Ақтөбелік спортшы АҚШ-та палуандар дайындап жүр
Еркін күрестен екі рет Олимпиада ойындарына қатысып, 2004-2008 жылдары Азия чемпионы және Әлем біріншілігінің қола жүлдегері атанған ақтөбелік Бауыржан Оразғалиев үлкен спорттан кеткен соң бапкерлік қызметке ауысты.
Бүгінде ол Пенсильвания штатының Филадельфия қаласында балуандар жаттықтырады.
Жуырда Нью-Йоркте 15 елдің әлемге әйгілі спортшылары жиналған дәстүрлі BiLL Farrel мемориалы өтіп, рейтингтік турнирде Бауыржан Оразғалиевтің екі шәкірті жеңіс тұғырына көтерілді. 60 келі салмақта Ернар Фидахметов жеңімпаз атанса, 77 келіге дейінгі салмақта Әбунасыр Өмірзақ қола жүлдені иеленді.
— Мұнда еркін күрестің дамығаны сонша, бір емес, бірнеше Олимпиада чемпионы шықты. Сондықтан мен өзімді осы елде сынап көргім келді. Бүгінде мектебімді ашып, әлемдік деңгейдегі MMA спорт залында аға жаттықтырушы болып жұмыс істеймін. Ойыншыларымыздың арасынан чемпиондар өсіруді жоспарлап отырмыз. Осы мақсатқа жету үшін әлемдік деңгейдегі спортшылармен бірге үзіліссіз еңбек етіп жатырмыз. Мәселен, мен АҚШ күрес федерациясының президенті, Олимпиаданың бірнеше дүркін жүлдегері, белгілі спортшы Брюс Роберт Баумгартнермен үнемі байланыстамын, – деді ол.
Өз тілшіміз.