Бағдарлама және ұлттық мүдде
Тәрбие
Жаңа оқу жылында «Толық адам», «Еңбек адамы», «Адал адам» идеологияларын қамтитын және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы әзірленді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Шараға облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова қатысты.
Бағдарламаның негізі ретінде ұлттық мүдде, ар-ұят және талап құндылықтары іріктелген.
Нұргүл Лескенқызының айтуынша, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы Оқу-ағарту министрлігінің №294 бұйрығымен бекітіліп, білім беру ұйымдарында түгелдей енгізілді. Бағдарлама енгізілместен бұрын бірнеше кезеңнен тұратын жүйелі жұмыстар атқарылыпты.
— Нақтырақ айтқанда, алдымен түсіндіру жұмыстары қолға алынды. 14-15 тамызда Астана қаласында өткен семинарға әр өңірден келген 70-ке жуық педагог арнайы курстан өтті. Курстан тәлім алған педагогтер 21-25 тамыздаАлға, Мұғалжар, Темір, Байғанин, Мәртөк, Хромтау аудандарында түсіндіру жұмыстарын өткізді. Оған әдіскерлер, директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары, әлеуметтік педагогтер, тәлімгерлер және сынып жетекшілері қатысты. Семинарда тәрбие процесін ұйымдастыру ерекшеліктері мен негізгі бағыттары бойынша мәселелер талқыланды. Құндылықтарға негізделген тәрбие бағдарламасының жүзеге асырылу жолдары қарастырылды. Бұл мақсаттағы шара 27-29 тамызда да ұйымдастырылды. Семинарға Ырғыз, Шалқар, Әйтеке би, Қарғалы аудандарының және Ақтөбе қаласындағы мектептердің педагогтері қатысты, — дейді Нұргүл Бертілеуова.
Оның айтуынша, қыркүйектен бастап осы уақытқа дейін тәрбиеге жетекшілік ететін әдіскерлер үшін онлайн және офлайн форматта бірқатар семинарлар өткізілген. Көшпелі семинарлар Шалқар, Мұғалжар, Әйтеке би аудандарында жүзеге асырылыпты.
«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында жүргізілген жұмыстардың нәтижелілігін анықтау мақсатында әр тоқсан сайын мониторинг ұйымдастыру жоспарланып отыр. Айта кету керек, бағдарламаны жүзеге асыру аясында өңірдің барлық мектептерінде «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары» құрылып, жұмысын бастады. Орталықтың басты мақсаты — балаларды оқыту мен тәрбиелеуде отбасы мен мектептің өзара байланысын нығайту.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.