муфтуллаұлы бұл таңдауына еш өкінген емес.

Мен кәсіпорында небәрі 17 жылдай еңбек еттім. Оған дейін ауылшаруашылық саласында қызметте болдым. Ауыз толтырып айтар 40 жылымды арнамасам да, осы өндірістегі өткен әр жылымды өмірімнің ең қызықты шақтары деп білемін. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран, ақшаның жоқ кезі, дағдарыс  бізді шыңдады. Бұл сынақтардан сүрінбей өттік. Ол кезде жалақымызды кассадан алатын едік. Біздің дәуреніміз солай өтті. Ал қазір ше?! Қазір бәрі басқаша. Елдің болашағы, жастардың келешегі зор. Тек ерінбей еңбек ете білу керек. Бұрын маман да, мамандық та санаулы еді. Қазір комбинатта түрлі қызмет бар. Тек ынта-жігер болса жеткілікті,—  дейді ол.

Қария бүгінде Дөң тау-кен байыту комбинатына келіп жатқан техникалардан да хабардар екен. Көлік жүргізушілеріне барлық жағдай жасалған, заманға сай технологиялармен жабдықталған көліктердің қатарға қосылып жатқанына мән беріп, салыстыратынын да айтты.

Қуаныш Шарипов комбинатты әлі күнге дейін мақтан тұтады. Өндіріс процестерінен бөлек, әлеуметтік пакеттері мен зейнет адамдарын назардан тыс қалдырмайтын ұжымның барына алғыстан басқа айтары жоқ.

Ақтөбе облысында 12 аудан болса, соның ішінде өзіміздің Хромтау өндіріспен ерекшеленіп тұр. Аудан халқы жұмыспен қамтылып, жақсы жетістіктерге жетіп жатыр. Сырттан қарап отырып, қуанамын. Ардагерлер кеңесіне жиі барып тұрамын. Ол жақта компанияның газетін үзбей оқимын. Жақсылық, өсу, даму көріп келемін. Сондықтан жастарымыз осы бақты қадірлей білсе екен деймін, — деп қуанады кейіпкеріміз.

Ардагердің өзі зейнетте болса да, зейіні — Дөң тау-кен байыту комбинатында. Зайыбы Биядамен бес баланың қызығын көріп, немерелеріне қарайласып, арасында Ардагерлер кеңесіне барып бильярд ойнауға да уақыт тауып жүр.

Арайлым ҒАНИ,

Хромтау ауданы.

  • Жанайқай

САПАЛЫ ЕМДІ ҚАЙДАН ТАБАМЫЗ?

Жасым 65-те. Оқушы кезімнен тамағымда без бар. Асқазан, буын аурулары және бар. Оған қоса төрт жылдан бері омыртқа жарығы пайда болды. Үй салғанда ауыр көтергеннен болар деп ойлаймын. Осындай ауруларды емдеу үшін дәрігердің алдына жиі барамыз. Омыртқа жарығын емдеу үшін Ақтөбенің ғана емес, Алматы, Астана қалаларындағы талай емхананың табалдырығын тоздырдым. Бірақ ем қонбады.

Ақтөбелік дәрігерлерге барсам, толтырып дәрі жазып береді. Және сол дәріні өздері арнайы көрсеткен дәріханадан барып алуың керек екен. Дәрігерлер солай өтінеді. Сонда олар тек дәрілерді өткізу үшін отырған сияқты көрінеді.

Мен Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласында тұрамын. Менің осында тұратын таныстарымның көбі Өзбекстанға барып емделіп келеді. Неге сонда өз елімізде тұрып, сапалы емді басқа мемлекетке барып алуымыз керек? Соны түсінбейміз.

Б.ТІЛЕПБЕРГЕН,

Қандыағаш қаласы,

Мұғалжар ауданы.

  • Жеңіс

БАПКЕРІНІҢ АРМАНЫН ОРЫНДАҒАН ШӘКІРТ

«Менің балаларым міндетті түрде әлем чемпионы болады!» Бұл мезгілсіз дүниеден өткен спортшы Дәулет Хайролланың арманы болатын. Дәулет Хайролла киокушинкай каратэден Азия кубогы мен Қазақстан кубогының үш дүркін иегері, қоңыр белбеу иегері болған. 18 жасқа толғанша осындай жетістіктерге жетіп, тіпті өзінің спорт орталығын ашып, балаларға бапкер болып үлгерген жас жігіт 2021 жылы қапыда қаза болған еді. Сол Дәулеттің арманы орындалды. Ақжолтай жаңалықты Дәулеттің туыстарынан естідік. «Менің бауырымның шәкірттері әлем чемпионатында жеңімпаз болды. Ол осыны армандаған еді», — дейді спортшының әпкесі Жадыра Хайролла.

Қараша айының ортасында Алматыда өткен киокушинкай-кан каратэден әлем чемпионатында Ақтөбедегі №14 мектептің 7-сынып оқушысы Сәлима Бақытжанова күміс жүлде алса, №33 мектептің 8-сынып оқушысы Данияр Шаяхметов қола жүлдеге ие болып келді.

Дәулет ағайымыз қайтыс болғанда қатты қиналып, күйзелдік. Бірақ мен сынбадым, бәрібір ағайымның арманын орындаймын деп алдыма мақсат қойдым. Міне, әлем чемпионатының күмісін мойныма тақтым. Маған сенген бапкеріме мың алғыс, — дейді қайсар қыз Сәлима.

Сәлимакиокушинкай-кан каратэ спортына 2020 жылдан бері қатысып келеді. Оның айтуынша, бұл спорт адамды шыдамдылыққа, ұқыптылыққа, тәртіпке үйретеді.

— Спортта ең керегі — тәртіп, табандылық. Спорттың берері көп: денсаулығың мықты болады, мінезің өзгереді, өзіңді өзің қорғай алатын боласың. Ал бұл қыз бала үшін өте маңызды. Бұл спортта бапкерлерді синсей, симпай деп атайды. Мен бапкерлерім — синсей Әлішер Құлынтайға, симпай Дәулет Хайроллаға, Арыстан Мұқанға, Жасұлан Ақтайға алғысым шексіз. Әлішер ағай да үнемі «Дәулет ағаларыңның арманын орындайтын сендер боласыңдар» деп бізге жігер береді.

Сонымен бірге осы жарысқа бара жатқанда қолдау көрсеткен №14 мектептіңбасшылығына, сынып жетекшіме де ризашылығымды білдіремін, — дейді Сәлима Бақытжанова.

Сәлиманың басқа да бауырлары спорт десе, ішер асын жерге қояды екен. Бес бауыры бар. Өзінен бірер жас үлкен апасы Малика, інілері Төрежан мен Әбдірахман да спортпен айналысады екен.

Әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болған Данияр Шаяхметов те кезінде Дәулет Хайролла ашқан «Дәулет» спорт орталығында жаттығады.

— Ең бірінші бұл спортқа 2019 жылы келдім. Алғашқы бапкерім Жалғасбек Шингалин болды. Ең бірінші күнгі жаттығу қатты ұнағандықтан, бірден осы спортпен айналысамын деп шештім. 2022 жылы Ақтөбе құрамасына кірдім. Бапкерім Әлішер Қонтайға алғысымды білдіргім келеді. Алда да талай белестерді бағындыруды мақсат етіп қойдым, — дейді ол.

Дәулет Хайролла кезінде өз спорт орталығын «Жауынгер» деп атаумен ашқан. Кейін дүниеден өткен соң оның ұстаздары мен бапкер достары ақылдаса келе орталық атауын «Дәулет» деп ауыстырған. Бүгінде бұл орталықта мыңдаған бала спортпен айналысады. «Жақсының өзі өлсе де, ісі өлмейді» деген осы.

Қайсар ҚҰДАЙБЕРГЕН,

Ақтөбе қаласы.

  • Отбасы құндылығы

ҰЯДА НЕ КӨРСЕҢ…

Отбасы— адам баласының түп қазығы, алтын ұясы, өшпес алауы, мейірім мекені, береке, ырыс-несібенің ұйытқысы. Отбасының алтын діңгегі — бала!

Баланың саналы, тәрбиелі, білімді болып қалыптасуы ең бірінші оның ата-анасына байланысты. Бала әкеден ақыл мен жауапкершілікті алса, анасынан мейірімді бойына сіңіреді.

«Баланы аясаң, аяма» деген сөз бар, отбасында балаларды еңбекке баулу керек, бос жүрген бала бір нәрселерге ұрынары анық. Баланы жұмсап, бос уақытын тиімді пайдалануға үйрету керек.

Қазіргі қоғамда қатыгездік белең алып бара жатыр, отбасындағы зорлық-зомбылық көбейіп кетті. Оның бәрі, әрине, отбасының берекесіздігінен, ата-ананың жауапкершілігінің жоқтығынан болуда… Әлеуметтік желіні ашсақта, күнделікті өмірде де, қатыгездікті көріп, естіп, жанымыз түршігеді.

Бала тәрбиесіне қай кезде де жауапты қарауымыз керек, отбасы құндылығын арттыруымыз қажет. «Мерейлі отбасы» сынды жобаларды жиірек ұйымдастырған жөн.

«Отбасының берекесі — әйелде» деп бекер айтылмаса керек.Қазіргі таңда отбасы құндылықтарын дәріптейтін Аналар кеңесі құрылып, жұмыс жасап жатыр. Соның ішінде аудандық аналар кеңесінің жұмысын да атап айтуға болады. Бұл кеңестің мақсаты — отбасы құндылықтарын насихаттау, ұрпақтар сабақтастығы мен ұлттық салт-дәстүрлерді сақтауға үлес қосу. Аудандық Аналар кеңесінің төрағасы Маржан Бекетова көптеген іс-шаралардың ұйытқысы болып келеді. Ауылдағы Аналар кеңесінің басшысы ретінде ауылым Бершүгірде де қолымыздан келгенше көптеген игі істер атқарып жатырмыз. Ауылдағы ақсақалдар алқасы, әкелер клубымен бірлесе отырып жас ұрпақты тәрбиелеп, бағыт-бағдар беруде аянбай еңбек етіп келеміз. Соның нәтижесі болар, ауыл жастары аға буын өкілдерімен бірігіп ауылды көркейту жолында біраз ауқымды іс-шаралар атқарды.

 Г.ЗАРИПОВА,

Бершүгір ауылдық аналар кеңесінің төрағасы,

Шалқарауданы.

 

  • Сағыныш

МЕНІҢ ӘКЕМ — ЕҢ ЖАҚСЫ АДАМ…

Менің әкем Қасқырбай Уайсбаев орташа  бойлы, кең иықты кісі болатын. Табиғатынан ақ көңіл мінезді еді. Әкем  1934 жылы 9 қыркүйекте Тасөткел елді мекенінде дүниеге келген. Атам ерте қайтыс болып, тұрмыстың жақсы-жаманын басынан кешірген әжем төрт баласымен Қарабұтаққа көшіп келген. Сол уақыттан бері әкем Қарабұтақта тұрды.

1952-1954 жылдар аралығында кеңес әскері қатарында борышын өтеп, еңбек жолын Т.Шевченко  атындағы совхозда жүргізуші болып жалғастырған. Күз мезгілінде егін орағы науқанында әкем комбайн айдап, егін орған, ал қарындасы 9-сынып оқушысы Несібелі Уайсбаева «ГАЗ-51» автокөлігімен орған егіннің бидайын қырманға тасыған. Белгілі ақын Мұхтар Құрманалин оқушы апамызға арнап өлең жазған. Әкем сол кездегі совхоз директорлары  Кеңес Қалжанов, Әліби Қойлыбаев ағайлардың жүргізушісі болды. 1974 жылы Қарабұтақ аудандық партия комитетінің  бірінші хатшысы Төлеу Алдияровпен, одан кейін Кемейдолла Төлебаев, Иманғали Есболатов сияқты азаматтармен  жұмыстас болған.

1994 жылы Қарабұтақ ауданы  Комсомол ауданына қосылып, Әйтеке би ауданы болып қайта құрылды. Әкем соңғы хатшы И.Есбулатовпен бірге жұмыс істегеннен кейін зейнеткерлікке шықты. Бауырларына қамқор аға болды. Ол тек бір отбасының ғана емес, ауылдыңқамқоршысы, ел ағасы болды.

Әкем қазақ жазушыларының шығармаларын, әсіресе Екінші дүниежүзілік соғысы туралы жазылған кітаптарды көп оқитын және жергілікті мерзімді басылымдарды үзбей тұрақты оқитын.  Жұмыстан қолы босай қалса, жастана кітап оқитын. Әжеме батырлар жырын, әңгіме-хиссаларды дауыстап оқып отыратын.

Бес баласы жоғары білім алып, еңбек етіп келеді. Немерелері де жоғары білім алып, еңбек етуде. Бұның бәрін әкем көре алмады, көрсе бізді мақтан тұтар еді.

Әкемнің тірі кезінде үйден қонақ үзілмейтін. Кісі келсе, күн-түн демей шешеме ет астыратын. Түн қатып қазан көтеретін шешемнің қалғып отырып шай құятын кездері әлі есімде. Қысылып келген кісіге қорасындағы малын жетектетіп жіберетінін талай көрдік. Адамгершіліктің туын ұстап, жанындағы жанға жақсылық сыйлауды әдетіне айналдырған. Өзі  жүргізуші болғасын, ұзақ жолда көп жүретін. Жол үстінде талай қиыншылықтар болады. Сосын да шығар, жолда  көліктері бұзылып қалған жолаушыларды үйге әкеліп, тамақтандырып, көліктерін жөндеуге көмектесетін. Әкемді әрдайым ыстық сағынышпен еске аламын…

Бақытгүл УАЙСБАЕВА,

Әйтеке би ауданы.

  • Үлгі

БІЗДІҢ СҮЙІКТІ ДӘРІГЕР

Некрасов көшесінде екі қатарлы тіс емханасы ашылыпты. Маңдайшасына «Ботабек» тіс емханасы деп жазылған.

Осы емханаға бардым, іші лық толы адамдар. Балдаққа сүйенген, арбаға таңылған мүгедектерде, зейнет жасындағы қарияларда,мұқтаж жандар көп екен.   Келгендердің бірі ауырған тісін емдетуге келген болса, екіншісі сынған тістің орнына жаңа тіс салдыруға келген. Қай-қайсысымен сөйлессең де, осы емхананың жоғарғы санаттағы дәрігер-стамотологы БотабекӘбдіқадыровқа барғанды тәуір көретінін айтады. Себебі Ботабектің қолы арзан, қызметі сапалы дейді. Соданда шығар, бұл жерде Ботабекке кіру үшін 2-3 сағаттап кезек күтседе, қабақ шытқан ешкімді көрмейсіз. Келгендерге Ботабектің қабылдауында болса болды. Алыстан арнайы іздеп келетіндер де көп. Ең бастысы, бұл дәрігер жігіт науқас адамдардың көңілін таба біледі. Жалғыз басты аналарға, зейнеткерлерге, мүгедектерге, мұқтаж жандарға тегін көмектеседі.

Көпшілік жақсы көретін дәрігер жігіт Ырғыз ауданында туған, М.Оспанов атындағы медицина университетін бітірген.

Аманғос ӨТЕБАС,

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button